Сұхбат • 25 Мамыр, 2023

Ақмырза ТҰРСЫНБАЕВ: Кең дүниені тарылтпайық

404 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қалалық аумақтарда кең жайылған нүктелік құрылыс қоғамдық кеңістіктерді қалқалап, тұрғындардың жайлы ортада өмір сүру мүмкіндіктерін шектеп келгені белгілі. Ойластырылмаған құрылыстың проблемалары мен оларды шешу жолдары туралы маман пікірін білу үшін Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Ақмырза ТҰРСЫНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Ақмырза ТҰРСЫНБАЕВ: Кең дүниені тарылтпайық

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

‒ Президент мегаполистерде ты­ғыз­далған, нүктелік құрылыс жүр­гізуге тыйым салып, бұл салада жа­уап­ты органдарға нақты тапсырма берді. Бірлескен іс-әрекеттің нәти­же­сінде жұрттың ығырын шығар­ған жо­сықсыз құрылыс тоқтатылып, жағ­дай бірыңғайлана бастады. Бірақ көп ғима­раттар бұған дейін де салынып біткен. Бұл жөнінде нендей пікір біл­дір­ер едіңіз?

‒ Нүктелік құрылыс қалалардың бұ­рын­нан бар салынған аудандарының ішінде игерілмеген учаскелерде салынады. Бұған бос жерлерде жаңа ғимараттар салу, қараусыз қалған учаскелерді немесе жаңа құрылыс нысандарын құру үшін қолданыстағы ғимараттарды бұзу кіруі мүмкін. Нүктелік құрылыс көбіне тарихи немесе мәдени маңызы бар ескі ғимараттарды бұзу мен ауыстыруға әке­леді. Сондықтан оған тыйым салу қаланың бірегейлігі мен мұрасын, тарихи және мәдени құндылықтарды сақтауға көмектеседі. Бұл ретте Астанада, Ал­ма­­тыда және басқа қалаларда нүкте­лік құрылысқа тыйым салынуы ‒ оң қадам. Инфрақұрылымдық даму тұр­ғы­сынан қазіргі заманғы қалалар дина­ми­калық қоғамдық кеңістіктердің дамуын ескере отырып жоспарлануы керек. Нүктелік құрылыс бұрыннан бар инфра­құрылымның шамадан тыс жүк­телуіне әкелуі мүмкін және тұрмыстың қолайлылығына теріс әсер етеді. Маңызды факторлардың бірі ‒ ірі қалалардағы, әсіресе Алматыдағы экологиялық жағ­дай. Дегенмен проблемалардың пайда болуының алғашқы белгілерін Астанадан да көріп отырмыз. Саябақтар мен жасыл кеңістіктер ‒ қалалық экожүйенің маңызды бөлігі. Ал нүктелік құрылыс жасыл аймақтардың жоғалуына және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі ықтимал.

Қалаларда құрылысқа тыйым салудың енгізілуі олардың өмір сүру сапасын елеулі түрде жақсартқан жағдайлар тарихтан белгілі. Мысалы, Германияда сәулет мұрасын сақтау үшін қалалардың тарихи бөліктерінде құрылысқа тыйым салудың мысалдары бар. Бұл шаһардың өзіндік келбеті мен бірегейлігін сақтауға, туристерді тартуға және жергілікті тұр­ғын­дар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ көптеген елде қалалардың дамуын мұқият жос­пар­лау және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мақсатында уақытша құ­ры­лыс мораторийлері енгізілді.

Дегенмен салынып болған тұрғын үй кешендеріне тыйым салуды қолдану кейбір қиындықтар тудыруы мүмкін. Өйткені бұл кешендердің иелері мен тұрғындары жобаларға өз қаражаттарын жұмсады, үміттене күтті. Сондықтан бұл жағдайды әділ де байыпты шешу үшін барабар шараларды әзірлеу маңызды. Құрылыс салушылар да қолданыстағы ережелер шеңберінде жоғары пайда табуға тырысатын кәсіпкерлер екенін ұмытпау керек. Кәсіпкерліктің мәні де сол, яғни табыс табудың мүмкіндіктерін мүлт жібермеу. Құрылысы аяқталған ке­шен­дер мәселесін шешу сәулет қоғам­дас­тығының қатысуымен ғимарат иелері, тұрғындар, қала билігі арасындағы диалог пен ынтымақтастыққа негізделуі маңызды. Тек осылай ғана барлық тарап­тың мүдделерін ескеретін және жалпы қаланың тұрақты дамуына ықпал ететін оңтайлы шешімдерді табуға болады. Шаралар туралы айтатын болсақ, бұл ретте салынып біткен кешендердің жалпы қалалық ортаға интеграциялануын қамтамасыз ету үшін қаланың даму жос­парларына өзгерістер енгізу, сондай-ақ ықтимал жағымсыз салдарды азайту үшін өтемақы мәселесін қарастыру сияқты әртүрлі нұсқа болуы мүмкін. Бұл қосымша қоғамдық кеңістіктер құру­ды, инфрақұрылымды жақсартуды, қол­да­ныстағы ғимараттарды жаңғыртуды қамти алады.

