Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған 16 жастағы чехиялық Бренда Фрухвиртовамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Бренда жастығына қарамай, алты гейм бойы тәжірибелі қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп, Еленаны біраз әбігерге салды. Тіпті есеп 3:3 болған мезетте чехиялық спортшы брейк жасап, есепте алға шығып алды. Бірақ отандасымыз қарсыласының ойынына бейімделіп алған соң, қамшы салдырған жоқ – 6:4. Б.Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен, Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:2. Елена екінші айналымда тағы бір чехиялық теннисші, әлемнің 50-ракеткасы Линда Носковамен шеберлік байқасады.
Өкінішке қарай, Александр Бублик 3 сағат 20 минутқа жалғасқан тартысты ойында италиялық Джулио Зеппиериден бес сетте – 0:6, 6:4, 6:4, 3:6, 5:7, Тимофей Скатов әлемнің 29-ракеткасы болгариялық Григор Димитровтен үш сетте – 6:0, 6:3, 6:2 есебімен жеңіліп қалды.