19 Шілде, 2014

Бірлікті ұстаным еткен ұтылмайды

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
003-203Әу баста іргетасын сан ұлттың өкілдері білек пен тілек біріктіре қалаған Ақтау – достықтың қаласы. Маңғыстау облысындағы өзге ұлт өкілдері негізінен осы қалаға шоғырланған, ал аудандар мен Жаңаөзен қаласында тұратындар – ел мен жер иесі – қазақтар. Достық теңізі аталатын Каспий жағасындағы сұлу қалада тату-тәтті тірлік кешіп жатқан бірнеше ұлт ұрпақтары Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 18-ші сессиясында басқосып, келелі істерді талқыға салды.   6 187 6 232 Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқы Ассам­блея­сы­н­ың өкілдігіне берген тапсыр­маларының жүзеге асырылу жайы мен келесі облыстық 19-шы сессияның жоспарлары талқыланған жиынға өңірдегі 20 ұлттық мәдени орталықтың өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М. Бортник, аудан-қала әкімдері, мемлекеттік мекемелер басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Аймақ басшысы, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы А.Айдарбаев халықтар достығын нығайту бағытында өңірде 2013 жылы жасалған жұмыстар мен биылға межеленген міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төраға­сы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында Маңғыстау облысында Достық үйін салу туралы айтқан болатын. Қазіргі таңда жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстіндегі нысанды достық орны болумен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары дем­алатын көрікті орындарының бірі ретінде салуға, ол үшін Достық үйімен бірге Достық аллеясы, келісім алаңы, этноқалашық салынса деген этномәдени бірлестік мүшелерінен ұсыныс түскен. Аймақ басшысы тарапынан қолдау тапқан ұсыныс орындалуы үшін тиісті орындарға тапсырмалар жүктелді. Келесі жыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды мерекелер жылы. Бірлігімізді жарастыра жүріп осы мерекелерге лайықты атсалысу, ұлттардың өзара татулығын одан әрі ұйытып, белсенді жұмысын үйлестіретін жастарды дайындау қажеттігі айтылды. Наурыз айында тұсауы кесілген «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының жаңа кезеңі аясындағы өңірлерде өнер, мәдениет пен дәстүрді, патриоттық тәрбиені жетілдіру, сондай-ақ, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» қалыптастыру бағытындағы жастарды жұмыспен қамту мәселелері барлық ұлттардың қатысуымен, қолдауымен жүзеге асатын болады. Маңғыстау өңірінде 20 ұлттық мәдени орталық құрылған. Олар достықты нығайтуға және өз ана тілі мен тарихын, дәстүрін насихаттауда белсенді жұмыс істеп келеді. Сессияда «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Н. Рафикова, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі мүшесі В.Сторожук, «Шалом» еврей этномәдени бірлестігі мүшесі З. Авсиевич сөз сөйлеп, өз ықыластарын жеткізді. – Дипломы болғанмен, тә­жірибесі жоқ болғандықтан жас­тардың жұмысқа орналасуы қиын. Мен Маңғыстау энергетикалық колледжінің түлегімін. 20-дан астам ұлт өкілдерінің балалары білім алып жатқан білім ордасы студенттерді тәжірибеден өткізу мақсатында 40-шақты мекемемен келісімшартқа отырған. Мен колледждегі ­дуалды оқыту жүйесі нәтиже­сін­де жұмысқа орналастым, деген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қыз­меткері Р.Сырбу дуал­ды оқыту жүйесін қолға алу, жас маман­дарды дайын­дауға өңірдегі өндірістік меке­мелердің өз үлестерін қосуы, баспана мәселесін шешу үшін ірі кәсіпорындардың жұмыс­шыларына арнап өз үйлерін салуы қажеттігін тілге тиек етті. Сессияда Маңғыстау об­лыстық Ассамблея құрамына жаңа мүшелер сайланып, ұлтаралық достықты сақтауға үлес қосып жүрген белсенді азаматтар марапатталды. Қиын кезеңдерде діні мен діліне, тілі мен түріне қарамай сан ұлттың ұрпағын бауырына басқан халқымыз үшін бағзыдан бері бірлік – ұстаным, достық – береке. Тәуелсіз Қазақстаннның дамуы мен болашағы үшін ел ішіндегі тыныштық-татулықтың маңызы қаншалықты екендігін де қазіргі бауырлар түсініп, бірлікті ыдыратпауға өз үлестерін қосып келеді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.