Ауылдың ажары – еңбек
Әкімнің айтуынша, 2023 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім бар. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі – 20,6%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 4,7%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 34,0%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу – 2,1%-ға, негізгі капиталға инвестиция 34,6%-ға өсіп отыр. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша Батыс Қазақстан облысы елімізде 6-орында екен.
Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында жалпы құны 1,9 трлн теңгеге 111 инвестициялық жоба жоспарланған, ол жерде 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ. Мұның 54-і биыл жүзеге асады. Нәтижесінде 46 млрд теңге құйылып, 1 300 адам жұмысқа тартылады. Қазірдің өзінде 14 млрд теңге игеріліп, 12 жоба іске қосылған.
Алдағы маусым айында 1,4 млрд теңгелік биг-бэг өндірісі іске қосылып, 100 адам қызметке кіріседі. Ал 2024-2026 жылдары 8 кәсіпорын 4,4 мың га алқап суармалы жерді игеріп, 6,5 млрд теңгелік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр екен.
Батыс Қазақстан облысының байтақ даласы ауыл шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Өңірде импортқа тәуелділікті төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту және облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында көп жұмыс атқарылып жатыр.
– 2023 жылы өңірлік агроқұрылымдар мен кәсіп иелеріне 16 млрдқа жуық субсидия және 15 млрд теңге несие беру қарастырылды. Бұл жергілікті шаруаларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау және зор мүмкіндік, – дейді облыс әкімі.
Өңір халқын сүт өнімдерімен қамту бағытында «Агроөнеркәсіп кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру» бағдарламасы аясында 6 млрд теңгеге 4 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланып отыр. Жаңа сүт-тауарлы фермаларын ашқан жағдайда облыс халқын сүт өнімдерімен қамтамасыз ету қазіргі 22%-дан 32%-ға артып, 25 мың тоннадан 36 мың тоннаға жетеді.
Әкім «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін картоп пен көкөніс алқабын 8,1 мың гектардан 9,3 мың гектарға ұлғайтатынын айтты. Бүгінде өңір өзін-өзі картоп өнімімен – 91%, пиязбен – 98%, сәбізбен – 56%, қырыққабатпен 56% қамтамасыз етеді.
Жергілікті халық жыл бойы тапшылық көрмеуі үшін жыл соңына дейін сыйымдылығы 12 мың тонна болатын екі ірі көкөніс қоймасы салынады. Оның бірі сыйымдылығы 4 мың тонна, құны 1,2 млрд теңге болатын «Baystone» ЖШС-ның қоймасы болса, екіншісі – «Орал Агро» ЖК-ның құны 1,8 млрд теңгелік 8 мың тонна өнім сақтаушы орны. Бұған қосымша 2025 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 39 мың тонналық 19 көкөніс қоймасы салынады екен. Осылайша өңірде жалпы сыйымдылығы 100 мың тоннадан аса 48 көкөніс қоймасы болады екен.
Етті мал шаруашылығы – батысқазақстандықтардың бағзыдан келе жатқан кәсібі. Облыста жыл сайын жергілікті халықтың қажеттілігінен екі есе артық ет өндіріледі екен. Былтыр өндірілген 54 мың тонна ет өзімізден артылып, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және басқа да облыстарға жеткізілген. Ал құс етімен қамту 66%-ды құрайды. Осы кезге дейін жылына 7,2 мың тонна құс етін өндіретін зауыт қуаттылығын 12 мың тоннаға дейін ұлғайтып жатыр.
Өңірде Мемлекет басшысының ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша берген тапсырмасы орындалып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінген. Әкім осы қаржыға 742 шағын несие беріп, 787 жұмыс орны құрылатынын айтты. Қазір облыс аумағында 235 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұр. Бұған тағы 60 кооператив қосылмақ.
Жастарды қолдау мақсатында 238 адамға 5 млн теңгеге дейінгі көлемде жалпы сомасы 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несие беріліп жатыр екен.
Өмір сапасы артады
Облыс әкімі Н.Төреғалиев журналистердің Батыс Қазақстан облысындағы түйткілді жағдайлар бойынша қойылған сауалдарына да жан-жақты жауап берді. Соның бірі – жол мәселесі. Облыста 6 176 шақырым автожол бар. Соның 1 414 шақырымы республикалық маңызға ие жолдар болса, 4 762 – шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар.
– Биыл Үкіметтің қолдауымен 74 млрд теңгеге 570 шақырым жолымызды жөндейміз деп отырмыз. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық, деді өңір басшысы.
Республикалық маңызы бар автожолдар да – өңір тұрғындарының басты назарында. Әсіресе ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолы қашан аяқталады деп халық күтіп отыр.
