Өнер • 30 Мамыр, 2023

Би өнерінің бірегейі

609 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1961 жылы Перу және АҚШ әншісі Има Сумак кеңес одағын аралау кезінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапаловамен танысады. Има Сумактың анасы инк тайпасының соңғы императоры – Атауальпының ұрпағы екен. Үндінің көмейден күмбірлеп шығатын қоңыр дауысын Еуро­паның классикалық музыка стиліне салған әнші Нұрсұлу Тапалованы Перу елінің ән-биін үйреніп қайтуға шақырады. Алайда сол уақыттағы АҚШ пен кеңес одағының арасындағы сәл-пәл жылымыққа қарамастан, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «халық жауының» қызы болғаны үшін Нұрсұлу Елубайқызына шетелге шығуға рұқсат етпейді. Бұл көпке мәлім болмаған деректі Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына арналған «Би биігіндегі ғұмыр» атты Ақтөбеде өткен конференцияда бишінің қызы Тоты Шоқырқызы ортаға салды. Шетелге шығуға тыйым салынғанына биші аса қамықпай, «Мен үшін өнерімді халқымның бағалағаны маңыз­ды­рақ», деген екен қыздарына.

Би өнерінің бірегейі

Қазақтың тұңғыш кәсіби балет бишісі, киноактриса, әнші, педагог, балетмейстер Нұрсұлу Елубайқызы 1998 жылдың қараша айында Алматыда 75 жасында өмірден өтті. Қазақтың тұңғыш боксшысы Шоқыр Бөлтекұлы­ның жары, Ақсұлу, Тоты есімді қыздардың анасы 1923 жылы Ойыл ауданының Жетікөл деген же­рінде дүниеге келген. 1934 жы­лы Құрманғазы атындағы ұлт ас­паптар оркестрі Ойыл ауданы­на гастрольдік сапармен барғанда, көркемөнерпаздар үйірмесінің оқушылары да өнер көрсеткен. Оркестрдің дирижері әр көркем­дік жетекшісі Ахмет Жұбановқа ­11 жастағы Нұрсұлудың биі ұнай­ды. Ел ішіндегі өнерлі өрендер­ден болашақ әнші, күйші, биші­ні көре білетін Ахмет Қуанұлы Нұрсұлудың әкесі Елубайға қол­қа салып, қызын жетіжылдық мек­тепті аяқтаған соң Алматыға жі­беруін сұрайды. Екі жылдан ке­йін шығармашылық конкурс­тан сәтті өткен Нұрсұлу Қазақ му­зыка театры жанындағы училищеге оқуға түсіп, осы өнер ордасына биші болып жұмысқа орналасады. Артынан бүкіл отбасы да Нұрсұлудың соңынан келеді. Музыка театрының көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен ба­летмейстер А.Александров Нұр­сұлуға Мәскеу не Ленинград хо­рео­графиялық училищеле­рін­де білі­мін жалғастыруды ұсыныс еткенімен, қаршадай қыз отбасылық жағдайымен алысқа ұзай алмайды. Аштықтан кейінгі ашқұрсақ елдің ауыр тұрмысы, науқас әке, буыны қатпаған бауыр­лар, арқа бұрғызбайтын уақыт талантты қызды өз шеңберінен шығармайды. Ақтөбелік баспа­гер Нұрлан Жұмағалиевтың айтуынша, Нұрсұлудың әкесі Елубай Тапалов 1925 жылы Темір уезі Ойыл болысында аға милицио­нер болып қызмет атқарған. Ол кісі­нің өмірдерегі 1929 жылдан үзіледі. Кеңес өкіметіне қыз­мет еткен адам не себепті ха­лық жауына айнал­ды? Қалай бол­ғанда да Елубай Тапалов кеңес өкі­метінің алғашқы тазалауына іліккендердің бірі, сотталып, айдаудан денсаулығын құртып ауылға оралған кезі. Ахмет Жұба­нов осы азаматтың қызына қам­қорлық жасап үлкен өнерге қада­мын ашты. Көп кешікпей 13 жас­тағы Нұрсұлудың соңынан әке-шешесі, аға-інісі Алматыға кетті. Бұл отбасының елден ертерек қол үзуіне де осы жағдайлар себеп болған сияқты.

