– Қала мен ауыл мектептері арасында алшақтық бары рас. Енді «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын жаңа үлгідегі білім ордалары осы бір олқылықтың орнын толтыра ала ма?
– Білім саласының қызметкерлері кәсіподағының жұмысы мұғалімдердің әлеуметтік-еңбек құқығы бұзылмауын қадағалауға негізделген. «Жайлы мектептер» қалада да, ауылда да бірыңғай стандартпен бой көтеретінін ескерсек, бұл расында арадағы алшақтыққа әсер етеді. Білім сапасына да оң өзгеріс әкеледі. Мұндай мектепте оқушымен қатар мұғалімдерге де көңіл бөлініп, білім шаңырағының іші де, төңірегі де жайлы болады. Сол жағы қуантады.
– Мұғалімдердің жалақысы өскен сайын осы салада еңбек етуге ниетті жастардың қатары артып келеді. Сәйкесінше, мұғалімдерге қойылатын талап та күшейе түсті. Мұндай пікірмен келісесіз ғой?
– Иә. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғаны, мұғалімдердің жалақысы 4 жыл қатарынан 25 пайызға өскені белгілі. Бұған қоса біліктік санатына қарай, үстемеақы алатын мұғалімдер бар. Ал келер жылы жалақының қалай белгіленетінін айта алмаймын. Алайда инфляцияны ескерсек, мұғалімдердің жалақысын көтермеу мүмкін еместей көрінеді. Мемлекеттен ұстаздарға жақсы қолдау көрсетіліп жатса да, салада әлі де шешімін таппаған түйінді мәселелер бар. Соның бірін Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында Президенттің өзі айтты. Әңгіме мұғалімдер біліктілігін арттыратын кезде тапсыратын аттестацияны жеңілдету туралы. Аттестациялық комиссия құрамында мен де бармын. Кемшіліктерге өзім куәмін. Аттестация сұрақтарына көз жүгірттім, шынында күрделі. Оған қоса мұғалім одан өту үшін портфолио дайындауы керек. Онысы талапқа сай болмаса, теске бармайды. Бізде портфолионы тек мұғалімдер ғана жинайды екен. Мысалы, дәрігерлер немесе мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырғанда яки тест тапсырғанда мұндай қағаздарды жинап әуре болмайды.
– Қоғамда «кәсіподақтар шипажайға жолдама берумен ғана айналысады» деген түсінік қалыптасқан. Осы қаншалықты орынды?
– «Педагог мәртебесі туралы» заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес жергілікті органдар мұғалімдердің коммуналдық төлеміне қосымша ақы қарастыра алады. Жергілікті әкімдіктер кәсіподақтар секілді демалыс орындарына жолдама бере алады. Сондай-ақ ешбір заңда кәсіподақтар емдеу-сауықтыру орындарына жолдама береді деп жазылмаған. Бұл – кеңес үкіметі тұсынан қалған түсінік. Кәсіподақ мүшелері де соған дәнігіп алған. Кейбіреулер кәсіподақ тек шипажайға жолдама берумен айналысады деп ойлайды. Күнделікті еңбек ұжымдарына барғанда кәсіподақтың еңбек құқықтарын қорғау үшін құрылғанын түсіндіремін. Ұжымдық шарт туралы айтамын, министрлік, басқармалармен жасаған қосымша келісімшарттар туралы хабарлаймын. Өзім заңгер болған соң, құқықтық мәселелерге көбірек назар аударамын. Соның барлығын талдап айтып бергеннен кейін мұғалімдердің өзі емдеу-сауықтыруға жолдама беру туралы сұрақ қояды. Сонда біз жолдама беруге міндетті емес екенімізді айтқанда, олар таңғалады. Қазір емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру мәселесі тек ТМД елдерінде ғана қарастырылған. Жергілікті әкімдіктер мұғалімдерге бір ғана қосымша кепілдік жасап отыр. Ол – төсбелгі. Мысалы, «Астана қаласының үздік педагогі» деген төсбелгі бар. Соны өңіріне таққан мұғалімдер 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік сыйақы алады.
– Саладағы ауқымды реформалардың бірі ретінде білім мекемелерінің құрылымына қатысты өзгерістерді айтсақ болатын шығар?
– Әрине. Қазір білім мекемелері құрылымы жағынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысып жатыр. Бұрын мектептер бірыңғай коммуналдық мемлекеттік мекеме еді. Балабақшалар коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болса, қазір колледждер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысып жатыр. Ал мектептердің 70 пайызы осындай құрылымға өтті. Бұл – Астана қаласы бойынша мағлұмат. Негізі мектептердің жұмысына қатысты Үкімет бекіткен қаулы бар. Онда мектепте қанша жұмысшы болуы керек, қанша сағат бекітілуі шарт, қысқасы білім мекемесінің жұмысына қатыстының барлығы жазылған. Яғни директор бұрын жұмысқа қосымша заңгерді, кадр маманын қабылдай алмайтын. Ал мектеп шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысқанда, бұл қаулының оған қатысы болмайды. Ендігі жерде директор штатты да, жалақыны да өзі бекітеді. Мемлекет қаржысын жылына бір мәрте жан басына шаққандағы қаржыландыру жоспары шеңберінде алып отырады. Ал оны қалай үлестіретіні басшының құзырында болмақ. Бұрын коммуналдық мемлекеттік мекеме кезінде, мысалы, бір мектепте директордың 8 орынбасары жұмыс істесе, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге өткен білім ордасында орынбасарларды қысқартуға мүмкіндік бар.
