Қазақстан • 25 Мамыр, 2023

АЭС-тің айналаға әсері қандай?

722 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде атом электр стансасын салу төңірегіндегі мәселе біраз уақыт­тан бері қоғамдық талқыға түсіп келеді. Бір жақ АЭС елдегі энер­гия тап­­шылығын азайтар еді деп жақтап жатса, келесі топ Чернобыль мен Фукусима­дағы апатты жағдай бізде де қайталануы мүмкін деген күдікпен наразылық танытуда.

АЭС-тің айналаға әсері қандай?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы халыққа арналған Жолдауында атом энер­гетикасының маңыз­ды­лығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігі туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясы елімізде атом энергетикасын дамыту, АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыру бойынша халық арасында ақпараттық-ағартушылық түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу нәтижесінде бүгінгі таңда ел ішінде атом энергетикасының маңыздылығы мен қажеттілігін қолдаушылар қатары ұлғайып келеді.

Бұл ретте АЭС құрылыс жобасына қа­тыс­ты қоғамды алаңдатып отырған қор­ша­ған орта мәселесіне байланыс­ты жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-ның ұйым­дас­тыруымен «АЭС-тің экологияға және адам денсаулығына әсері қандай?» тақы­ры­бында республикалық деңгейде дөңгелек үс­тел өтті.

Іс-шараға Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министр­лі­гінің өкілдері, Астана қаласы бойынша Эко­логия департаментінің мемлекеттік эко­логиялық бақылау басқармасының басшысы Жансая Ахметова, «Зеленый мост» ЖШС директоры Виталий Кузин, «Green Sustainability Institute and Partnerships» ЖШС директоры Руслан Муратов, «Қазақстан Аза­мат­тық альянсы­ның» президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстандық атом электр станцсалары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетек­ші инженері Құмар Әусенов және тағы басқа мамандар қаты­сып, атом энерге­тика­сының қоршаған ор­та­ға әсері, оның ар­тық­шылықтары мен АЭС құ­рылысының жобасы аясында талқы­лау өтті.

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнер­кәсіп департаменті ди­рек­торы­ның орынбасары Гүлмира Мұр­са­ло­ва: «Әзірше, болжаммен екі реакторы бар 1 АЭС-ті бір орынға орналастыруды ғана қа­рас­тырып отырмыз. Реактор көп болған са­йын құрылыстың жалпы құны да арзанырақ болады. Ал АЭС құрылысында бірінші блок барлық уақытта да екіншісіне қарағанда қымбатқа түседі. Өйткені екінші блоктың құрылысы кезінде тәжірибе де, жобалық-сметалық құжаттама да, дайын алаң да, қандай да бір инфрақұрылым да болады», деді.

Оның айтуынша, АЭС құны инфра­құ­рылымын кеңейту, жер сілкінісіне қауіп­сіз­дігін күшейту сынды көптеген факторға байланысты ауытқып тұрады.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Құмар Әусенов: «Атом электр стансасын жобалаумен айналысып жатқанымызға 5 жыл болды. Мұның бәрі электр энергиясының тапшылығына байланысты. Біз көптеген жобаны қарастырдық, өлшем шарттарын әзірлеп, бағалау жүргіздік. 2019 жылы 9 компанияға сұраныс жіберген едік. Олардың ішінде америкалық, ресейлік, корейлік және қытайлық 5 компания жауап берді. Бұл 4 елдің технологиясы шамамен бірдей, ұқсас әрі қауіпсіз», дейді. Сонымен қатар ол қазірдің өзінде тапшылық шырқау шегіне жетіп қалды. Бүгінде 1 гигаваттқа дейін энергия тапшылығы бар. АЭС қана базалық сенімді энергия бере алады. Әрине, жылу стансасы да бар. Бірақ олар көміртегін бөледі. Балқаш маңына АЭС салынғанда көл суының 3 па­йызы ғана буланады. Президент 2060 жылға қарай көміртексіз энергетикаға, яғни атом электр стансасы мен жаңартылатын энергия көздеріне көшуге тапсырма берген болатын.

Жаңаратын энергия көздері өте жақсы. Бірақ оларға барлық уақытта жағдай бола бермейді. Елімізде біз ойлағандай жел жиі соқпайды, ал түнде күн сәулесі болмайды. Сондықтан халыққа және зауыттарға энер­гия беру үшін бізге АЭС керек. Оның шыға­рын­ды­лары өте төмен.

«Біз қауіпті шығарындыларға қатысты мәселені пысықтап жатырмыз. Мамандар Ядролық тех­нология қауіпсіздігі ғылыми-тех­никалық орталығында бір­неше жылдан бері шыға­рын­дылар мәселесімен айналысып келеді. Оны шешуге болады деп ойлаймын. Егер станса салар болсақ, көлдің мол көлемімен салыстырғанда су өте аз кетеді. Біз бұл суды турбина конденсаторларын салқындату үшін ғана аламыз. Мәселен, 200 текше метр су алсақ, ол үнемі жүйеде болады. Ал қалған су энергетикалық жабдықтарды салқындату үшін қажет», деді Қ.Әусенов.

Халықты толғандырып жүр­ген сұрақтар­дың бірі – қауіп­сіздік мәселесіне келсек, «Қа­зақ­стан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков: «Бүгінгі күні әлемде 430-ға жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Әрі АЭС-тердің жаңа буыны шығып жатыр. Сол себепті еліміз тек қана жаңа буынды 3+ реакторларын қарастырады. Оның экологияға да әсері аз», дейді.

Еуразия ұлттық университеті Қор­ша­­ған ортаны басқару және инжиниринг ка­фед­расының мең­ге­рушісі Райхан Бей­се­но­ва: «Әр балама энергия көзінің пайдалы және зиянды жақтары бар. Соның зияны азын қарастыру керекпіз. Өзімізде шикізат бол­ған­дықтан, атом электр стансасы бізге қо­лайлы энергия көзі деп айтуға болады», деді.

Сонымен әлемдік ақпаратқа көз жүгірт­сек, Франция жалпы тұтынатын энергия­сының 80 пайызға жуығын АЭС-тен алып отыр. АҚШ-тың энергобалансында 80-жылдары АЭС үлесі 20 пайыз болған, одан кейін бірде-бір АЭС, реакторлар салынбаған. Түгелге жуығы 80-жылдарға дейінгі салынғаны, бірақ әлі күнге дейін АЭС бөлетін энергия мемлекет балансында 20 пайыз қажеттілікті жауып отыр екен.

«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, атом электр стансасы да сол сияқты. Қазіргі барлық даму векторы қауіпсіздік, эколо­гия­­лық және технологиялық бағытқа негіз­дел­ген.

Мамандардың пікірінше, АЭС құры­лы­сын жүргізуде бір мемлекет жеке дара шешім қабылдай алмайды. Халықаралық ұйымдар бар, оның ішінде АЭХА, әлемдегі АЭС-ке қызмет көрсетуші операторлар, халықаралық деңгейдегі АЭС құрылысына әрі жұмысына қойылатын стандарттар мен талаптар бар.

Сонымен тобықтай сөзді тү­йін­дей келе, АЭС-ке қатысты мәселенің бәрі болашақта энергия көзінің тапшылығын сезінбеу керек­­ті­гінен туындап отырған жайт. Әрине, электр энергиясы керек және ол Париж келісіміне сәйкес «жасыл энергия» болуға тиіс. Жел мен күн тұрақты база­лық генерация бола алмайды. Сондықтан АЭС құрылысы жобасын қолдауымыз аса қажет.