‒ Алматыдағы әл-Фараби даңғы­лын бойлай тізілген зәулім ғимарат­тар желдің табиғи айналымын бөгеп, өртке қарсы аралықты, жер сілкінісі кезінде азаматтар жиналатын орындарды басып алды. Неліктен Көктөбе бау­райында жеке үй иеліктерінің жо­сық­сыз құрылыс салуына, көшкін­ге қауіп төндіретін реттелмеген су бұ­руға жол берілді? Обсерватория, Ме­деу маңайындағы тау бөктерінде, рекреа­циялық аймақтарда салынған стихиялық құрылыс туралы не айтасыз?

‒ Құрылыс кезінде желдің табиғи соғу әсерін ескермеу, өртке қарсы ара­лық­тарды, сондай-ақ жер сілкінісі ке­зін­де азаматтарды жинау орындарын пай­далану, жалпы сейсмикалық қаупі жоғары аймақтың ерекшеліктеріне жауапсыз қарау ‒ ауыр бұзушылықтар. Сейсмикалық аудандарда құрылыстың қарапайым ережелерін сақтамау салдарынан 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жан түршігерлік трагедияға әкелген Түркиядағы қайғылы жағдай әркімнің де есінде болар.

Көктөбе беткейлері сияқты көркем аудан­дарда өздігінен құрылыс салу бел­гілі бір проблемалар мен тәуекелдерді туды­ратыны сөзсіз. Сумен жабдықтау жүйесі реттелмеген және көшкін қауіп төндіретін жосықсыз құрылысқа рұқсат беру ‒ қабылдауға келмейтін нәрсе. Бұл тұрғындар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Медеу сияқты таудың етегіндегі рекреациялық аймақтарда құрылыс салу мұқият бақылау мен бағалауды қажет етеді. Мұндай аймақтар туристерді тартуға, демалуға өте қолайлы. Бірақ бұл маңайда құрылыс салу экологиялық және геологиялық ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілуі керек. Бұл қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мен табиғи ресурстарды сақтау, келушілердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін қажет. Құ­рылыс жобаларын мұқият талдау және бағалау, сондай-ақ осы саладағы құрылысты реттейтін нормалар мен ережелерді қатаңдату өзекті.

‒ Әлемде, елімізде сейсмикалық бел­сенділіктің күшеюіне байланысты құ­рылыстардың жер сілкінісіне төзім­ді­лігін арттыру бойынша қандай­да бір қорытынды жасалды ма? Тұрғын үй кешендері құрылысының сапасына не кепілдік бере алады?

‒ Ең алдымен құрылыс үдерісін дұрыс бақылау және жобалау кезінде қабыл­данған барлық техникалық шешім­дер­­ді сақтау керек. Құрылыс жобаларына техникалық қадағалау мен инспек­ция­ны арнайы аккредитация алған жеке компаниялар жүзеге асырады. Олар­дың ескертпелері мен пікірлеріне назар аудару қажет. Сондай-ақ жүйелі бұзу­шы­лықтарды анықтау үшін олардың жұ­мысын талдау маңызды. Бұл ретте ғимараттарды тексерудің жаңа заманауи әдістерін енгізу қажет. Біз қатты жер сілкіністеріне жиі ұшырайтын Жапония сияқты елдердің тәжірибесін зерделеп, енгізе аламыз. Сондай-ақ қолданыстағы ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға және жаңа инновациялық шешім­дер жасауға бағытталған зерттеу­лер мен әзірлемелер жүргізудің мәні зор. Еуропалық стандарттарға көшу және ғи­ма­раттардың сейсмикалық тұрақ­ты­лы­ғын күшейту жүйелі де мақсат­ты түрде жүзеге асырылуы керек. Біздің аймақтың нақты геологиялық және сейс­­микалық жағдайларын еске­ре­тін сейс­микалық қауіпті аудандарда жоба­лау­дың қатаң нормалары мен ережелерін енгізу мен сақтау аса маңызды. Сондай-ақ инновациялық әдістер мен технологияларды әзірлеп, іске қосу үшін сейсмология, геотехника және құрылыс саласындағы мамандарды белсенді тарту қажет. Әлем­дік және отандық қоғамдастықтың сейс­ми­­калық қауіпсіздікке қатысты өсіп келе жатқан алаңдаушылығын ескере оты­рып, халықты жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытуға бағытталған кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізу қажет.

