Өкінішке қарай, жарыстың алғашқы күні олимпиялық салмақ дәрежесінде сынға түскен екі жерлесіміз де сүреңсіз өнер көрсетті. 57 килодағы Мария Севостьянова тұсаукесер кездесуінде чехиялық Хана Флеговадан айласын асырғанымен, іле-шала бразилиялық Мария Клара Лимаға жол берді. 68 кг салмақтағы Елдар Бірімбай да екінші кезеңде сүрінді. Алғашында ол габондық Амар Мұсаны ұтқанымен, келесі айналымда 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Еуропа чемпионы, Гран-при додасының жеңімпазы испаниялық Хавьер Переске есе жіберді.
Бәсеке аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елдар: «Әлемдік додаға екінші мәрте қатысып отырмын. Осыдан төрт жыл бұрын Манчестерде ширек финалға дейін жеткен едім. Осы жолы қалай да жүлде алуды көздедім. Дайындығым да жақсы еді. Бірақ өзімнің қателігімнің салдарынан қарсыласымнан ұтылдым», деп өкініш білдірді.
Жер-жаһанның 145 мемлекетінен келген 950 спортшы өнер көрсетіп жатқан Бакудегі бәсеке 4 маусымға дейін созылады. Бүгін және алдағы күндері бұрымдылар сайысында Рита Бәкішева (46 кг), Ботакөз Қапанова (49 кг), Әзиза Қаражанова (53 кг), Назым Махмұтова (62 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг), Жансел Дениз (73 кг) және Ракони Бимырза (+73 кг) сынға түссе, ерлер арасындағы додада Жавохирхон Исламов (54 кг), Самирхон Әбубәкіров (58 кг), Нұрбек Газез (63 кг), Нұрқанат Қожахмет (74 кг), Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) және Руслан Жапаров (+87 кг) Қазақ елінің намысын қорғайды.