Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы көпұлтты мемлекетіміздің өркениет жолымен қарыштап дамуына қуатты серпін берді. «Мәңгілік Ел» – ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған асқақ арман. «Мәңгілік Ел» – қазақ халқының әлемге танылуының үздік үлгісі, бекем бағыты. Ана тіліміз бен ата дініміздің, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің өркендей беруінің сенімді кепілі. Сондықтан осы өскелең талапты дәйекті жүзеге асыру ең алдымен бәсекеге қабілетті болуды қажет етеді. Елбасымыз айтқандай: «Басқа елдердің соңында шаңын жұтпай, алдыңғы қатарына жылжыған абзал». Қазіргі таңда оза дамыған отыз елдің санатына қосылу ең биік меже екені баршаға белгілі.
Қазақстанның жарқын болашағы – жастар. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» деп ақын Мағжан Жұмабаев үлкен үміт артқан жастар тәуелсіз Отанымыздың бұдан да әрі гүлденуінің өркендетуші күші. Ойы озық, жаны таза, білімге бай, өмірге бейім, иманды да ибалы жастар – ұлт мақтанышы. Жаңа толқын, жанартаудай жалындаған өрендерді өмірге баулып, олардың «дүние кетігіне кірпіш болып қаланғаны», азамат болып саналғаны.
Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел иесі. Бүкіл халқымыздың үкілеген үміті де, сенім артқан тірегі де – осы жас жайнақтар. Келешекте балауса балғынның қандай болғанын қалаймыз? Тәуелсіздігімізге тәу еткен жастарымыздың бойында өршіл рух, жасампаз жігер, ұлттық намыс, отансүйгіштік пен ересен еңбекқорлық қасиеттер ұяласа жақсы. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы», деген әл-Фараби бабамыздың қанатты сөзі терең ойларға жетелейді. Адам – күрделі әлем, құпиясы ашылмаған таңғажайып жаратылыс. Міне, осы тылсым құбылыстың ішкі иірімін, жан дүниесін танып-білудің өзі нағыз ғылым. Ол ғылымның атауы – Адамтану ілімі. Аталмыш ілімнің алғашқы баспалдағы тәрбиеден тамыр тартады. Тәрбие – баланың тұлға ретінде қалыптасуының асыл арнасы. Олай болса, жас ұрпақты ұлттық сана, ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеудің маңызы өлшеусіз. Қастерлі халқымыздың бойындағы адамгершіл ізгі қасиеттер – тәрбиенің қайнар көзі. Қазақ – тілге шешен, ойға жүйрік, ерлікке ерен, пейілі пәк, ақыл-парасаты асқаралы халық. Осы ұлт ұлағатын ұландар санасына сіңіре білу – ең жауапты іс.
Ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету – саналы азаматтың қастерлі борышы. Елім деп, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей ұлты үшін жанпида ғұмыр кешкен кешегі Алаш арыстарының өнегелі өмірі өркенді тағылым тұғыры. Ұлт зиялылары сол бір зобалаң заманның астамшыл саясатына қарсы тұрды. «Мың өліп, мың тірілген» қазағының талқыдағы тағдырына алаңдап, талай тауқыметті бастан өткерді. «Ұлтты сүю – нағыз мәдениеттілік» деп ұрандаған Жүсіпбек Аймауытовтың сау басы саудаға түсіп, қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ұлтына ұлық болуды емес, ұлтан болуды аманаттаған Алаш ардақтыларының айбынды ісін жалғастыра білу – бүгінгі өскелең ұрпақтың өрелі міндеті. Жар астынан жау, бөрік астынан бөрі шыққан сонау аумалы-төкпелі заманда «Түркі үшін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым», деген Білге қаған бабамыз ел тағдырына алаңдап ат үстінде мазасыз күй кешті. Ұлты үшін отқа күйіп, суға батқан қайран бабалардың қайсарлығы мен қаһармандығы бізді үнемі тәнті етеді.