‒ Кеңестік құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ) және еуро­па­лық құрылыс сапасына қалай қа­райсыз?

‒ Кеңестік құрылыс нормаларының сенімділігі мен практикалық тиімділігіне күмән жоқ. Бұл нормаларға сәйкес са­лын­­ған көптеген ғимарат берік­тігін жылдар бойы дәлелдеді. Деген­мен біздің әлемдік экономикадағы интегра­ция­лан­ған жағдайымызды ескере отырып және нәтижелі ынтымақтастық үшін құ­ры­лыс индустриясындағы еуропалық стандарттарға көшу қажет.

‒ Азаматтар үлескер ретінде қаты­са­тын құрылыс салушылардың қыз­ме­тіне архитектуралық қадағалау мен бақылауды күшейту қажет пе?

‒ Архитектуралық қадағалау мен құ­рылыс салушылардың қыз­ме­тін ба­қы­лауды күшейту қажет­ті­лігін то­лы­ғымен қолдаймын. Бұл архи­тек­ту­ра­лық нормалар мен стандарт­тар­дың сақ­талуын ғана емес, сонымен қатар жобалардың қауіпсіздігін, сапасын және азаматтардың үміттері мен мүдделеріне сәйкестігін қамтамасыз ететін маңызды тетік. Сонымен бірге құрылыстың әр кезеңін жобалаудан бастап жұмыстың соңына дейін бақылауға мүмкіндік беріп, жобалық шешімдердің сәйкестігін, пай­да­ланылған материалдардың сапасын, құрылыс жұмыстарының орындалуын және объектілердің мәлімделген пара­метр­лері мен сипаттамаларының сақ­тал­уын тексеруді қамтиды. Бұл ық­ти­мал бұзушылықтардың, кемшілік­­тер­дің және бекітілген жоспарлардан ауытқудың алдын алуға көмектеседі.

‒ Қазіргі заманғы мегаполистерде аз қабатты үйлерді дамыту мәселесін зерт­теумен айналысып жүрген кәсіби маман ретінде халық тығыз қоныс­тан­ған қалалар проблемасын шешу жө­ніндегі ой-тұжырымыңызбен бөліс­сеңіз?

‒ Тығыз қоныстанған қалалар проблемасын шешу инновациялық қадамдарды талап етеді. Менің ойымша, бұл бағыттағы тиімді әдістердің бірі ‒ көпполюсті қала­лар­ды құру және агломерацияларды дамыту. Көпполюсті қалалардың идеясы ‒ қалалық аумақты әрқайсысы белгілі бір қызметке мамандандырылған әртүрлі шалғай аймақтарға бөлу. Мысалы, уни­­верситеттерді, жаңа бизнес орта­лық­­тарын, базарларды және қаладағы бас­қа да ірі трафик көздерін салу мен дамы­ту үшін аймақтар бөлінеді. Бұл бір орталықта халықтың шоғырлануын азайтуға және қаланы біркелкі етуге кө­мектеседі. Көп­­полюс­ті қалалар идея­­сын жүзеге асы­ру­дың көптеген артықшылығы бар. Бірін­ші­ден, бұл қалалық аумақ пен ресурстарды ұтымды пайдалануға ықпал етеді. Қаланың әртүр­лі аймақтарында негізгі нысандарды орналас­тыру күнделікті тапсырмаларды орындау үшін еңсеру қажет уақыт пен қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орын­дарын құруға және қаланың әртүрлі бөлік­терінде экономиканы дамы­ту­ға әсе­рін тигізеді.

