Аймақтар • 30 Мамыр, 2023

Алматыда қайыр сұрап, құлдықта болған зейнеткерге көмек көрсетілді

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылық еріктілер Алматы базарынан (барахолка) мүгедек зейнеткерді байқаған, олар әжейдің садақа сұрап отырғаны біраз күмән тудырғанын жасырмады. Ақыры оқиғаның мән-жайын анықтаған еріктілер жәбірленушіге көмектесіп, қарттар үйіне орналастырған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда қайыр сұрап, құлдықта болған зейнеткерге көмек көрсетілді

Жергілікті БАҚ нақтылағандай, 66 жастағы зейнеткер мүгедектер арбасында қолын жайып, банк шотына ақша аударуды сұраған. 

Еріктілердің айтуынша, біреулер әйелді таңертең базарға әкеліп, қайыр сұрауға мәжбүрлеген.

Садақа сұраған егде әйелдің айтуынша, ол ыстықта да, суықта да далада отырған. Ұзақ уақыт бойы ол тек нан мен сумен тамақтанған деген болжам бар. Әже бірінші топтағы мүгедектердің қатарына жататыны анықталды. Ол Алматыға келгенге дейін Атырау мен Ақтөбеде «адам сатушылармен» бірге тұрған. Содан кейін ол басқа «қожайындарға» тапсырылды.

«Есімде жоқ. Мені бір әйел адам қатты ұрып-соғып, аз ақша әкелесің дейтін. Бірақ мен көп ақшаны қайдан аламын?», деп бөлісті зейнеткер.

Зейнеткердің айтуынша, белгісіз біреулер алдымен оның куәлігі мен зейнетақы кітапшасын тартып алған.

«Одан басқа арбаға таңылған адамдарды әкеліп жатыр. Барлығы қорқады, сыбырлап сөйлеседі. Барлығы көмек сұрап жатыр. Бұл өте күрделі мәселе. Егер бұл іске қоғамдық наразылық тудырмаса, адам саудасы мен оларды құлдықта ұстау жалғаса береді», деді «Әділ» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Оксана Маралова. 

Полиция қызметкерлері бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілетінін хабарлады. Қазір тәртіп сақшылары банк шотының кімге тиесілі екенін анықтап жатыр.  

Айта кетсек, биылғы жылдың 16 мамырында осы жағдайға ұқсас оқиға болған. Ақтөбе қаласының тұрғыны екі жыл бойы құлдықта болған. Ер адам қайыр сұрауға мәжбүр болғанын айтты.

2023 жылдың басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген.