Алдымен жырсүйер қауымның назарына жан жүрегіңді шымырлатып, ұлт қамын жеген ұлылардың көкірегіндегі асыл арман, ізгі мұрат ишарасы ұсынылды. Мың құбылған заманда соңынан ерген, медет тұтқан алты Алашын қалай аман алып шығуды ойлап, жар шетінде тұрған Кенесары бейнесі. Азаттық жолындағы арпалыс. Соңғы шешім. Қаумалаған қара бұлттың ар жағынан себезгілеп сәуле көрінеді.
Заман алмасқан. Күні кеше алты Алашты соңынан ертуді арман еткен Кенесарыдан кейін жалынды жырымен жарқ етіп Мағжан шығады кеңістікке. Алаш аспаны әлі де түнеріп тұр. Ақын жүрегін жарып шыққан жалынды жырларымен әлдилемек, күрескерлік, қайраткерлік рухымен дем бермек, сырлы сазымен жебемек. Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, белгілі ғалым Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың жыр алыбына деген ілтипатына оранған жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Көкшеге арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, алаштанушы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Мағжан тұлғасы және мемлекетшілдік» атты мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов, белгілі ғалым Бақтыбай Жұмаділдин, көкшетаулық жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, ғалым Ерболат Баятұлы, Астана қаласындағы жастар театрының актеры Мейірғат Амангелдиндер сөз сөйлеп, Мағжан ақынның сан қырын ашып көрсетті.
Сөз өнерін айрықша сыйлайтын Көкше топырағында әрдайым жұлдызы жоғары Мағжан ақынның бар мұрасы толайым халқымен қайта табысқан әсерлі де әдемі кеш болды бұл.