Шетелдік туристер де қызығатын тарихи және археологиялық ескерткіштер қатарындағы ортағасырлық Сарайшық қаласының орны Махамбет ауданында орналасқан. Жақында осындағы Сарайшық ауылында жаңа сапар орталығы ашылды. Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың пікірінше, сапар орталығының бес жылдық даму жоспары бекітілген. Енді тек бір орталықпен шектелмей, Жайық өзенінің жағасынан бірқатар ғимарат салынатын болады. Өйткені ортағасырлық қала тарихы еліміздің ғана емес, шетелдік туристер көп келетін орынға айналған. Мәселен, Сарайшық музей-қорығының тарихымен танысуға алдыңғы жылы 12 мың, былтыр 18,5 мыңнан аса адам келген.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, өңір тұрғындары тарихи қаланың тағдырына алаңдайды. Мұнда 20 жыл бұрын мұражай ашылды. Ал жеті жыл бұрын Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталды. Жаңа сапар орталығы ежелгі қалашықты тарихи және ғылыми тұрғыдан зерттеуге, қазба жұмыстарын жалғастыруға серпін береді.
«Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтардың дерегіне сүйенсек, қазақ даласындағы ең көне тарихи қала Ұлы Жібек жолындағы сауда орталықтарының бірі болған. Ортағасырлық қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Жазба деректер де көп. Өйткені Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы дәрежесіне жеткен қала.
«Ортағасырлық деректерге сүйенсек, Сарайшықта Берке хан, Тоқты хан мұсылмандықты қабылдады. Жәнібек хан, Бердібек хан таққа отырды, ел басқарды. Сарай-Бату тарихын зерттеуші ғалым Е.Пигарев 1242/43-1313 жылдары Еділ-Жайық аралығында астана деңгейіне жеткен екі қаланы – Сарай ал-Махрус пен Сарайшықты көрсетеді. Ал өзіміз бұрыннан аңыз қылып айтатын әз-Жәнібек хан тарихы да Сарайшықпен байланыстырылады. «Аққу көлі» мен «Алтын қайық» туралы аңыздар астарында үлкен тарих бар. Сарайшық Еуропа мен Азияны байланыстырған алтын көпір болды. Қаланың маңызды керуен жолында орналасқанын Ұлық ұлыс заманында-ақ Ибн Батута (1333-1334), Джованни Мариньолли (1338-1353), испан пірәдары Пасхалия (1335-1339), ағайынды көпестер Франциско мен Доминико Пициганилер (1367) атап өтеді. Осыған байланысты Алтын Орда кезеңін зерттеуші Р.Почекаев «Сарайшықты керуен жолдарынан алым-салық жинайтын әкімшілік орталық болды» деп есептейді. Ал қазір Сарайшық орнында жүргізілген археологиялық қазбалар оның Ұлық ұлыстың басты қалаларының бірі болғанын айғақтайды. Қазба кезінде ашылған кешенді сарай, тұрғын жайлар, одан табылған қыш бұйымдар, қытайлық селадон ыдысы, ирандық сырлы қыш түрлері қаланың бай-қуатты болғанын дәлелдейді», дейді Әбілсейіт Мұхтар.
Директордың айтуынша, зерттеушілер Сарайшықтың тарихы ХІІІ ғасырдан бұрынғы кезеңнен басталатынына тоқталған. Ең маңыздысы, Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған. Тарихи қаланың орнынан табылған құнды жәдігерлер де аз емес. Енді сол жәдігердің бәрі сапар орталығының алты экспозициялық залы мен көрме павильонына қойылады. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың макетін жасауға ғалымдар көмектескен. Ал барлық экспозицияның мультимедиялық нұсқасы жасалған. Бұл сапар орталығына келетін қонақтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Ортағасырлық Сарайшық қаласының орнында жыл сайын археологиялық қазба жұмысы жүргізіледі. Мәселен, 2020 жылы Алтын Орда мен Ноғай Ордасының, кейін Қазақ хандығының бас шаһары атанған Сарайшық қаласынан ерекше қабірхана табылды. Тарихи деректерге сүйеніп, зерттеу жүргізген археологтер қабірхананың ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтардың айтуына қарағанда, бұған қатысты бірнеше дәлелді дерек бар. Біріншіден, 1840 жылдары Жәңгір хан Бөкейханұлы Сарайшыққа келгенде ұлы атасының басына белгі қойып, «Хан моласы» аталатын аумақты қоршатқан екен. Кейін бұл белгі жоғалған.
Екіншіден, атыраулық ғалымдар 2019 жылы Ресей мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауып әкелген. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, оны «әулие-склеп» деп белгілепті. Ол өзі көрген «Хан моласын» күмбезді әрі еңселі кесене болғанына сипаттама беріпті. Ғалым күмбездің үш жағында терезесі, ал шығысында есігі болғанын жазған.
Үшіншіден, жергілікті археологтер де Сарайшықтың тереңге жасырылған көмбедей шежірелі тарихын ұдайы зерттеп келеді. Сол зерттеулерге қарағанда, Алексей Алексеев келтірген деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен сәйкес келетіні анықталыпты.
«Кейінгі жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге негіз бар. А.Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қабірхананың сәйкестігі 99 пайызға расталып отыр», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.
Сол жылы «Хан моласы» қазбасындағы сағанадан қызғылт матаның қалдығы табылған. Реставратор Тетяна Крупа жүргізген зерттеудің нәтижесінде бұл өрнектер салынған қызыл барқыт мата екені анықталды. Тоқыма өнімі – тек жібектен тоқылған, алтын жалатылған күміс жіптері бар өте сапалы мата. Оның шыққан жері Осман империясы болуы мүмкін, ал кезеңі бойынша XV-XVI ғасырларға сәйкес келеді. Бедерлі барқыт матадан тігілген киімдер сол кезде сәнге айналған. Сол себептен, бай, беделді адамдар осындай матадан киім тіктірген.
Атырау облысы