Сапар барысында Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Долинка ауылында орналасқан «ҚарЛаг» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті. Қасіретті кезеңнің ізі қалған осы тарихи орында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа 6-7-томдары жұртшылыққа таныстырылды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Сенаттың қолдауымен іске асырылған жинақтың 2021 жылы бес томы жарық көрді.
Аталған құжаттар хроникасының авторлары – белгілі отандық ғалымдар мен тарихшылар. Еңбекке енген құжаттардың басым бөлігі бұрын-соңды елімізде жарияланбаған. Тіпті кітапқа басылған сол кездегі анықтама, бұйрық, қарарлардың бір бөлігі бүгінге дейін құпия сақталып келген.
Мәулен Әшімбаев өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқына аса ауыр болғанын, тіпті ұлт ретінде сақталып қалуға үлкен қауіп төнгенін айтты. Сол тұстағы алапат ашаршылық пен аяусыз қуғын-сүргінді зерделеп, оның ақиқатын тануға тек Тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткенін де тілге тиек етті. Бүгінге дейін ғалымдар бұл тақырыптар бойынша көптеген зерттеу жүргізіп, архив материалдарымен жұмыс істеді. Алайда көп құжаттың құпия белгісімен сақталуы, олардың жеткіліксіздігі тарихшылардың жұмысына кері әсерін тигізіп келді.
«Президенттің бастамасымен соңғы жылдары ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыстары жандана түсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы да бастама көтерді. Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, бұрын құпия болып келген көптеген архив материалы ашылып, қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде көп томдық жинақ жарық көрді. Дегенмен әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», деді Мәулен Әшімбаев.
Палата төрағасы аталған тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керектігін де атап өтті. Ол Сенат бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, қолға алынған іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
«Соңғы екі жылдың ішінде Сенаттың бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Соның аясында бұрын еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар жиналды. Жұмыс мұнымен тоқтамай, жалғасын тауып, нәтижесінде бүгін аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Бұл жеті томдық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Сол себепті Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді деп сенеміз», – деп Мәулен Әшімбаев жинақтың жаңа томдарының жарық көруіне атсалысқан ғалымдар мен редакция алқасына алғысын білдірді.
Сонымен қатар облысқа сапары барысында Сенат төрағасы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, Мемлекет алдында тұрған міндеттерді іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын талқылады.
Осы орайда Палата cпикері өзара іс-қимылды жаңа форматта жүргізудің маңызды екенін айтып, бұл қадам қолға алған бастамаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарын заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға шақырды, өңірдегі өзекті проблемаларды шешудің жаңа жолдарын ұсынды.
«Қарағанды еліміздің индустриялық орталығы екені белгілі. Өндірісі қарқынды дамыған бұл облыстың мемлекеттің экономикасында алатын орны ерекше. Президентіміз әрдайым экономикамызды әртараптандыруға баса мән беріп келеді. Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл ретте қазба байлыққа ғана арқа сүйеп отырмай, шикізаттық емес саланы жан-жақты дамыту аса маңызды. Сондай-ақ өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да бірлесіп жұмыс істеуде өте өзекті. Бүгінгі кездесуіміздің нәтижесінде осы бағыттар бойынша аталған міндеттерді іске асырудың құқықтық негізін қалыптастыруға ықпал ететін ұсыныстар әзірленеді деп сенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты алдағы уақытта да мәслихаттармен байланысты одан әрі жандандыра беретінін айтты.
Одан бөлек, сенаторлар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамымен, студенттерімен кездесті. С.Сәпиев атындағы бокс орталығына барып, ерекше қажеттілігі бар спортшылардың боччадан ашық жаттығуына қатысты. Мәулен Әшімбаев тағдырдың сынына тап болса да мойымай, спортпен шұғылданып жүрген жандардың ерік-жігері қолдауға лайық екенін айтып, алдағы уақытта да елімізде инклюзивті орта құру жұмысы жалғаса беретініне назар аударды.