Елорда • 30 Мамыр, 2023

Астанада мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастамасымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиаданың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Астанада мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

Іс-шараның ашылу салтанатына мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев, елордадағы бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бақтияр Масанов, жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин және қалалық спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов қатысты.

а

«Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан cпартакиаданы өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Биыл 13-мәрте өткізіліп жатыр. Бұл — спорт. Спортта барлығы жеңе бермейтіні анық. Бастысы, салауатты өмір салтын насихаттап, мемлекеттік қызметшілердің бірлігін арттыру. Алдағы күндері үздіктер анықталып, республикалық спартакиадада Астана қаласының намысын қорғайтын болады. Сіздердің жеңіске жеткендеріңіз – біз үшін үлкен мақтаныш», деді Әли Көмекбаев.

Айта кетсек, биылғы спартакиадаға құрамында 300-ге жуық мемлекеттік қызметшісі бар 23 команда қатысып жатыр. Олар шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, жүзу, бильярд, қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен өзара күш сынасады.

а

Ұйымдастырушылардың айтуынша спартакиаданың бірден-бір мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, командалық рухты, мақсатқа ұмтылушылықты, ерік-жігерді, табандылықты және жеңіске ұмтылысты тәрбиелеу.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші – бұл өз ісінің кәсіпқой маманы ғана емес, ол ең алдымен өз денсаулығына тиісті назар аударуды қажет ететін адам, өйткені дені сау мемлекеттік қызметші – тиімді мемлекеттік қызметші екені белгілі. Спартакиадаға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады. Жарыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Басты бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің арасындағы бірлікті арттыру», дейді қалалық спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.

а

Спартакиада қорытындысы бойынша Астана қаласының үздіктері жасақталып, 20-25 маусым аралығында Талдықорған қаласында өтетін республикалық спартакиадаға қатысуға жолдама алады.