– Қазіргі таңда 245 шақырым жолдың 125 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. «ҚазАвтоЖол» республикалық мекемесінің мәліметінше, қалған 120 шақырым жолдың төменгі қабаты биыл аяқталады. Сонымен қатар 144 шақырым болатын «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолының екі бөлігінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалған екі бөлікте жыл соңына дейін мердігер анықталып, жұмыс басталады. Биыл жергілікті жолдар құрылысына да 27 млрд теңге бөлініп, облыстық және аудандық дәрежедегі 332 шақырым жол жөнделмек. Осының нәтижесінде жыл соңында жергілікті автомобиль жолдарының 52%-ы жақсы және қанағаттанарлық дәрежеде болады, – деді әкім.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да түйінді мәселе аз емес болатын. Әкім 2023 жылы бұл салаға 11,7 млрд теңге инвестиция салынатынын айтты. Бұл қаражатқа 2 мың шақырымнан аса инженерлік желі күрделі және жеңіл-желпі жөндеуден өтпек.
Ал бүгінде 82% тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту үшін 2025 жылға дейін 20 млрдқа жуық қаражат салынып, 2 мың шақырым электр желісін ауыстыру қарастырылып отыр екен. 2023 жылы республикалық бюджеттен ұзындығы 138 шақырым «110 кВ-әуе желілерін қайта құру» жобасын іске асыруға 1,9 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ облыстың 12 ауданында 81 елді мекеннің және Орал қаласының электрмен жабдықтау қызметі сапасын жақсарту үшін
11 жоба жасақталып жатыр екен.
Түйткілді тақырыптар талқыланды
Н.Төреғалиев өңірдің инфрақұрылымын жақсарту, экология мәселелеріне де кеңінен тоқталып өтті. Биыл өңірде көпқабатты 30 тұрғын үй, 893 пәтер пайдалануға берілмек. Әкім халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына Орал қаласынан 178 пәтер берілетінін айтты.
Өңірдегі өзекті тақырыптың бірі – оқушыларды жайлы мектеппен қамту мәселесі. Қазір облыста 12 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. Биыл бұл бағытта 27 мектептің құрылысы басталады, оның ішінде 9 ғимарат «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында салынады. Жыл соңына дейін 18 мектеп пайдалануға беріледі. Өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған. Ал 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 84,3%-ға жеткен. Осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізу көзделіп отыр.
– Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс аумағында 9 спорт кешені пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынып жатыр. Сондай-ақ 1 кешеннің құрылысын 2024 жылы бастаймыз. Биыл Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады. Сонымен қатар өңірде әртүрлі саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы облыс бюджет есебінен 113 грант бөлініп, түлектерге жоғары білім сертификаты берілді, – деді Н.Төреғалиұлы.
Өңірде денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасы аясында облыста 50 нысан салу жоспарланған. Одан бөлек, «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелер шеңберінде 25 млрд теңгеге 1 мыңнан аса қажетті медициналық құрал-жабдық алынады.
Рас, облыста дәрігер маман жетіспейді. Дәл қазір 274 дәрігердің орны бос тұр екен. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 55 грант талапкерлерге, республикалық бюджет арқылы 88 грант резидентураға бөлінген. «Біз кадр мәселесін шешу бағытында жұмыстанып, шақырту нәтижесінде өңірімізге 13 дәрігер маман кадр келді», деді әкім.
Журналистер әкімге өңір тұрғындарын толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Мәселен, бірнеше жылға созылған даудың бірі – «Күбілей» зауыты маңындағы тұрғын үйлерге қатысты мәселе.
– Бұл екі кәсіпкердің арасында туған келіспеушілік болатын. Мәселенің осылай ушығып кетуіне көнерген, уақыты өткен ережелер, соның ішінде зауыттардың санитарлық-қорғау аймағы туралы құжаттан да кінәрат бар деп ойлаймын. Сондықтан осы құжаттарды қайта қарауды ұсынып жатырмыз. Ал «Күбілей» маңындағы тұрғын үйлерге қатысты дауда қарапайым тұрғындар зардап шекпеуі керек, біз соны қадағалаймыз. Бәрі заң аясында шешілуге тиіс, – деді Н.Төреғалиев.
Жыл басында Орал әуежайы төңірегінде де түрлі ақпарат тараған болатын. Ол бойынша да жан-жақты жауап берген әкім биыл Орал әуежайынан 8 түрлі бағытқа әуе қатынасы жолға қойылатынын айтты. Соның ішінде Германияның Франкфурт, Түркияның Анкара, Мысырдың Шарм әл-шейх қалаларына қазірдің өзінде ұшақ қатынай бастаған.
– Орал әуежайы шетелдіктердің меншігіне өтті деген сөз – ұшқары пікір, ол компания тек уақытша қызмет атқарып жатыр. Әуежайдың билігі толық мемлекеттің қолында. Бұл жерде халықтың алаңдауына негіз жоқ, бәрі де мемлекеттік органдардың толық бақылауында, – деді өңір басшысы.
Сұрақтардың бірсыпырасы өңірде көбейіп кеткен ақбөкендер жайына арналды. Соның ішінде киікті, оның еті мен мүйізін, терісін пайдалану мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Алайда халықаралық талаптар бойынша, заң аясында әзірге бұған тыйым салынған. Облыс әкімі Н.Төреғалиев жергілікті халықтың талабына сәйкес ақбөкен санын шектеу, дериваттарын пайдалану мәселесін тиісті орындарға жеткізгенін айтты. Бірақ соңғы байлам ғалымдар мен мамандардың қолында.