«Нұрсұлу Тапалованың өнер­­­дегі бағын ашқан ұстазы А.Алек­­сандров деп көп айтылса да, шын мә­нінде балет бишісі ретінде ел­ге танытқан балетмейстер А.П.Чек­рыгин еді. Ол 1940 жылы И.Н.Надировтің «Көктем» бале­тін сахналағанда, Нұрсұлу апай Дариға партиясын орындады. Оған дейінгі қойылымдарда Шара Жиенқұлованы ауыстырып билеп жүріп, «Көктем» балетінде тұңғыш рет Алмас Бек­­бо­сыновпен бірге жұрт алды­на шықты. Жалпы, Нұрсұлу апай қазақтың балет өнеріне жұп­та­сып билеуді әкелген жан. Би­ші шы­ғармашылығының биік шы­ңы – «Бақшасарай бұрқағы» ба­летіндегі жаужүрек Зарема рөлі. Сүю, опасыздық, адалдық, тұ­рақ­тылық, еріне деген суынған се­зімді бейнелеген осы рөлде Нұр­сұлу болмысы сығалайды», дейді Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Той­ған Ізімова.

Нұрсұлу Елубайқызы 1933-1953 жылдары Қазақ академия­лық опера және балет театрының әр­тісі, прима балеринасы. Алайда 30 жасында балеттегі карьера­сын аяқтаған. Содан кейін «Қа­зақ­концерт» мекемесіне ауысып, ән-би миниатюраларын сом­­дап, әр халықтың билерін на­­қы­шына келтіріп орындап жүр­­ді. 1958 жылы Мәскеуде өт­кен қа­зақ өнерінің онкүндігінде әзер­­байжанның «Шөжелерім» биін тамаша орындағаны үшін «Құр­мет  белгісі» орденімен марапатталды. Ке­йін Жамбыл туралы киноға, «Ақ раушан» фильміне түскен. Ха­лық әртісі Сара Көшербаева Нұр­сұлу Тапалованы сахналық рөлге ас­қан жауапкершілікпен дайында­лып, жан-тәнімен беріліп ойнайтынын айта отырып, оны өзін өзі өртеп жіберетін феникс құсқа теңейді. Қойылым аяқ­тал­ғанда көрермендер бишіні қай­та-қайта шақырып, сахнадан жібермейтін.

чми

Тоты Шоқырқызы былай деп еске алады: «Соғыс басталғанда Алматыға Мәскеуден көшіп келген Үлкен театр, «Мосфильм», «Лен­фильм» қызметкерлері казармаларда, Опера театры ғимаратындағы бөлмелерде тұ­р­ған. Театр репетициясы өте кеш аяқталады. Анам қараңғы түсе шығып, жолда карточкамен азық-түлігін алып, үйге жеткенше асы­ғады. Өйткені оны то­ғыз адам кү­тіп отыр. Бір жолы қа­раңғыда келе жатып, соңынан қа­ра киім­ді адамның өкшелеп келе жат­қа­нын көріп, кілт тоқтап, артына бұрылғанда, әлгі жігіт «Бұл біздің Зарема ғой!» деп бас киімін шешіп амандасады. Сөйтсе, карточкамен азық-түлік алатын жерде анамды танып, соңынан еріп жүрген. Әлгі жігіт анама наны мен қан­тын ұстатып, ақшасын беріп, үйіне дейін шығарып салған. Анам ашық далада өнер көрсеткенді ұнатқан. Күй талғамайтын. Өте қарапайым болған. Көлік бұзылып қалса, жаяу кетеді, не жолшы­бай кездескен атарбаға міне салатын. Бір жолы көліктің кузовына шығып билеп тұрғанда тайып құлап, аяғын сындырып алыпты. Анам: «Қойлы ауылда, жылқылы ауыл­да өнер көрсеткенде, ашық аспан ас­тында жүздері күнге күйген адам­дардың қуанышты көздерін кө­ру, риясыз көңілмен соққан ша­палағын есту – мен үшін зор қуа­ныш», дейтін. Әлемдегі бүкіл ха­лық бірдей түсінетін тіл – бидің тілі деп бізге жиі айтып отыратын».

