Министрліктің ұстанымына салсақ, бұл құжат құрылыс пен жобалау және сараптама нарығындағы сапаны арттыруға бағытталған. Биыл Түркияда зілзала салдарынан туындаған трагедия да бұйрық жобасының дайындалуына ықпал еткен болуы мүмкін. Алайда «Сараптама ұйымдары палатасы» мүшелерінің пайымына салсақ, кәсіби мамандар бұл бұйрық жобасы құрылыс жобаларына сараптама жасау нарығында монополияның ұлғаюына соқтырады. Сол үшін де бірнеше айдан бері оның күшін жоюға тырысып жатыр. Таяуда аккредиттелген «Сараптамалық ұйымдар палатасы» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс жобаларын сараптау саласын мемлекеттік монополияға қайтару әрекетіне байланысты Мемлекет басшысына және Бас прокуратураға хат жолдап, мәселенің оңынан шешілуіне араласуын сұрады.
Аталған хатта көрініс тапқан дәйектерге қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар. Біріншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген құжат отандық бизнестің мүддесіне кері әсер етеді. Ол Президенттің 2022 жылы 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы құрылыс нарығын демонополизациялауға және оның бәсекелестік ортада дамуына ықпал ету шараларын қабылдау жөніндегі тапсырмасына қайшы келеді. Сонымен қатар «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы «Жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту. Жобаларды сараптауды бәсекелесті ортаға тапсыру» деп тайға таңба басқандай көрсетілген 47-қадамға да сай келмейтіні айтылған.
Сараптама ұйымдардың пікіріне ден қойсақ, бұйрық жобасы Индустрия министрлігінің қолданыстағы заңнамасының нормаларын бұза отырып дайындалған. Кәсіпкерлік кодексте және «Құқықтық актілер туралы» заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты реттеушілік әсерді талдау міндетті түрде жүргізілуге тиіс. Осы және басқа да аргументтерді алға тартқан құрылыс нарығындағы Сараптама ұйымдар палатасы мәселеге Бас прокуратура мен Мемлекет басшысының араласуын сұрауға мәжбүр болып отыр.
Министрлік ұсынысы бойынша, 4-5 қабатты тұрғын үйлерге, 150 адамдық сыйымдылығы бар спорт және мәдени нысандарға, 800 адамға арналған сауда, ойын-сауық нысандарына, 600 оқушы баратын мектеп, гимназия және лицейлерге «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны сараптама жасауы керек. Бұл сапаны арттыру үшін қажет. Ал бұл жұмысты атқаруға «Мемлекеттік сараптама» мекемесінің қауқары жете ме? Жалпы, мемлекеттік сараптама жыл сайын қарастыратын жобалардың жалпы саны 2 500-ден аспайды екен. Ал жеке сараптама орталықтары жыл сайын 13 мыңнан астам сараптаманы жүзеге асырады. Оның 30 пайызының өзі 3 мың жобадан асып түседі. Яғни жаңа құжат бойынша, мемлекеттік экспертизаның иығына түсетін салмақ 150 пайызға артады деген сөз. Бұрынғымен салыстырғанда 2 жарым есе ұлғайған жобаларға сараптама жасауға мемлекеттік сараптама жасаушылар дайын ба? Мәселеге осы сауал тұрғысынан үңілген жөн сыңайлы.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының алаңында осы мәселенің талқыланып жатқанына екі айға жуықтады. Оған құрылыс нарығындағы сарапшылардан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Монополияға қарсы агенттік сынды мемлекеттік органдардың өкілдері жүйелі түрде қатысып жүр. Күні кеше ғана осы тақырып дөңгелек үстел тақырыбына арқау болған еді. Дөңгелек үстелге қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы да мемлекеттік сараптаманың әлеуетіне қатысты мәселе көтерді. Ол қазіргі таңда жалпы 100 пайыз сараптаманың 18 пайызын мемлекет бақылайтынын, ал қалған 82 пайызы жеке сараптама ұйымдарының құзыретіне жататынын айта келіп: «Ресурстары мен инфрақұрылымы жоқ мемлекеттік сараптама жұмыс көлемінің 60 пайыздан астамын алса, оны қаншалықты игере алады?» деген орынды сауал қойды. Әрине, министрлік өкілі бұл жүкті арқалауға әлеуеті жеткілікті екенін айтып отыр. Алайда сарапшылар қауымы бұл мәселенің құрылыс нарығына тигізетін теріс ықпалы көп ұзамай көріне бастайды деген пікірде.
Дөңгелек үстелде Сараптамалық ұйымдар палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түзетулері ең бірінші кезекте, құрылыстағы мемлекеттік жобаларды сараптау саласындағы мемлекеттік монополияны күшейтуге бағытталғанын және мемлекет бекіткен бағдарламалық құжаттарға қайшы келетінін атап өтті. «Бұйрық сарапшылар қауымдастығында үлкен резонанс тудырды. Аталған құжатқа қатысты 270 қарсылық пен келіспеушілік келіп түсті. Қауымдастық мүшелері бұл бұйрықтың түпкі мақсаты мемлекеттік емес сараптама институтын біртіндеп жоюға бағытталған деп санайды. Бұл қағидаларды өзгертудің қажеті жоқ. Өйткені барлық аса күрделі мемлекеттік маңызды әлеуметтік жобалар, сондай-ақ азаматтардың тіршілігін қамтамасыз етуге әсер ететін жобалар және адамдар көп болатын ғимарат жобалары қазірдің өзінде мемлекеттік монополияда», деді Бірлік Ережепов.
Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік сараптаманың бағасы жеке сараптама жасаушы ұйымдар қойып отырған бағадан жоғары. Сәйкесінше, құрылыс нарығындағы баға көтеріліп кетпей ме деген заңды зауал туындайды. Онсыз да бағаның төмен емесін ескерсек, бұл да маңызды сұрақ.
Ұлттық палата өкілдерінің пікірінше, жаңа бұйрық арқылы уәкілетті орган құрылыс жобаларын мемлекеттік емес сараптау институтының жұмысын әлсіретіп, сараптама көлемін мемлекеттік сараптама ұйымының құзыретіне беру арқылы осы саладағы нарықты іс жүзінде монополиялайды. Өкілетті органның жүргізіп отырған саясаты іс жүзінде жобаларды мемлекеттік емес сараптау институтының тарап кетуіне әкеп соғады. Олар жұмыс істеп тұрған мемлекеттік емес сараптама ұйымдарының көпшілігі өз қызметкерлерін тоқтатуға, мамандары мен сарапшыларын қысқартуға мәжбүр болатынына сенімді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сәуір айында шыққан құжаты құрылыс нарығына сараптама жасау нарығында осындай алаңдаушылық туғызып отыр. Монополияға қарсы агенттік пен Әділет министрлігі Сараптама ұйымдарының палатасының ұстанымын қолдау білдіріп отырғанын да айта кеткен жөн. Оны дөңгелек үстелде Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы да айтып өтті. Құрылыс нарығына айтарлықтай әсері болатын құжатқа қатысты қандай шешім қабылданарын уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да, сарапшылар өз ұстанымдарын соңына дейін қорғауға әзірміз деп отыр.