Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Қазір барлық дерлік банктің мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қаржы институты басшылығы да соған үлкен мән беріп отыр. Олар үшін қазір банктің экожүйесін дамыту, соған орай мобильді банкингті жоғары деңгейде қалыптастыру, қолайлы әрі тиімді онлайн жүйе арқылы клиент тарту өте маңызды.
Finprom.kz мәліметі бойынша «Google Play»-дегі «Қаржы» секторында биыл қаңтар-наурыз аралығында «Kaspi.kz», «Jusan» және «Halyk Bank» мобильді қосымшалары танымалдылық тұрғысынан көш бастаған. Бұл банктердің шығандап алға шығуы заңды да. Өйткені аталған қаржы ұйымдары кейінгі жылдары өз қосымшаларын ұдайы жетілдірумен болды, мемлекеттік органдармен сәтті интеграция жасады және сервистерді дамытуға көп көңіл бөлді. Мысалы, «Jusan» таяуда ғана өз мобильді қосымшасын толық жаңартты. Оның аясында дизайны да, функциясы да жаңғырды, тиісінше пайдаланушылар үшін қолайлы бола түсті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі кезде банктер мобильді қосымшада тек банк қызметтерін ғана тіркеп қоймайды, сонымен бірге толыққанды экожүйе ұсынуға тырысады. Мәселен, «Kaspi» және «Halyk» қосымшалары арқылы түрлі қызметтер ақысын төлеу, алуан түрлі құжаттар жүктеп алумен қатар, жеке кәсіпкерлікті тіркеу, жүргізу мүмкіндігі де бар. «Jusan Bank»-те де сервис жоғары дәрежеде жетілдірілген. Өзгелерден бір ерекшелігі, мұнда бағалы қағаздар нарығына шығу үшін инвестициялық шот ашуға болады.
Қазір банк пен қаржы қызметтерінің цифрлануы жалпы экономиканың ажырамас бөлшегіне айналып келе жатыр. 2022 жылы қолма-қолсыз жасалған операциялар құрылымындағы онлайн-операция үлесі бойынша 64,6 пайызды, көлемі бойынша 82,5 пайызды құраған. Күн сайын ел тұрғындары орташа есеппен алғанда тікелей цифрлы банкинг көмегімен 15,2 млн операцияны жүзеге асырады. Ондағы сома көлемі 234,7 млрд теңгеден асып кетеді.
Ranking.kz сарапшыларының айтуынша, бұл үрдіс тек Қазақстанға ғана тән емес. Жаһандық цифрлық банкинг пайдаланушылары 2024 жылға қарай 3,6 миллиардқа жетеді деп болжанып отыр. Мобильді банкингті пайдаланушылардың 94 пайызға жуығы цифрлық банкинг қызметтеріне айына кемінде бір рет қол жеткізетінін айтады. Мысалы, АҚШ-та банктік шот иелерінің шамамен 89 пайызы өз қаржысын басқару үшін мобильді банкингті пайдаланады.
Қазақстандағы жетекші банктердің мобильді қосымшалары – тек негізгі банктік қызметтердің жиынтығы ғана емес, жалпы көптеген түрлі қызметтер мен мүмкіндіктерді қамтитын үлкен экожүйе. Бұған сай елде цифрлық сауаттылық та айтарлықтай жоғары көрсеткішке ие. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 88,3 пайызға жетіпті. 2021 жылы цифрлық сауаттылық деңгейі 87,3 пайыз болса, 2020 жылы – 84,1 пайыз, 2019 жылы – 82,1 пайыз, 2018 жылы 79,6 пайыз болған.
Халық арасында қолма-қол ақшасыз операцияларды жүзеге асырудың ең көп тараған тәсілі – интернет және мобильді банкинг. Қолма-қол ақшасыз жасалған он операцияның сегізі онлайн түрде жүргізіледі. Интернет және мобильді банкингтің басты артықшылықтары мыналар:
- уақыт үнемдеу – банк бөлімшелеріне барудың, кезекте және кептелісте тұрудың қажеті жоқ. Бұл кез келген операцияны өңдеуді айтарлықтай жылдамдатады.
- мобильділік – жүйеге интернетке кіруге мүмкіндігі бар кез келген жерде, соның ішінде ұялы телефондар, планшеттік компьютерлер және басқа құрылғылар арқылы шектеусіз қолжеткізуге болады.
Икемділік – тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қолжетімді.
Ақша үнемдеу – төлем мен аударымдарды өңдеу шығыны азаяды.