Қоғам • 31 Мамыр, 2023

Қазақстанда әйелдер зейнетке ерте шыға ала ма?

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда әйелдер зейнетке ерте шыға ала ма?

ҚР заңына сәйкес төмендегі санатқа кіретін азаматтардың зейнетке ерте шығу құқығы бар:

  • 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер.               

Сондай-ақ Egov ұсынған мәліметтерге сәйкес,16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт, бөгденің көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедекке, екінші топтағы жалғызбасты мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қартқа күтім жасаған уақыт, әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған кезеңдері, бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасы мекемелері мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі және басқалар сияқты жекелеген әлеуметтік маңызы бар кезеңдерді зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін есептеу көзделген.

Сондай-ақ сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасап, зейнетақы аннуитетін рәсімдеу арқылы зейнетке 8 жылға ерте шығуға болады. Ол үшін зейнетақы шотында ер адамдарда 8 млн теңге, әйелдерде 10,5 млн теңге жеткілікті болуы шарт.

Аннуитетін рәсімдеген кезде зейнетақы өмір бойына беріледі және кепілдік кезеңін алса, қайтыс болған жағдайда да зейнетақы туған-туыстарына төлене береді, яғни мұрагеріне өтеді. Егер аннуитетін рәсімдеуге қаржы жетпей қалса, бірлескен аннуитет алуға болады. Ерлі-зайыпты жандар шоттағы қаржысын біріктіре алады.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар жандарға зейнетақы аннуитетіне жеңілдік қарастырылған.

1-топтағы мүгедектік үшін 2,4 млн теңгеге;
 
2-топтағы мүгедектік үшін 3,4 млн теңгеге;
 
3-топтағы мүгедектік үшін 4,4 млн теңгеге;
 
зиянды және қауіпті жұмыста істейтіндер үшін баға 5,3 млн теңгеге дейін төмендеді.