Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ресей мен Украина қақтығысы Батыс пен Шығыс елдерінің көбін сарсаңға салып, таптаурын мыңжылдық қатынас жолдарын өзгертіп, жаңа транзиттік дәліздер іздеуге мәжбүр етіп отыр. Егер Үкімет халықаралық жолдардың жөні мен жігін дұрыс үйлестіре білсе, біздің ел бұл жағдайда ұтылыс емес, ұтысқа шығары кәдік. Оның ондаған дәлелін алыс-жақын шетелдердің сала мамандарының Ұлы далаға емініп, ентелеп тұрғанынан көруге болады.
Жуырда Отандық инвестициялық ынтымақтастық агенттігі конференция ұйымдастырды. Жиынға Алматы облысының әкімдігі, SPG, Қытай консулы және бизнес қауымдастығы, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «QazTrade» өкілдері қатысты. Маңызды іс-шара барысында Алматыда өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Сөйтіп, жаңадан логистикалық хаб салу ісі қолға алынатын болды. Жаңа жоба жүзеге асса бұл логистикалық хаб автожол, теміржол және әуе жолын біріктірмек.
Бүкіл әлемнің оңтайлы дәлізі
Конференция барысында Алматы облысында шетелдік тауар тасымалдаушыларға арналған қоймалары бар логистикалық парк пен құрғақ порты іске қосылатыны айтылды. Бұл тек логистикалық сектордың ғана емес, өңір бизнесінің де дамуына септігін тигізеді. Аталған жобаны жүк тасымалы бойынша әлемдегі №1 порт – Шаньдун порт корпорациясы (SPG) ұсынып отыр. Аталған корпорацияның делегациясы Алматыға Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің арнайы шақыртуымен келген.
– Батыста «Бүкіл әлемді порттар байланыстырады» деген сөз бар. Біз теңіз порттарынан бөлек, құрлық порттары да өте маңызды рөл атқаратынын айтқымыз келеді. Екі ел арасында барынша қолайлы логистикалық дәліз жасасақ дейміз. Біздің топ логистика және сауда саласында қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты тереңдетуге күш салуда. Қазақ елі мен Қытай арасындағы тиімді қарым-қатынасқа өз үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз, – дейді SPG бас директоры Ли Фэнли.
Алматы агломерациясында ірі сауда-логистикалық хаб ашу жоспары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев бөлісті. Оның айтуынша, хабты Алматы айналма теміржол желісі (73 км) жанынан салу көзделіп отыр екен.
– Әзірге техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Осы сәтті пайдаланып, SPG өкілдерін ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырамыз. Бірқатар ірі компаниялар хаб құрылысын салуға қызығушылық танытып отыр. Аталған жоба аясында өңір логистикасы, интермодальды тасымал дамиды, ол автожол, теміржол және әуе жолын біріктіреді. Сонымен қатар ірі құрғақ порт салынады, – деді Е.Қойшыбаев.
Конференцияға қатысушылар Еуропа мен Ресей Федерациясынан Оңтүстік-Шығыс Азияға электрмобильдер транзитін іске қосып, сондай-ақ SPG порттары арқылы отандық астықты экспорттау мәселесін де қарастырды.
– SPG серіктесіміз ретінде ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін күш салатынына сенімдіміз және біз өз тарапымыздан бар жағдайды жасаймыз. Әлемдегі №1 порт тобынан smart инвестициялар күтеміз. Логистикалық тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін қытайлық және қазақстандық тараптың инфрақұрылымы мен мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өткен жөн, – деді Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің жетекшісі Айдын Байеділов.
Жүк тасымалындағы жаңалық
Осы жылдың бірінші тоқсанында біздің ел мен ҚХР арасында жүктерді тасымалдау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға өсіп, 6,5 млн тоннаны құрапты. ҚХР-дан жүк қабылдау 7 пайызға, яғни 2,6 млн тоннаға көбейген. Жүктерді ҚХР-ға тапсыру 56 пайызға, яғни 3,8 млн тоннаға дейін артты. Алтынкөл стансасы бойынша жүк тапсыру үш есе, 1,2 млн тоннаға, қабылдау 4 пайызға, 1,5 млн тоннаға дейін артты.
Қытай бағытындағы жүктерді тасымалдауға сұранысты ескеріп, ҚТЖ отандық астық тасымалдаушылармен келісімге келе отырып, қанатқақты пойызын іске қосты. Жоба ҚХР мен Қазақстан теміржол және терминалдық инфрақұрылымының дайындығы мен мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған. Еске салсақ, антиковидтік іс-шараларға байланысты Қытай соңғы екі жылдан бері астықты астық вагондарымен қабылдаудан бас тартып, тек контейнерлермен әкелуді талап етіп келеді.
Қазір отандық өнімді экспорттық тасымалдауды дамыту үшін Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс біткен соң өткізу қабілеті 5 есе артады. Сондай-ақ Бақты – Аягөз теміржол жобасы іске асырылуда. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттырады.
