Театр • 30 Мамыр, 2023

«Ұрылар» күлкіге қарық қылды

276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры биыл­ғы маусымдағы соңғы премьерасын ұсынды. Жергілікті көрермен керекулік театрдан көптен бері бұлайша күлкіге қарық болып қайтпапты. «Ұрылар» комедиясы бір сәтке күйбең тіршілікті ұмыттырып, әзіл әлеміне кенелтті.

«Ұрылар» күлкіге қарық қылды

Бір сәтте бір үйге бірін-бірі танымайтын екі бірдей ұры түсетін жағдай тек кинода ғана кездесе ме десек, театрдың сахнасында да ұшырасады екен. Бірі ұр­лықты өмірлік кәсібіне айналдырған кәнігі баукеспе болса, екіншісі – басты­ғынан есесін қайтару мақсатымен өзінің арам ойын жүзеге асырмақ болған таксист жігіт. Комедиялық қойылымның же­лісі бойынша екеуі де аса дәулетті адам­ның зәулім үйін тонап кетпек болады. Қызық болғанда дәл сол уақытта шаңы­рақтың отағасы көңілдесімен үйіне келіп, байқаусызда ұрылар қолға түсіп қалады. Қалталы азаматпен түнгі клубтан ілесіп келген жеңіл жүрісті бикеш те тегін емес екен. Шарабына ұйықтататын дәрі қосып, үйдегі бағалы әшекейлерді жымқырып кетуді жоспарлап қойыпты. Қызық болғанда байқаусызда у шарапты өзі ішіп, терең ұйқыға кетеді. Ал қа­рыны қабақтай үй иесі мастықтан тез есін жиып, үшеуін де әшкерелейді. Оқи­ға осы жерге келгенде нүктесі қойы­лар деп күткен едік. Отағасы оқтаулы мылтығын кезеніп, қос ұрыны тергеп тұрған уақытта заңды некелескен әйелі келіп қалады. Комедияның негізгі шы­жығы да осы жерден басталатындай. Енді үй иесі сасайын деді. Әлгі бау­кеспелерді үйіне келген достары, ал жа­тын бөлмеде ұйықтап жатқан би­кеш­ті соның бірінің жары деп атап, бә­рін дастарқанға шақырады. Шым-шы­тырық оқиғаның соңы да қызық. Бұл жерде режиссер екі бірдей нұсқа ұсы­нады. Алғашқысында әлгі қонақтар мәз-мейрам болып тарасып, ерлі-зайып­тылар қуанышты күйде қала берді. Ал екінші нұсқада барлығының қулық-сұм­дықтары ашылып, әйелі әлгілерді мыл­тықтың қарауылына алып, «орыс рулет­касын» ойнатады. Дегенмен бәрі сәтті аяқталып, отағасы жарына деген махаб­батын дәлелдеп шығады.

ывпр

«Ұрылар» комедиясының ұтымды жері бұл оқиғаның барлығы үйдегі қос мақұлық – мысықтардың «көзімен», солардың қойылымға сырттай кірісіп, баяндап отыруымен өрбитінінде. Үй жануарлары адамдардың психологиясын, дөрекілігі мен сенгіштігі, бір-біріне деген аярлығы мен жанашырлығын тап басып, мінездеме беруге құмар. Зерік­кен мақұлықтар таксист жігіттің үй жануарынан қорқатынын байқап, оның әлсіздігін пайдаланып кететін жерлері де келісті. Зілсіз әзіл мен ойын-оспақ орынды көрініс тауып жатты.

«Біздің шығармашылық ұжым был­тырдан бері театр сыншылары­мен бай­­ланыс орнатып, бірнеше премье­ра­ны солардың талқысына салдық. Бұл мау­сымдағы барлық жаңа қойылым­дары­мыз драма және әпсана жанрларын­да болып кетпесін деген оймен таң­дауы­мыз осы комедияға түскен еді. Көр­кем­дік кеңес пен еліміздегі театр сын­шылары да бұл комедияны құп көр­ді. «Ұрылар» қойылымының авторы – актер, жас драматург Қазыбек Аман­жол», дейді Жүсіпбек Аймауытов атын­дағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек.