1975 жылы қазақ өнерінің сах­­насынан біржолата кетті. Одан кейін кәсіби бишіні ешкім жұ­­мыс­қа алмады. Балет бишісі ка­­рье­расының 30 жастан кейін аяқ­талатыны – көп таланттың жолы­на қойылған кедергі. Осы жағдай нәзік жанды күйретіп жіберді. Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу апай жағдайын айтып ешкімнің алдына жалынып бармайтын, атақ пен байлықты құндылық санамайтын Құдайына қараған жандар болғанын журналистер бұрын да көп жазды.

Тоты Шоқырқызы айтады: «Мамам ауырып қалғанда Ша­ра апайдың бір шәкірті үйге жиі ке­ліп тұрды. Шыны керек, үйі­мізге әртістердің көбі жоламады. Ба­сы­­мыз­ға қиыншылық түскенде му­­зы­ка зерттеушісі Петр Аравин, Бе­йім­бет Майлиннің ұрпағы – пе­диатр Ғалия, Байқадамовтар от­басы, Валентина Ивановна, Га­ли­на Ивановна Панфиловалар қол­ұшын созды. Анамызды бір жолы Мәскеудегі Орталық телевизия «Здоровье» хабарына түсірген. Осы хабардан анамның түрін көр­ген әртіс Галина Уланова бірден Алматыға ұшып келді. Мәскеу­ден келген профессорға анамызды қараттық. Дәрігер «өмір бойы сахнада би билеген анаңыздың денсаулығы жақсы, жүрегі дұрыс соғып тұр. Бірақ өмірге құлықсыз», дейді. Осы жайттарға куә болған Галина Ула­нова кетерінде: «Анаң қандай сұлу болса, ішкі дүние­сі де сондай аппақ жан. Бұл қиын­дықтан өзі шығады, қалқам, тек сабырлы бол», деп ақылын айтады. Мәскеуден анамның тағы бір құрбысы, актриса Л.Гурченко келді де, Л.Зыкинаның Мәскеуге емдетуге шақырып жатқанын айтты. Бірақ анам көнбеді. Көп сөйлемейтін жан іштей сынады. Бұлар іштегісін айтып жалпақ жұртқа шағына бермейді. Олар басқа әлемде өмір сүреді, оларды аялау керек».

Өнер саласындағы жастарға орта мектепті де аяқтамай, кәсіби білімсіз 13 жасында балет партия­ларын сомдаған Нұрсұлу Елу­бай­қызы сияқты жандардың өмір жолы үлгі болуға тиіс. Жара­ты­лысы бөлек сұлу жанның жұмы­сына жауапкершілікпен қарауы, көрерменге деген құрметі, сахнаны сыйлау мәдениеті өте жоға­ры болғанын Шара Жиенқұлова­ның шәкірттері де айтып кеткен. Белгілі балет әртісі Болат Аюханов Нұрсұлудың балеттен ертерек кеткеніне қапаланып, оның өнерге қайта оралуы қажет­тігін талай рет көтерді. Нұрсұлу Тапалова репетицияға ертерек келіп дирижер, балетмейстерлермен үнемі ақылдасып отырған. Ол заманда әркім жеке-дара ше­шім қабылдай алмаған, ойдан еш­теңе қоса алмаған. Қатал тәр­тіп пен кәсіби мамандардың жауап­кершілігі арқасында өткен ға­сыр­дың ортасында қазақтың клас­сикалық би өнері жоғары деңгейге көтерілді.

Нұрсұлу Тапалованың 100 жыл­­­­дық мерейтойын тойлау ке­­зін­де Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұр­­сұлу Тапалованың қы­зы, жа­сы жет­пістен асқан Тоты Аққо­­жаева өмірінде тұң­ғыш рет анасы­ның туған жері – Ойыл ауданына бар­­ды. Облыс­тық мәдениет бас­қар­­масы мен ха­лық шығармашы­лы­ғы орта­лығы Нұрсұлу Тапалова атын­дағы жас бишілер байқа­­уын ұйым­дастырып, онда тоғыз ­өңір­ден келген би ұжымы сайысқа түсті.

 

Ақтөбе облысы