Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сарапшылардың болжамына сәйкес, урбанизация үрдісі үзілмейді. Кейінірек шегінсек, 1930 жылы әлемде урбанизация 30%-ды құраса, қазір 56%-ға жеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына көз жүгіртсек, 2050 жылға қарай урбанизация 70%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал бізде ше? Елде кейінгі 10 жылдың өзінде урбанизация үдерісі жеделдегені байқалады. Егер 2014 жылы елдегі урбанизация 56%-ды құраса, қазір 61,2%-ға жеткен. Демек, қазірдің өзінде әуелде болжанған көрсеткішті басып озыппыз. Урбанизациядан, яғни ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуынан қала халқының саны еселеп өсіп жатқаны белгілі. Сондықтан ішкі көші-қонға қалалар уағында қамданбаса, урбанизация ырыққа көнбейді. Мұндайда, қала мен ауыл халқы да тұйыққа тірелуі ықтимал. Соның ішінде қалаға барғандар жұмыссыз, үйсіз-күйсіз сандалса, пәтер жалдағандар жылуға, ауыз суға жарымай жүр.
Жуырда Экономикалық зерттеулер институтында өткен дөңгелек үстелде елдегі демографиялық сын-қатерлер, нақтырақ айтсақ, урбанизация тақырыбы кеңінен қаузалды. Басқосуда демограф, сарапшылар, мемлекеттік органның және басқа да ұйымдардың өкілдері урбанизацияның қала және ауылдағы әлеуметтің ахуалына әсерін талқылады. Әуелі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының айтқанын келтірейік.
– Бізде кейінгі жылдары ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуы жиіледі. Қарап отырсақ, 2014 жылдан 2022 жылға дейін ауылдан қалаға қоныс аударған халықтың саны 667 000-ға жеткен. Бұл дегеніңіз – былайша айтқанда, бір үлкен қаладағы тұрғындардың үлесіне шамалас тұрғындар қоныс аударған деген сөз. Әрине, оларға бірінші кезекте үй, инфрақұрылым, жұмыс қажет. Осы тұста урбанизацияға технологиялардың дамуы да әсер етіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Осы үрдіс ауыл шаруашылығындағы еңбек нарығын да айналып өтпейді. 2014 жылы агросалада 1 млн 600 мың адам еңбек етсе, қазір 1 млн 100 мың адам жұмыс істейді, – дейді ол.
Президент Жарлығынан кейін Үкімет биыл ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Мұндағы ең басты шаруа ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді реттеу, инженерлік желілерді жетілдіру және көлік инфрақұрылымын дамытуға негізделген. Ашып айтар болсақ, ауылдарда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, елді мекендер сумен және электрмен жабдықталады. Кең жолақты интернет жайы да басшылыққа алынады. Ауыл-ел арасындағы жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, музей, кинотеатр, спорт ғимараттары секілді мәдени нысандар салынады екен. Тұжырымдаманың инфрақұрылымды дамыту бағытында 6 295 ауылдық елді мекеннің ішінен 3 500 ауыл таңдалған. Өйткені 3 500 елді мекенде ауыл халқының 90%-ы тұрады. Әрине, бұл басқа ауылдар тізімнен шығады деген сөз емес. Біз қаперге алып отырған іс-шаралар – тұжырымдама аясында жоспарлы түрде іске асатын жұмыстардың бір бөлігі ғана. Иә, бүгінге дейін ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға негізделген бағдарлама, жобалар іске асып келді. Қуантарлығы, қазір Үкімет межелі міндеттердің жоба-жоспарын тұжырымдамада топтастырып, біріздендірген. Осылайша, Үкімет ауыл халқының үлесін сақтауға күш салып отыр. Яғни мемлекет жайлы орта қалыптастыру арқылы ғана ауыл халқының үлесін арттыруға ықпалдаса алады. Урбанизацияға байланысты ауыл шаруашылық саласының мамандары, әсіресе ондағы техникадан хабары бар мамандар азайып барады екен. Бір жағы, технологияның дамуымен кейбір мамандықтардың орнын басатын мамандар келетіні заңды құбылыс.
– Тұжырымдаманы әзірлеу барысында біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен тікелей араластық. Құжатта шекара маңындағы ауылдарға көңіл бөлінді. Өйткені шекара маңы – стратегиялық маңызды аумақ. Индустриалды өңірлерде урбанизация деңгейі жоғары болады. Мысалы, Қарағандыда урбанизация деңгейі 80%-ға шыққан. Себебі индустрия дамыған сайын халық қалаға қоныс аудара бастайды. Қателеспесем, Шығыс Қазақстан облысында урбанизация көрсеткіші – 68%, Павлодар облысында – 62%. Байқасаңыздар, солтүстік өңірлерде индустриалды салалар жақсы дамыған. Оңтүстік өңірлерді алып қарасақ, урбанизация деңгейі өте төмен. Түркістан облысында бұл көрсеткіш – 20%, ал, Алматы облысында – 24%. Көрсеткіштің осылай құбылуына өңірлердің табиғаты емес, экономикалық ерекшеліктері көбірек әсер етеді, – дейді Н. Құрметұлы.
