Аймақтық IT хаб орталығының ашылу салтанатына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.
«Смарт сити» жобалары бойынша Өскемен қалалар арасындағы рейтинг бойынша үшінші орында. Жаман көрсеткіш емес. Ашылған IT хаб тек қана бастама ретінде жасалып жатыр. Бірақ болашағы зор. Өйткені «Astana Hub» орталығымен бірлесіп ашылды. Бұған университеттер де көмектеседі. Мұның негізгі мақсаты – IT саласындағы жұмыс істеп жүрген мамандарды бір ортаға жинау және ынталандыру, мемлекет тарапынан қолдау көрсету», деді Б.Мусин.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Astana Hub» технопаркі, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айта кетерлігі, IT хабтың ашылуына облыс әкімдігі үлкен көмек көрсетті. Материалдық-техникалық базамен толықтай қамтамасыз етіп, орын қарастырды. Ал «Astana Hub» тарапынан әдістемелік және үйлестіру жұмыстары бойынша қолдау көрсетілді. Қолға алынған жұмыстың толықтай аяқталуына Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің IT мамандары зор үлес қосты.
Ендігі кезекте IT хаб шеңберінде үлкен жұмыс атқарылуға тиіс. Осы орайда орталықтың белсенділері облыс жастарын ІТ хабқа шақырады. Әсіресе болашақ ІТ мамандардың орталықпен үнемі байланыста болғаны абзал.
ӨСКЕМЕН