Ауғанстан билігіне келген «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған) исламшылдық қозғалысының содырлары алдымен 27 мамырда Иранның Забол қаласының маңындағы қақтығыста оқ ата бастайды. Бұл қақтығысты бірінші қай елдің, нақты кімнің бастағаны әзірге белгісіз. ІRNA ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, «Талибан» күштері Иран шекара бекетін атқылай бастаған. Полиция бастығының орынбасары, генерал Қасем Резаидің айтуынша, «Талибан» Иранның оңтүстік-шығысындағы шекара бекетінде халықаралық құқықты мүлдем елемей, күш көрсеткен. Иран Ислам Республикасының әскері болса бекіністерге артиллериядан қарсы соққы жасады. Қақтығыс салдарынан Иранның 2 шекарашысы қаза тапқан. Лаңкестік қозғалыс ертесіне тіпті бұйрық берілсе, «Иран арандатушы әрекеттерінен бас тартпаса», Тегеранды басып алатынын мәлімдеді. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, «Иранға Американың тісі батпаған шығар, бірақ біз Иранмен АҚШ-тан асқан тегеурінмен күресеміз. Егер біздің көшбасшылар жиһад жарияласа, онда Иранды тез жаулап аламыз», дейді «Талибан» қозғалысы көшбасшыларының бірі Абдулхамид Хорасани.
Систан мен Белуджистан провинцияларында жұмыс істейтін «HalVash» құқық қорғау ұйымы екі ел шекарасында болған қақтығыста Иран әскері артиллерия, миномет қолданғанын мәлімдеді. Ал талибандар америкалық зеңбіректерден атқылап, АҚШ әскерилері Ауғанстаннан шығарылған кезде НАТО тастап кеткен бронды техниканы пайдаланған.
Негізі екі тарап арасындағы қақтығыс Ауғанстан шекарасындағы суға таласудан басталған. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, соңғы уақытта Ауғанстан мен Иран арасында суға қатысты дау өршіп барады. Тегеран Ауғанстанның жаңа билігі екі ел арасында сонау 1973 жылы бекітілген келісімді бұзып, ортақ Гильменд өзенінің Иранның шөлді шығыс аудандарына баратын ағынын шектеп тастағанын айтады. Қазір сол аймақтарды қуаңшылық жайлаған. Ал талибандар мұны мойындамай отыр.
Десе де, екі ел шекарасында болған қақтығысты кім бастағаны белгісіз, «Reuters» оны ирандықтар бастауы да әбден мүмкін деп жазады. Өйткені «Талибанның» сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдул Нафи Такор «Бүгін Нимроз провинциясында ирандық шекарашылар Ауғанстан жағына қарай оқ ата бастады. Сөйтіп, жауап реакцияға тап болды. Қазіргі кезде жағдай бақылауда тұр. Ислам әміршілігі (Ауғанстан) өз көршілерімен соғысуды қаламайды», деп мәлімдеді. Ал сарапшылар мұны талибандардың саясаты болуы мүмкін екенін жасырмайды. Себебі талибандар әу бастан соғыс, қару ұстау, атысуды шебер меңгерген халық, олар Ауғанстанды тізгініне алғанымен, оны қажетті деңгейде басқара алмай отырғаны белгілі. Ауған халқын қазір аштық жайлап, онсыз да әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен ел одан сайын әлсірей түсті. Талибандар тек әлем елдерінен келетін гуманитарлық көмекке сеніп отырған секілді. Өйткені халықтың әл-ауқатын көтеруді емес, керісінше, қақтығыс жасап, одан зардап шегіп, тағы да халықаралық көмек күтуі әбден мүмкін.
Ал шындығына келгенде, суға таласатындай Ауғанстан Иран секілді бұл тіршілік көзіне зәру емес. Соңғы 30 жылда Иран қатты қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Сондықтан олар өздеріне тиесілі су көзінен айдың-күннің аманында бас тарта салатындай жағдайда емес. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәлімдеуінше, соңғы он жылда елдегі ахуал нашарлай түскен. Ал Иран метеорологиялық ұйымы құрғақшылық елдің 97 пайызын жайлады деп хабарлады.
Ауғанстанда керісінше, өзен-көл көп. Мәселен, бір ғана Кабул өзені Пәкістан арқылы ағып өтіп, Үнді мұхитына құяды. Ел астанасы осы Кабул өзенінің жағасында орналасқан. Негізі ірі өзендердің барлығы ел ішіндегі таулардан бастау алады, сондықтан Ауғанстанға өз суы молынан жетеді. Елдің солтүстік-шығысындағы Памир тауларынан басталатын Әмудария өзені де осы мемлекеттің құзырында.
Екі ел бөлісе алмай отырған Гильменд – аумақтағы ең ұзын өзен. Оның Кабулдың батысынан басталатын ағысы оңтүстік-батысындағы Иран шекарасына дейін жетеді. Ұзындығы шамамен 1,4 мың шақырымға созылып жатқан өзенге негізі көрші елдердің барлығы көз тігіп отыр. Ал Иран болса қазір талибандармен жаға жыртысып ортақ өзенді бөлісуге мәжбүр. Сарапшылар суға байланысты екі ел бір шешімге келмесе, қақтығыстар жалғасатынын айтады.