19 Шілде, 2014

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді

1490 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100-590Қазақ ел болып, мемлекет болып қалыптасқалы бері тек бірлік пен берекені, бейбітшілік пен ынтымақтастықты ұран етіп, төңірегіндегі жұртқа да осы бір адами ізгілікті насихаттап келе жатқаны шындық. Оның жарқын үлгісін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап-ақ көрсетіп келеді. Елбасымыздың 20 жылдан астам көтеріп жүрген Еуразиялық экономикалық одақ құру бастамасы биылғы жылы жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 29 мамыры күні Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь басшылары бас қосып, экономикалық одақтастық туралы шартқа қол қойды. Жалпы, ғаламшарда тірлік етіп жатқан кез келген мемлекет, мейлі ол шағын, мейлі үлкен болсын, жан-жағындағы көрші­лерімен алыс-беріс жасамай отыра алмайды. Тіпті, мемлекеттерді былай қойғанда, ауылдағы қой-ешкісі, тауық-қазы аралас-құралас жатқан көршілердің бір-бірімен тату болғаны, ынтымақтаса тірлік кешуі көп мәселені оңды шешпей ме. Қазекем: «Үй алма, көрші ал», деп өте орынды айтқан. Сон­дықтан, іргелес жатқан, ғасырлар бойғы тарихы мен шежіресі, экономикасы мен руханияты бір қазанда қайнап келген үш мемлекеттің береке-бірлік шартына қол қоюы – замана талабы. Еуразиялық одақ құру Ел­ба­сымыздың көп жылғы мақсаты болатын. Ол бұл идеяны, яғни өзара ықпалдастық идеясын осыдан жиырма жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде жария еткен еді. Бұл болашағы зор идеяға алғашында жатырқай, тосырқай қарағандар да көп болғаны, интеграцияға жету жолы тым ұзақ әрі ауыр болғаны да рас. «Тәуелсіздігімізге нұқсан келеді, халқының саны басым мемлекеттер үстемдігі салтанат құрады да, таза шикізатқа бай­лан­ған Қазақстан зардап шегеді. Руханият салаларымыз тоқы­райды. Ақ болады, көк болады...», деп ақырзаман тудырғысы келген «сәуегейлер мен көріпкелдер», оппозицияның туын ұстаған партия өкілдері қарапайым ха­лық­ты мұраты зор идеяға қарсы қойғылары да келді. Ақыры, тарихи әділеттілік өз дегеніне жетті. Ұлан-асыр игіліктер мен жақсылықтардан үмітті жұрт едік, бірлікті тәңіріден күніге тоғыз қайтара сұрап отыратын қаймана қазақ едік, мына өзара ықпалдастық шарты жаңа ғана іргетасы бекіп келе жатқан мемлекетіміздің экономикалық қуатын одан әрі бекіте түседі деп, соған қуанып отырмыз. Экономикалық одақ тақыр жерден пайда бола салған жоқ. Ең алдымен, оның алғышарты – Кеден одағы дүниеге келді. Кәсіпорындарымыздың тынысы кеңіді, өнімдерімізді өткізетін рыноктың радиусы еселенді. Алайда, бұл одаққа мүшелік Қазақстан сынды жас әрі өнім өндіруші кәсіпорындары жаңа ғана бір арнаға түсіп, енді-енді оң-солын тани бастаған мемлекет үшін аса үлкен жауапкершілік екені белгілі. Ол – бәсекеге қабі­леттілік. Елбасымыздың екі сөзінің бірінде халықаралық сапа, бәсекеге лайық болуымыз жайлы қордалы әңгіме қозғайтыны сондықтан. Әлемдегі экономика жеке-дара дамымайды. Дамудың басты тегершігі – бәсекелестікте. Шикізат технологиялық түс алуға тиіс, ал технология жаңа сапаға ие болуы қажет. Бізде жоқ дүние, бізде жоқ жаңа технология Ресейде не Беларусьте бар, олардың қажеттілігі бізден табылады дегендей. Міне, сонда барып қазақстандық кәсіпорындар мен өнімдер әлемдік сұранысқа ие болады. Одақ бізге сол үшін қызмет етеді. Үш мемлекет басшысының да қаузап отырғаны, басты мұ­раттары да осыған саяды. Ресей мен Беларусь жұрты біз­ге таңсық емес. Олармен әлеу­­меттік-экономикалық, мәде­ни-рухани қатынастарымыз әлми­сақтан бері үзілген емес. Жағы­ра­пиялық көршілігіміз Еуропа мен Азия арасын жалғайтын көлік-логистикалық бағытқа негіз болады. Кедендік бірлік нәтижесінде осы үш мемлекет арасындағы экономикалық жиынтық қаржы 2 триллионнан астам долларды құрапты. Ендігі кезеңде бұл соманың әлденеше есеге өсетіні шындық. Еуразиялық экономикалық одақ деген Қазақстан үшін жаңадан бой көтеретін жүздеген жаңа кәсіпорындар, мыңдаған жаңа жұмыс орындары, саяси әрі экономикалық тұрақтылық, бизнесмендер үшін 170 миллионнан астам тұтынушысы бар орасан зор сауда кеңістігі, бұрыннан келе жатқан достық шежіресінің заңды жалғасы, қорғаныс қуат­тылығымыздың кепілдігі. Одақ шартында қаузалмағанымен, үш елдің арасындағы мәдени-әдеби байланыстардың да одан әрі қарқынды дамитыны белгілі. Неге десеңіз, экономиканың жемісті дамуы мәдени үдерістердің же­дел­деуіне, әлемдік биіктерге көте­рілуіне мейлінше ықпал етеді. Ең бастысы – қарапайым жұр­ты­мыз жақсы тірліктің дәмін татады. Әрине, жұмақ өмір бір күнде орнай қалмайды. Бұл – ұзаққа созылатын үдеріс. Десек те, одақтың тиімділігін осы таяудағы жылдар ішінде сезіне бастайтынымыз анық. Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл шарттың құны тым қымбат. Біз – шекаралық аймақпыз. Ресеймен бұрыннан да қарым-қатынасымыз үзілген емес. Енді мына одақтық шарттан кейін ол қатынастарымыздың арта түсетініне ешкім шек келтірмейді. Көршілес жатқан Новосібір, Алтай өлкесі, Таулы Алтай Республикасы, тағы да Орынбор облысы, Федерация құрамындағы Татарстанмен ертеректен тонның ішкі бауындай араласып жатқанбыз, кіріс-шығысымыз көп болатын. Қысқасы, Еуразиялық эко­но­микалық одақ XXI ғасырдың бірінші жартысында әлем картасына жаңа әрі қуатты, кез кел­ген салада әлемнің кез келген айма­ғымен бәсекелестікке түсе алатын Еуропа мен Азия бірлігінің жаңа пішінін әкелді. Соған тілеулес болайық, ағайын! Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. ӨСКЕМЕН.