Жаңа конституциясын қабылдағалы жатыр
Кеше Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жаныш Рүстенбеков 2010 жылғы 27 маусымда Қырғыз Республикасының конституциясын қабылдау мәселелері бойынша референдум өткізу жайында баспасөз мәслихатын өткізді.
Елдің жаңа конституциясын қабылдау жағдайды түпкілікті тұрақтандырып, елдің экономикалық жағынан дамуын жеделдету үшін қажет. Осыған байланысты Уақытша үкімет Қырғызстан президентін және Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау үшін 2010 жылғы 19 мамырда “Өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының президенті туралы” декрет қабылдады. Осыған сәйкес Уақытша үкіметтің төрайымы Роза Отунбаеваға Қырғызстан президенті өкілеттігін 2011 жылғы 31 желтоқсанға дейін атқару міндеті жүктелді. Бұдан бөлек Роза Отунбаева Қырғызстан үкіметі құрылғанға дейін премьер-министр қызметін де атқаратын болды. Ал 2010 жылғы 27 маусымға белгіленген референдумда дауыс берушілер бір сұраққа – Қырғыз Республикасы конституциясының жобасы және Қырғыз Республикасы конституциясының қызметін енгізу туралы сұраққа жауап береді.
Жаныш Рүстенбековтің айтуынша, конституция жобасы алғаш рет барлық азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып дайындалған және талқыланған.
Баспасөз мәслихатында Қырғызстан елшісі конституция жобасында президенттің өкілеттігі айтарлықтай қысқарғандығына да тоқталды. Елдің жаңа конституциясында президент қаржы және экономиканы реттеуге қатыса алмайды, сондай-ақ үкіметтің кадрлық саясатына да араласпайды.
Дегенмен, елдің жаңа конституциясында Жогорку Кенешке және үкіметке бірқатар өкілеттіктер берілген. Мысалы, парламент премьер-министр мен үкімет мүшелерін құрады және үкімет парламентке есеп береді. Егер Жогорку Кенеш үкіметке сенімсіздік көрсетсе, президент үкіметті отставкаға жіберуге немесе Жогорку Кенештің мерзімінен бұрын сайлауын жариялауға құқығы бар. Қырғызстан елшісі, сондай-ақ сайлауда жеңіп шыққан партияның үкіметті құруына байланысты да пікір білдірді. Оның хабардар етуінше, парламент депутаттары партиялық тізім бойынша сайланады. Егер қандай да бір партия сайлауда 90 пайыз дауыс алғанмен, ол партия парламенттегі 120 мандаттың 65-ін ғана алады. Қалған 55 депутаттық орын белгіленген кедергілерді еңсерген партияларға тиесілі.
Жаңа конституцияның жобасында қырғыз тілі мемлекеттік, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесін сақтайтындығы нақтыланған.
Мәслихат барысында Қырғызстан елшісіне Өзбекстан мен Қырғызстан шекараларындағы жағдайға қатысты сұрақ қойылған еді. Елшінің хабардар етуінше, ондағы жағдай тұрақтанды, екі елдің шекаралары тиісті келісімге сәйкес қайта ашылды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.