Руханият • 31 Мамыр, 2023

Мәшһүр-Жүсіптің тағылымды мұрасы

868 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл, әрине, қазақ руханияты үшін жаңалық қана емес, жетістік болуы да мүмкін. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармаларының жаңа бес томдық таңдамалысын «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, ұлт жанашыры Нұркен Асановтың бастамасымен құрастырып, баспаға дайындап берген Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми мамандары. Бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні орайында өткелі тұрған 5 томдық тұсаукесері – патша өкіметі тұсында да, кеңес өкіметі тұсында да діни тұрғыдан мансұқталған Мәшекеңнің рухы алдындағы ұрпағының тағзымы, тәубеге келуі дер едік.

Мәшһүр-Жүсіптің тағылымды мұрасы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Төрәлі Қыдырдың айтуынша, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармалары алғаш рет өткен ғасырдың басында литографиялық басылымдар ретінде Қазан қаласын­­да жарыққа шыққан. 1907 жылы ба­сыл­ған «Тірлікте көп жаса­ған­дықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сары­ар­қа­ның кімдікі екендігі» секілді кітаптары бертін келе патшалық Ре­сейдің қатаң цензурасына ілі­гіп, қайта жариялануына тыйым са­лынды. Сол тыйым кеңестік ке­зеңде де сақталды. Оның себе­бі дін атаулыға шүйліккен қо­ғам­да Мәшһүр-Жүсіптің діни са­рын­­дағы шығарма­ларын жарыққа шыға­ру үлкен қылмыспен тең еді. Туын­ды­лары арқылы хақ діннің асыл қасиет­­терін асқақтата жырлаған ақын­ның қол­жазбалары Орталық ғылы­ми кітапхана мен М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталып, оқырман назарынан тыс қалды. 

Содан араға сексен жыл салып барып 1990-1992 жылдары М.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының тікелей атсалысуымен ақын шығармаларының екі томдық таңдамалы жинағы жарық көрді. Филология ғылымдарының докторы С.Дәуітовтің атсалысуымен «Ғылым» баспасынан жарық көрген осы жинақтан кейін мәшһүртану саласында тың серпіліс пайда болды. 2008 жылы Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ақынның «Ит-дүние» атты таңдамалы жинағы жарық көрсе, 2003-2010 жылдар аралығында Мәшһүр-Жүсіп мұрасы 20 том болып халық назарына­ ұсынылды. Ақынның ұрпақтары құрастырып, сол кездегі ПМУ ректоры Е.М.Арын жариялаған бұл көптомдықты оқыр­ман­ қауым жылы қабылдап, қазақ руха­­ниятының ажырамас бөлігіне айнал­ған мұрасымен толық танысуға қол жеткізді. Және ұрпақтары ұсынған бұл жинақтарына Мәшекеңнің бұрын беймәлім болып келген еңбектері енген.­ Бұдан бөлек, жекелеген жинақтар мен хрестоматияларда да ақынның шығар­ма­лары жарияланып келеді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты осы жолы құрастырып шығарған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының бес томдық таңдамалы жинағында бұған дейін жарияланған басылымдар басшылыққа алынған. Әсіресе кезінде ұрпақтары жариялаған жиырма томдықтың септігі көп тиген.

«Кез келген басылымның өзіндік ерекшелігі болатыны секілді, біз бұл бес томдықты құрас­ты­ру барысында ал­дың­ғы жинақ­тардың жетіс­тігін пайдаланып, кемшілігін қайта­ламауға тырыстық. ОҒК мен ӘӨИ қолжазба қорында сақ­талған қол­­жаз­балар нәтижесінде алдың­ғы кітап­­тарда кеткен кемшіліктерді барын­­ша жоюға тырыстық. Әсіресе қасиет­ті мәтіндерді (Құран аяттары мен Пайғам­бар хадистерін) беруде орын алған қа­теліктерді жойып, мәтіндегі араб, пар­сы сөздерінің мағынасын ашу жа­ғын көздедік. Діни терминдер, қай­рат­керлер есімі, жер-су аттары нақты тү­сіндірілді. Ондағы мақсат – баба мұра­сын кейінгі ұрпаққа саф қалпында жет­кізу. Кодикологиялық зерттеулер нә­тижесінде мәтіндегі біраз сөз қайта қал­пына келтіріліп, аяттар мен хадис­тер­дің транслитерациясы мен транскрип­циясы түзілді. Мәселен, ол кісі келтір­ген үзінділер қай аят немесе сүреден алын­ға­ны және олардың аудар­масы толық жасалды. Үзінді алған аят, сүрелердің аудармасы қоса берілді», дейді шығыстанушы-ға­лым, парсы тілінің маманы Төрәлі Қыдыр.