Ұлттық тәрбие – ұлағат үлгісі. Ұлт бесігінде тербетілген баланың болашағы жарқын, санасы сәулелі, көңілі кіршіксіз бала жаны нәзік, сергек, сезімтал. Айнала дүниеге сәби санамен, кәусар көңілмен қарайды. Сәмбі талдай сұлу бой түзеген бүлдіршінге өмір сабағын, дүние дәрісін үйрету үлкен ынта-ықыласты, салқынқанды сабырды қажет етеді. Баланың бірінші ұстазы – ата-ана. Демек, тәрбие отбасынан басталады. Бала туған ұясында өнеге алады. Жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Ұл – әкеге, қыз – шешеге қарап өседі. Сөйтіп, қабырғасы қатайып, буыны бекіп, қанат қағады. Ұяда көргенін ұшқанда іледі.
Қазақ – тумысынан балажан, мейірбан халық. Тапқан-таянғанын баланың жолына жұмсап, тәтті-дәмдісін баланың аузына тосады. «Құлыным», «ботам» деп еркелетіп өбектейді. Есейіп ержетсе де жанын үзіп еміреніп, толғанып отырады. Атақты Жолымбет би 130 жасқа келгенде, жасы 100-ден асқан тұңғыш ұлы Қыдыр алжыңқырап отырса керек. Сонда әлі де ақыл-естен айырылмаған дана би: «Бұл қарғам не көрмеді, ылғи да желдің өті, жаудың бетінде жүрді ғой. Бұл құлынымның шаршайтын уағы болды», деп баласының маңдайынан сипап, бауырына тартады екен. «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деген өлең жолдары осындайда ойға оралады.
Қазақ бауыр еті баласын бәйге атындай баптап, көздің қарашығындай сақтай білген. Бала – өмірдің базары, ата-ананың шексіз қуанышы. Ол есейіп ат жалын тартқан азамат болады. «Мен бала он бес-отыз арасында, бұл жаста көп бересі аласым да, алдымда толған мақсат, толған таңдау, алайын анасын ба, мынасын ба?» деп сөз сүлейі Сұлтанмахмұт жырлағандай, мектеп табалдырығын жаңа аттаған түлектердің алдында тоқсан тарау жол тұр. Сол жолдың қай торабына түссе көші түзеліп, көңілі орнығады? Асығыс шешім қабылдап, ертең өкініп қалмай ма? Осылай санаға салмақ салар сансыз сауалдар самсап алдынан шығады. Мұндайда ақыл айтар ата-ана, ұлағат ұсынар ұстаз керек-ақ.
Өмір – күрделі. Ағыны алапат теңіз тәрізді. Өмірдің алып айдынынан өзіңе лайықты орын табу, әрине, оңай емес. Белгілі бір кәсіппен шұғылданып, мамандық таңдау – үлкен жауапкершілік мәселесі. Мамандық таңдау сәтінде баланың білім-білігін, қабілет-қарымын ескеріп, ақыл елегінен өткізген жөн. Бала көңілі нені қалайды, кім болғысы келеді? Міне, мәселе осында. Күнделікті байқап жүргеніміздей, кейбір ата-аналар бала еркін ескермей, талабына тұсау салатын тәрізді. Балам биік мансапта, құзырлы қызметте болса деп ойлайды. Бір қарағанда ниет дұрыс, ой орынды. Бірақ қазақта «Шамасына қарай шанасы» деген сөз бар емес пе? Әркім өзіне ұнаған, жанына жақын кәсіппен айналысса, келешекте өкінбейді, қапыда қалмайды.