Ал бұған дейін «Ұждан» атты әпсана­ның сахналық нұсқасын жазып, онысы көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары баға алған әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек күлдіре отырып ойланту жанры ұжым актерлері үшін үлкен еңбек болғанын атап өтті. Бұл қойылымды дайындауға бір айдан астам уақыт жұмсалыпты. Ешқандай астарсыз, көрерменге түсінікті әзілмен өрілген жаңа қойылым қою былтырдан бері жоспарда жүрген. Маусым со­ңына қарай бұл ойдың да ретімен іске асқанына ұжым қуанулы.

«Біле білсеңіздер, комедиялық қойы­­лым – театрдағы ең қиын жанр. Адам­дарды күлдіру үшін сапалы әзіл керек. Ойдан күлдіретін сөз қосып, қазақ­ша КТК деңгейінде арзан дүние жа­сауға да болады. Алайда көрермендер кө­ріп отырып, әзілден жаны тынығып қай­татындай персонажды бейне шығару, образ жасау алғашқыдан-ақ негізгі мақ­сатымыз болған еді. Театрда үнемі ой салатын, драмалық ауыр дүниелерді сах­налай берудің қисыны жоқ. Онсыз да күйбең тіршіліктен шаршап жүрген адамдар осындай жеңіл комедиялар арқылы тынығып, демалып қалады» деп ой бөлісті қойылым режиссері Әділет Ақанов. Жалпы, Әділеттің үйлестіруімен дайындалатын қойылымдардың қай-қайсы да сапаға құрылатынын мойындауымыз керек. Керекулік театрда жұмыс істеп келе жатқалы жиырмаға жуық қойылымға режиссерлік жасаса, соның төрт-бесеуі комедия жанрында.

Көрермен мүддесін әрдайым жоғары қоятын театр ұжымы қазірдің өзінде келер маусымның шымылдығын ашатын премьераларды пысықтап қойған. Соның бірі – Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасы желісімен дайындалатын пластикалық қойылым. Оған Алматы­дан арнайы мамандар, соның ішінде қазіргі күні Мүсірепов театрында уақытша қыз­мет атқарып жүрген ресейлік режис­сер, Ресейдегі «Золотая маска» сый­лы­ғының иегері Сергей Левицкий де жұмыл­ды­рылады деп күтіледі. «Кербұғыдан» бөлек Шекспирдің «Ричард үшінші» клас­сикалық драмасы да сахналанады деп күтілуде.

Негізі Аймауытов театры бүгінде рес­публика бойынша әмбебап театрға айна­лып келе жатқанын мойындауы­мыз керек. Өнер ұжымы драмалық, музыкалық, музыка-драмалық, коме­диялық, жасөспірімдерге арналған жанр­­лық ерекшеліктерді қамтумен қоса, қуыр­шақ театрының да қызметін атқа­рып тұр. Мұндағы қойылымдардың ең төменгі санаты 3 жастағы балаларға ар­налған. Театр сахнасында кейде сұра­нысқа орай орыс тіліндегі туындыларды да тамашалауға болады. Мұның барлығы ұжымның дұрыс бағытта жұмыс істеп отырғанын байқатса керек. Ондай жерде көрермен де жалықпайды.

Биылғы маусымда ұзын саны бес бір­дей жаңа қойылыммен жұртшылық­ты тәнті еткен театр ұжымы бұған дейін көп­теген байқау-фестивальдардан олжалы оралғанын талай мәрте жазған­быз. Енді алдағы уақытта Атырауда өте­тін ауқымды фестивальға да дайындық үс­тінде. Ол шараға еліміздегі үздік алты театр­дың қатарында шақыртылып отыр­ғанын айтпасқа болмас.

 

Павлодар облысы