Бұрын ұрпақтары ұсынған жиырма томдыққа Мәшекеңе тиесілі емес, басқа да жазба ақын мұралары еніп кеткен екен. Мына таңдамалы томдықтарда олардың бәрі екшеліп, ақынның тек өз шығармалары ғана қалдырылған.

Бес томдықтың бірінші томына ақынның діни өлеңдері енгізілген. Қанағат туралы жұмбақ өлең, ишарат, аңыз өлеңдер немесе руаяттар, «Пай­ғам­бардың соңғы тілегі», «Мәш­һүр­дің өзін­ таныстыруы», «Бес парыз», «Жеті жетім», «Иман шарттары» сынды басқа да өлеңдер топтастырылған.

Екінші томында «Сары­ар­қа­ның кімдікі екендігі», «Аңқау адам­ ту­ралы», «Ке­дей­ліктің арқаны», «Жігіт на­зы», «Нау­­рыз тілегі», «Анама хат»­ се­кіл­ді тағы­ басқа поэзиялық шығар­ма­лар.

Үшінші том діни өлеңдер мен діни­ дас­­тандардан тұрады. «Ібіліс-шай­­тан хи­­­кая­сы», «Ақыреттің егіні», «Опасыз әйел», «Ораза туралы» сынды туынды­лар­­ бар арасында.

Төртінші томына жетпіс баптан тұратын ғибратты өлеңдер кіріккен. Мұнда әлем жаратылысынан бастап, жер-көктің, ғаршы-күрсінің баяны, тағы басқа құбылыстардың баяны жырланған. Ақын осы жетпіс бапта дәстүрлі дін дүниетанымын толық ашып берген.

Мысал өлеңдері мен айтыста­р­ы бе­сін­ші­ томға топтасқан. «Жан­темір қажы», «Шон­тыбай қажы», «Гүлшат-Шеризат» сын­ды дастандары мен Мәшһүр Жүсіп пен­ Ғалым Күзембайұлының айтысы, Мәшһүр Жүсіптің Шабдар атпен­ айтыс­қа­ны, «Күйеу Мағзұм мен аруақтар», тағы басқа айтыстардан құралған.

Құрастырушы Төрәлі Қыдыр келе­шек­те Мәшекең шығармаларының академиялық толық жинағын шығаруға ден қою керегін айтады. Себебі ака­де­миялық басылымда осыған дейін жарық көрген еңбектері сұрыпталып, текстологиялық талдау жасалады. Осы жолы шыққан бес томда да мәтіндердің барлығымен жұмыс істеліп, түсініктері берілгенімен, шығармаларының то­лық­ жинағы емес. Дегенмен мұнда түгел­ге­­ дерлік болмаса да, түгелге жуы­ғы­­ ек­ше­ліп, текстологиялық талдау жұ­мыс­тары жүрген. Сөйтсе де мәш­һүр­тану ғылымы мұнымен шектеліп қал­мауға тиіс. Шығармаларының акаде­­мия­лық толық жинағы да­йында­луы керек­ті­гін­ алға тартты құрас­тырушылар.

Баспа шығынын көтеріп, де­меу­ші­­­лік еткен – «Сенімен Болашақ» рес­­­пуб­ликалық ата-аналар қоғамдық бір­лестігінің құ­рыл­­­тайшысы Нұркен Асанов. Сөз со­ңын­да бес томдықты құрастырып, бас­паға дайындаған Әуезов атындағы Әде­биет­ және өнер институтының ғылыми мамандары Төрәлі Қыдыр, Алмас Оралбек, Жанат Сал­та­қова, Насихат Мүрсәлімова, Камшат Мұстафаевалардың еңбе­гін­ атап өткен жөн.