Міне қызық, 2014 жылдан 2022 жылға дейін ауылдан қалаға көшкен ағайынның көптігінен 533 ауылдық елді мекен қысқарып кеткен. Бұл әрине, қысқарып кеткен ауылдардың халқы тегіс қалаға қоныс аударды дегенді білдірмейді. Ауылдарда да ірілендіру үдерісі жүріп жатыр екен. Тұрғындар ауданы үлкен елді мекендерге жаппай шоғырланып жатыр. Осының дәлелі ретінде айтар болсақ, ауыл халқының 40%-ы халық саны 5 мың адамнан жоғары елді мекендерде қоныстанған. Сол секілді халықтың ірі қалалардың маңындағы ауылдарға шоғырлану үдерісі байқалады. Елде Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе агломерациясы бар. Яғни аталған қалалардың төңірегіне экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендер шоғырланған. Осы қалалардың іргесінде тұратын ауыл халқының саны 2 млн-ға жетеғабыл. Бұл дегеніңіз – елдегі барлық ауыл халқының 22%-ы. Ондағы тұрғындардың ауылда тұрады деген аты болғанымен, ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Қала халқының тұрмысын кешіп жүр. Басым көпшілігі қалада жұмыс істейді.
Демограф Шынар Төлешова Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған жаһандық үш демографиялық сын-қатер жайында тарқатып айтты. Тізімде бірінші урбандалу тұрса, екінші – көші-қон, үшінші халықтың қартаюы ескерілген. Бұл – қазір бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс. «Демографиялық өткел» деген термин бар. Халықтың туу көрсеткіші, өлім-жітім, көші-қон үрдісі осы теориямен түсіндіріледі. Енді демографтар урбандалуға байланысты қалалық демографиялық өткел мәселесін көтеріп отыр. Мұның әлем елдеріндегі урбандалу үрдісіне қатысы бар. Мысалы, қазір Солтүстік Америка, Латын Америка, Еуропа құрлығындағы елдердің демографиялық урбандалу пайызы өте жоғары. Тіпті, БҰҰ мәліметі бойынша 2050 жылы Солтүстік Америкада халықтың 89%-ы қалалық жерде тұрады деп болжам жасалған. Урбандалу үрдісінде Африка және Азия құрлығындағы елдер Еуропадан артта келеді. Азияда 2050 жылға қарай жалпы халықтың 66,2%-ы қалалық жерде тұрады деген болжам бар. Қарап отырсаңыздар, Солтүстік Америка, Еуропа, Латын Америка елдерінде ауылдан қалаға көшу қарқыны қазір бәсеңдеген. Олар белгілі бір пайыздық көрсеткішке жеткен соң ғана қала халқының көбею қарқыны төмендей бастаған. Ал Азия елдерінде урбанизация үрдісі жоғары болып тұр. Өйткені біз әлі белгілі бір шекке жете қоймадық. Тіпті, 70%-ға да жеткен жоқпыз. БҰҰ зерттеуіне зер салсақ, 2050 жылы елдегі халықтың 69%-ы қалада тұрады деп болжанған. Бірақ былтырғы статистиканы ескерсек, белгіленген мерзімде қала халқының саны 70%-дан асуы мүмкін екенін аңғарамыз.
– Елдегі үш мегаполистің халқы қарқынды өсіп жатыр. Бірақ оның салдары неге әкеліп жатқанын көріп отырсыздар. Су жоқ, инфрақұрылым тұралаған, балабақша немесе мектеп аз қалалар бар. Урбанизацияға уағында дұрыс болжам жасалмай, көші-қон қарқыны ескерілмегеннен инфрақұрылым, инженерлік желілерге салмақ түсіп отыр. Урбандалу ілгерілеген қалаларда ескіріп, қараусыз қалған аудандар пайда болуы мүмкін. Қаланың бір бөлігінде бай-қуатты отбасылар тұрса, екінші бөлігінде әлеуметтік осал топтар жиылуы мүмкін. Бұл урбандалу үрдісіндегі қауіп-қатердің бірі саналады, дейді демограф Ш.Төлешова.
Кейінгі Ұлттық санақ қорытындысы бойынша қалада халықтың 61,2%-ы, ауылда 38,8%-ы тұратыны белгілі болды. Енді демографияға тоқталсақ. Кеңес өкіметі тұсында ауылдан қалаға қоныс аударған халықтың басым көпшілігі орыс, поляк, украин, неміс этносынан болыпты. Бұл қатардан татарларды қалдырмаймыз. 1970 жылғы санақ бойынша ел аумағындағы қалада тұратын қазақтардың үлесі – 27% ғана. Содан жылдан-жылға бұл көрсеткіш өсіп, қазір қалада тұратын қазақтардың үлесі 58,2%-ға жеткен. Урбанизация қаланың әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне тікелей байланысты. Мамандар елдегі мегаполистерде қала халқының өсімі әзірге бәсеңдемейтінін айтып отыр. Бұл ауылмен қатар қала халқының жағдайына да жіті назар аудару қажет дегенді ұқтырса керек.