– Мұндай талап әр мектептегі мұғалімнің жалақысының әртүрлі белгіленуіне әкеліп соқпай ма?
– Орынды сауал. Негізі директор, директордың орынбасары және бас есепшінің жалақысын жергілікті органдар бекітеді. Ал басқа жұмысшылардың еңбекақысын директор белгілейді. Мектептер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысқанда, олардың мемлекеттік қызметші деген мәртебесі жойылады да, автоматты түрде «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданысқа енеді. Мұғалімдерге сауықтыруға берілетін төлем сол заң аясында сақталады. Бірақ мектепте мұғалімдерден басқа да қызметшілер бар ғой. Есепші, кітапханашы, іс жүргізуші, тағысын тағы. Олар туралы Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен бөлек бұйрығы бар. Енді мектептегі қызметшілерге сауықтыруға берілетін төлемді және 30 күн еңбек демалысын қалай сақтаймыз деген сұрақ туады. Біз осы мәселенің шешімін 2021 жылы білім басқармасына барып, дәлелдеп, ұжымдық шартқа енгіздік. Еңбек министрлігі бекітті. Мысалы, кәсіподақ ұйымының мүшелігінде жоқ мұғалімдерге, басқа да қызметкерлерге 24 күндік еңбек демалысы қарастырылады. Мұндай жағдайда сауықтыруға берілетін ақшаны мектеп директоры мұғалімге төлемеуіне болады. Заңды түрде, әрине. Өйткені, олар азаматтық қызметші емес. Ал біз келісімшарт арқасында сауықтыруға берілетін төлемді сақтап қалдық. Бұл тұрғыда кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғай аламыз.
– Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге өту мектептерге қаншалықты тиімді?
– Мұнда мектеп қосымша қаржы табу мақсатында ойын алаңдарын, спортзалды, мәжіліс залын жалға бере алады. Әрине, сабақтан тыс уақытта. Қиыны Астана қаласында балалар көп болған соң кейбір мектептердің акт залында да балалар оқиды. Мұнда бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігі басшылыққа алынады. Яғни спортзалды, мәжіліс залын жалға берген мектеп басшылығының мойнына үлкен жауапкершілік артылады. Мұны қалай үйлестіру керегін директордың өзі шешеді. Тиімді тұсы көп. Мысалы, мектепте қосымша курстар ашуға болады. Балалар мектепте қосымша білім алса, ата-анаға да артық салмақ түспейді.
– Мұғалімдер кәсіподаққа қаншалықты жиі жүгінеді? Мысалы, былтыр қанша ұстазға көмек көрсеттіңіздер?
– Мұндай дерек жоқ. Дегенмен екі заңгеріміз жұмыс істейді. Әрқайсысы күніне шамамен 10-15 сұраққа ауызша жауап береді. Сол секілді жазбаша жүгінетіндер бар. Оның статистикасын республикалық кәсіподаққа ұсынамыз. Мәселен, былтыр 130-ға жуық жауапты жазбаша жолдадық. Ал былайғы күндері кәсіподақ мүшелері жедел ақпарат алу үшін көбінесе қоңырау шалады. Әрі өтінішін жазбаша түрде қалдыруға қорқақтайтындар да бар. Бірақ кәсіподақ мүшесінің аты-жөнін сұрағанда деректер үшінші тұлғаға жетпейтінін ескертеміз. Қазір Facebook-тегі парақшада аттестаттауға қатысты жазбаларымыз 500-ден астам лайк жинайды екен. Бұл бір жағы аттестаттау талаптарын жеңілдетуге көбірек көңіл бөлу қажеттігін ұқтырса, екіншіден, мұғалімдер арасында кәсіподаққа деген дұрыс көзқарас қалыптасып келе жатқанының көрінісі.
Бізде қоғамдық бақылау деген бар. Яғни кәсіподағы бар мекемелерге барып, қоғамдық бақылау жүргізе аламыз. Сонда аңғарғаным, кейбір басшылар біз барғанда «тексеріс келді» деп ойлайды. Қоғамдық бақылау тексеріс емес. Қайта ол көмек көрсету, қолұшын созу дегенге саяды. Біз мектепке барғанда еңбек шарттарын, бұйрықтарды қараймыз. Сосын еңбек шартының түзететін тұстары болса ескертеміз, қолдан келгенше жәрдемдесеміз. Бізге құлақ асып, қателіктерін түзеткен мекемелер Еңбек инспекциясы келіп тексергенде, құжаттарын түгендеп отырады. Айыппұлдан құтылады. Ал біз айыппұл сала алмаймыз. Оған құзыретіміз жоқ, мақсатымыз да болған емес.
Әңгімелескен
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»