Жасыратын несі бар, кейбір жастардың шама-шарқы келе ме, келмей ме, әйтеуір не заңгер, не экономист болуға аңсары ауып тұрады. Шынтуайтына келгенде, жұрттың бәріне бірдей заңгерлік пен экономистік мамандық жете бере ме? Бәлкім, «ақырын басып, анық жүріп» жан-жақты ойланған дұрыс шығар. Шүкір, біздің елімізде мамандықтың түрлері көп. Оның ішінде біздің жастарымыз бүгінгі заман талабына сай техникалық және кәсіптік білім алуға бетбұрыс жасау керек. Қабілетіне қарай соның бірін еншілесе, әр жастың есебі түгел, ұпайы орнында болары анық.
Ақиқатын айтқанда, мамандықтың үлкен-кішісі, жақсы-жаманы жоқ. Тау қопарған кенші де, астық орған егінші де, он саусағынан өнер тамған ісмер тігінші де, төрт түлік өсірген малшы да, сүт бұлағын селдеткен сауыншы да, зәулім сарайлар салған құрылысшы да – бәрі-бәрі ел игілігіне еңбек етіп жүрген қадірлі жандар. Толағай табыстың, берекелі байлықтың бастауы – Еңбек. «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» дейді халық нақылы. Данышпан Абай: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды», деп ұрпағын адал еңбекке үндеді. Еңбегін сауып ер атанғандарды халық ардақтайды, құрмет тұтады.
Кезінде Арқа төсін ақтылы қойға толтырып, ел ырысын еселеген Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов ағамыз, Қазақстанда атақ-даңқы дәуірлеп, дүйім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген әйгілі механизатор Кәмшат Дөненбаеваның ізін басып, темір тұлпарды тізгіндеген мерейлі еңбектің майталманы Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Кәбдікәрімова апамыз. Бірі ата кәсібіміз – мал бағумен айналысқан, екіншісі алып техниканы ауыздықтаған, еңбектен бақытын тапқан жандар. Сайлау ағамыз бен Нұрбақыт апамызды қазір күллі Қазақстан таниды. Міне, осы аға-апалары сияқты біздің жастарымыз да оқу бітіргеннен кейін ауылдарына келіп, еңбек етіп «Жер-Анамен» жұмыс жасаса дейміз.
Ауыл – халқымыздың құт-берекесі, ырыс дастарқаны. Ауыл – қазақтың күретамыры. Сол құнарлы тамырды солдырмай, үнемі нәр беріп, жандандыру – жастардың сүбелі сыбағасы. Кіндік қаның тамған атажұртыңа қылаусыз қызмет ету – шынайы бақыт. Туған жерің – алтын бесігің. Сол бесікті аялап, ардақтау – азаматтық ардың ісі. Бізде туған елінің түтінін түтетіп, ырыс-дәулетін еселей түсуге қажырлы еңбегімен үлес қосып жүрген жерлестеріміз аз емес. Осы азаматтармен бірге, сыртта жүрген жерлестеріміз де бүгінде елге келіп қыстақтар салып, ауданымыздың мал шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосуда. Біз олардың игілікті шаруаларына қуанамыз әрі қуаттаймыз.
«Әркімге туған жері – Мысыр шаһары». Арқаның алтын алқасы – Қарқаралының бай тарихы, айшықты шежіресі бар. Қарқаралы – құт қонған, береке дарыған қасиетті өлке. Қарқаралының топырағында жақсылар мен жайсаңдардың текті табанының ізі, аялы алақанының ыстық табы қалған. Жер жәннаты Қарқаралыға биыл – 190 жыл. Екі ғасырдай Арқаның рухани және мәдени ордасына айналған көне қаланың торқалы тойының тұсында ел мен жердің қадір-қасиетін жас ұрпақтарға насихаттау аса қайырлы іс болмақ.
Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында: «Тәуелсіз мемлекет атану – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу», деп атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының осы сындарлы, салиқалы сөзі біздердің баршамызды жаңа бастамаларға, биік белестерге жігерлендіреді.
Халел МАҚСҰТОВ,
Қарқаралы ауданының әкімі.
Қарағанды облысы.