Халқы тығыз орналасқан қалалардың проблемаларын шешудің маңызды аспек­тісі ‒ аз қабатты үйлердің құрылы­сын да­мыту. Бұл ретте жағдайды одан са­йын күрделендіре түсетін биік үй­лер­дің орнына төмен және орташа биіктіктегі ғимараттарға артықшылық беріледі. Бұл тәсіл қаланың үйлесімді әрі жайлы да­муы­на септігін тигізіп, жасыл ай­мақтарды, сая­бақтар мен қоғамдық кеңіс­тіктерді құ­руға мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар тұр­ғын­дар­дың әлеуметтік байланысы мен өзара әре­кеттестігін сақтауға оңтайлы орта қа­лып­тасады.

Көпполюсті қалалар тұжырым­да­ма­сын енгізу және аз қабатты құрылысты да­мы­ту қазірдің өзінде әлемнің түрлі қала­ларында өзінің тиімділігін көрсетуде. Мысалы, Қытайдың Шанхай қала­сын­­дағы әртүрлі аудандарда бір­неше іскерлік орталықтарды құруды көздейтін «Орталық бизнес-кластер» жобасы әзірленген. Бұл қаланың орталық бөлігіндегі жүктемені азайтуға және жұмыс орындарының біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге жол ашады. Сол секілді Нидерланд елінің Амстердам қаласында «Қала 20 минут ішінде» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Оның идеясы бойынша дүкендер, мектептер, саябақтар мен жұмыс орын­дарын қоса алғанда барлық негізгі қызметтер мен қо­лайлы жағдай тұрғын­дарға 20 минуттық серуендеу немесе велосипедпен жүру кезінде қолжетімді болуы керек. Яғни ұзақмерзімді коммуникацияның қажеттілігі азайып, ыңғайлы қалалық орта құрылады.

‒ Архитектуралық көзқарастарды за­манға сай жаңарту тұрғысынан ал­ған­да еліміздің осы саладағы жоға­ры оқу орындарының дамуын қалай ба­ға­лайсыз?

‒ Қалалық ортаны инновациялайтын және өзгертетін сәулетшілердің жаңа буынын қалыптастыру айрықша маңызды. Бұл тұрғыда заманауи архитектуралық көзқарастарға қол жеткізу үшін бірнеше маңызды аспектілерді қарастыруға болады. Біріншіден, сәулет саласында өзекті және сапалы білім беруді қамта­ма­сыз ету қажет. Жоғары оқу орындары индустрияның заманауи тенденция­лары мен талаптарын ескере отырып, өз бағдарламаларын жаңартуы керек. Студенттерге сейсмикалық қауіпті ай­мақ­тардағы дизайн, цифрлық технологиялар және урбанистік жоспарлау­мен қоса, архитектураның жаңа тұ­жырымдамалары мен тәсілдерін, соның ішінде тенденцияларды зерттеуге мүм­кін­дік беру маңызды. Екіншіден, сәулет саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту қажет. Жоғары оқу орындары студенттер мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдауы және ынталандыруы керек. Бұл сәулет өнеріндегі білім шекараларын кеңейтуге және жаңа идея­лар мен тұжырымдамаларды ен­гізуге көмектеседі. Сәулет өнерін құрылыс, энергия тиімділігі және әлеу­меттік-мәдени аспектілер бойынша зерттеу сәулет кеңістігінің көзқарасын жаңартуға септігін тигізеді. Үшіншіден, оқу орындары мен сәулетшілердің кәсіби қауымдастығы арасындағы байланысты нығайту қажет. Тағылымдамаларды, бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы студенттерге сәулет жұмысының практикалық жағын түсінуге және мамандардан құнды тәжірибе алуға мүмкіндік туғызған жөн. Мұндай өзара іс-қимыл білім алмасуға, кәсіби бейімделуге және сәулеттік дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді. Тіпті жоғары оқу орындарын дамыту мемлекет тарапынан қолдауды және білім беруге инвестицияларды талап етеді. Үкімет білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, заманауи инфрақұрылым құруға және оқу материалдарын жаңартуға қажетті қаражат бөлумен сәулеттік білім беруді дамытуға бағытталған стратегия­ны ұстануға тиіс. Сонымен қатар студенттерге арналған стипендиялар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын қолдау оларға халықаралық тәжірибе алуға және білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

Әңгімелескен

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»