Экономика • 29 Мамыр, 2023

Қазақстан – Моңғолия: Ықпалдастықтың сындарлы жолы

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұланбатырда Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-эко­номикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті. Комиссия отырысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралды.

Қазақстан – Моңғолия:  Ықпалдастықтың сындарлы жолы

Іс-шарада сөз алған Ақпа­рат және қоғамдық даму ми­нистрі, Қазақстан-Моң­ғолия үкі­­метаралық комис­сия­сы­ның тең төрағасы Дархан Қы­дыр­әлі Моң­ғолия тарапының қонақ­жай­лылығына алғыс біл­діріп, екі ел арасындағы сау­да-эко­номикалық, ауыл шаруа­шы­лығы, көліктік-логис­тикалық, ин­вестициялық салалардағы бай­ланыстардың қазіргі жағ­дайына тоқталды.

2020 жылы пандемияға байланысты тоқтап қалған «Ұлан­батыр – Алматы – Ұланбатыр» бағытындағы әуе қатынасы қайта іске қосылды. Дегенмен екі ел астаналарының арасын қо­сатын әуе рейсін ашу, сондай-ақ «Ұлан­батыр – Ховд – Өскемен» ба­ғытында әуе және автокөлік байланысын іске қосу күн тәрті­бінде тұр.

«Қазақстан достас әрі бауыр­лас Моңғолиямен тығыз көп­салалы байланысты дамытуға мүдделі және бұған ерекше мән береді. 2022 жылы екі ел ара­сындағы дипломатиялық қаты­настардың 30 жылдық мерей­тойы­н атап өттік. Биыл Қазақ­стан мен Моңғолия ара­сындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойғанына да 30 жыл толып отыр», деді Д.Қыдырәлі.

Қос тарап Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және екі елдің эконо­микасының дамуына елеулі үлес қосатын ірі жобаларды жүзеге асыруға мән берді. Сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым, туризм, ақпарат, дін, азаматтық қо­ғам­ды дамыту және жастар саясаты салаларындағы байланысты күшейту жайы қозғалды.

Моңғолияның қаржы ми-нис­трі, Қазақстан-Моңғолия Сау­да-экономикалық, ғылыми-тех­никалық және мәдени ынты­мақтастық жөніндегі үкімет­ара­лық комиссияның тең төр­ағасы Болдын Жавхлан екіжақты қа­рым-қатынастың әлеуеті үлкен екенін айтып, Моңғолия ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал және егін ша­руа­шылығы бағытында Қазақ­станмен тәжі­рибе алмасуға мүд­делі екенін біл­дір­ді.

Отырыс қорытындысында тең төрағалар комиссия хаттамасына қол қою рәсімін жасады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Моңғолияның Қоршаған орта және туризм министрлігі табиғат қорғау бойынша өзара меморандумға қол қойды.

Осы сапар барысында Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Моң­ғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті.

«Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес саналады және еліміз әртүрлі салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп келеді. Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестігіміз бар. Осы орай­да екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде бірігіп жұ­мыс істеуге ниетіміз бар. Күні кеше Моңғолияның UBS арнасы мен «Хабар» телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағыттағы жұмысымыз жал­ғасады», – деді министр.

Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақ­парат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті еке­нін жет­кізді. Өз кезегінде Лу­всанцэрэн Энх-Амгалан мыр­за қос мемлекет ара­сында ты­ғыз байланыс бар екенін және бі­лім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Д.Қыдырәлінің ұсы­ныстарын қолдайтынын айтты. Тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, ака­демиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.

Сондай-ақ Моңғолия пре­зиденті Ухнаагийн Хүрэлсүх Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ын­ты­мақтастық жөніндегі комис­­сияның 9-отырысына кел­ген Қазақстан делегация­сын қа­был­дады. Ол Қа­зақстан мен Моң­ғолия ара­сын­дағы байла­нысқа жоғары баға беретінін ай­тып, комиссия жұ­мысына сәт­тілік тіледі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақ­стан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі президентке тығыз жұмыс кес­тесіне қара­мастан, делегация­ны қабылдағаны үшін алғысын жеткізді.Мұнан соң тараптар екі ел арасындағы мәдени-гума­нитарлық, экономикалық байланыс туралы сөз қозғады.