Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, «Отбасы банк» 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Нәтижесінде, биыл 35 жасқа дейінгі 200 адам баспаналы болады. «Отбасы банкінің» орталық филиалының басшысы Жансұлтан Матаевтың айтуынша, ипотекалық несиенің шекті сомасы 18 млн теңге шамасында қалмақ.
«Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2 %-дан бастап) жеңілдетілген ипотекалық несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елорда жастарына берілетін ипотекалық несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады», деді банк өкілі.
Ілкімді істің игілігін мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен қызметкерлері, журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар мен жаттықтырушы оқытушылар, әлеуметтік қызметкерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, полиция департаменті қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, тұрғын үй кезегінде тұрған жетім балалар көре алады.
«Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік жасайды. Жалпы, 2021-2022 жылдар аралығында бағдарламаға қатысуға 1 179 адам өтініш берді. Оның ішінде төлем қабілеттілігін растаған 184 жас маман баспаналы болды. Берілген ипотекалық кредит сомасы
3,12 млрд теңгеге жуық», деп сөзін түйіндеді Ж.Матаев.
Бағдарламада қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Астана қаласында тұрақты тіркелуі ескеріледі. Сондай-ақ 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы, соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмауы қажет. Табыс көлемі де 6 айда күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Бұл шамамен 243 402 теңгені құрайды (зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).