«Жасыл» және «ақылды» порт салынады
Көрші ел тек халықаралық жолдар арқылы жүк тасымалдау және тауар алмасумен ғана шектеліп қалмай, саладағы түрлі іс-шаралар бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Жақында Ақтау және «Shangdong Port Group» (SPG) тобына кіретін Qingdao Port сауда порттары SPG делегациясының біздің елге сапары аясында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тараптар тәжірибе мен ақпарат алмасу бойынша тығыз өзара іс-қимыл және бірқатар мәселе бойынша: персоналды даярлау, пайдалану үдерістерін оңтайландыру, логистика бойынша ықтимал ынтымақтастық туралы уағдаласты. «Жасыл» және «ақылды» порт салу саласындағы келісімді кеңейту жоспарланып жатыр.
Кездесуде тараптар өздерінің мүмкіндіктері мен перспективалық даму жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ ТХКБ бағыты бойынша транзиттік тасымал тиімділігін арттыруға отандық және қытайлық тараптардың қолданыстағы инфрақұрылымы мен артықшылықтарын пайдаланудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады.
Еске салсақ, Shandong Port Group (SPG) – жүк айналымы бойынша әлемдегі бірінші порттық тобы. Топқа бизнестің 12 сегментінде жұмыс істейтін 12 компания мен 4 порт кіреді: кеме қатынасы, сауда, логистика, ғылыми-техникалық әзірлемелер, жабдықтар өндірісі, т. б.
Бұлармен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР ірі порт операторы SPG порт тобы қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде мультимодальды контейнерлік сервистер мен цифрлық өнімдерді бірлесіп дамытатын болады.
Құжатта цифрлық көлік-логистикалық сервистерді, порт және терминалдық қызметтерді дамыту, сондай-ақ теңіз тасымалдарын, оның ішінде Каспий және Қара теңіздегі теңіз буынын дамыту саласындағы ынтымақтастық көзделген. Бұған қоса тараптар тұрақты контейнерлік сервистерді құру үшін біздің ел арқылы маршруттарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын бірлесіп пайдалану мүмкіндігін зерделейді.
Осы кездесу аясында қатысушыларға Қытай, Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО және Таяу Шығыс елдерінің сауда логистикасын байланыстыратын Алматы агломерациясындағы сауда-логистикалық хаб-жобаның тұжырымдамасы таныстырылды.
Shangdong Port Group президенті Ли Фэнли бастаған делегация еліміздің Құрық портында да болды. Онда паром кешенінің қызметі мен инфрақұрылымымен танысты. «Құрық порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметов қонақтарды порттың өткен жылдардағы жұмыс нәтижесімен таныстырды. Мұнымен бірге, ТХКБ бағыты бойынша логистиканы дамыту жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Бұдан кейін тараптар Құрық порты мен SPG Port of Rizhao арасында достық қарым-қатынас орнату бойынша келісімге келді.
Ескі жоба, жаңа келісім
Каспий теңізін көктей өтіп, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа елдеріне сауда керуендерімен төте тартуды біздің ел көптен бері көксеп, жобасын жасағанымен жүзеге асырудың реті келмей жүрген-ді. Қазіргі геосаяси жағдай сол кеудедегі көк аспанға парапар көксеуді амалға асырудың сәтін тудырғандай.
Таяуда бауырлас Әзербайжан Республикасының президенті Илхам Әлиев елімізге ресми сапармен келгенде мемлекет басшыларының негізгі көтерген тақырыбының бірі Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі болғаны мәлім. Онда Каспий теңізін таязданудан барынша қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қажеттігін растады. Оған қоса, өңір елдерінің көлік-транзит саласындағы мәселелерін тиімді шешу жағдайын да назарға алды. Сөйтіп, өзара іс-қимылы ортақ мүдделерге сай және ұлттық көлік стратегиялары басымдықтарына көңіл бөлді. Ал Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі мұның маңызды бағыты болып саналады.
Осыған орай тараптар 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда өткен Транскаспий өзара байланысы жөніндегі министрлік кездесуінде 2022-2027 жылдарға арналған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары бағалады. Осы құжатқа сәйкес іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
Маңызды іс-шара аясында тараптар «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) жобасын іске асыруды қолдайды және екі елді Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болды. Цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық қолтаңбаларды пайдаланудың маңызды екенін де атап өтті.
Маңызды мәмілелердің мәні
Туысқан елдер отын-энергетика саласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын тасымалдау бойынша ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін атап көрсетті. Баку – Тбилиси –Жейхан құбыры арқылы қазақ мұнайын жеткізудің басталуына Әзербайжан басшылығы риза көңілін білдірді. Сондай-ақ туысқан елдің аумағы арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бойынша одан әрі жұмыс жүргізу екі тарапқа да аса қажет екені келісілді.
Тараптар байланысты нығайтуда экономика және саясатпен ғана іркіліп қалған жоқ. Мәдениет және өнер, білім, ғылым, туризм және спорт салаларындағы байланыстарды да дәйекті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жастар және білім беру ұйымдары, инновациялық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қоян-қолтық істерде бір-біріне жәрдемдесу жөнінде уағдаласты.
Екі халықтың төл мәдениетін дәріптеу мақсатында шығармашылық ұжымдармен алмасу практикасын оң бағалай отырып, 2023 жылы Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндерін, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізуге дайын екендігін екі тарапта айтты. Болған келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Әзербайжан тарапы босаған аумақты реконструкциялау және қалпына келтіру жөніндегі мақсатты жұмыс шеңберінде Қазақстан тарапы танытқан мүдделілікті құптайтындарын жасырмады. Сөйтіп, әріптестер мен инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына жәрдем көрсетуге дайын екендерін айтты.