Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
АЭС – «жасыл энергия» көзі
Бүгінгі таңда әлемнің 31 елінде 192 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Олар әлемдегі барлық электр энергиясының оннан бір бөлігін өндіреді. Мәселен, АЭС-тің көптігі жөнінен бірінші орында АҚШ – 62, екінші орында Франция –19, үшінші орында Жапония – 17, ал Ресейде 10 АЭС жұмыс істейді.
Қазіргі таңда елімізде АЭС салу мәселесі жан-жақты қаралып, соңғы жылдары халық талқысында жүр. Өйткені электр энергиясының тапшылығы жыл өткен сайын маңызды мәселеге айналуы мүмкін. Ал оған жол бермеу үшін әртүрлі энергия көздері қажет. Бірақ жаңартылған энергия көздері әзірге елімізде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3%-ын ғана құрайды. Жаңартылған энергия көздері жасыл энергия көзі десек те, көптеген табиғи факторларға байланысты тұрқсыз энергия түріне жатады. Себебі еліміз климаты мен орналасқан жері жөнінен әлемде жел энергиясын өндіруде алдыңғы қатардағы Дания елімен салыстыруға келмейді. Бүгінде энергияның жалпы үлесінің 70%-ын көмір өндіру есебінен алынып отыр. Бірақ ғалымдардың айтуынша, түптің түбінде одан бас тартуға тура келеді. Ол біріншіден, экологияға, екіншіден, Париж келісіміне сәйкес барлық өнімдерге қолданылатын трансшекаралық салықтарға байланысты көрінеді. Сонымен қатар таза газ кен орнының жоқтығы, судың жетіспеушілігінің арта түсуі электр энергия тапшылығының 2030 жылдарға қарай орын алатынына себеп болмақ. Сондықтан атом электр стансасы экологиялық таза энергия алудың бірден-бір жолы болып тұр.
Жыл сайын атом электр стансасының жұмысы 1000 МВт-қа парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға азайтады. АЭС-тің маңындағы қалалар экологиялық таза және реакторлар атмосфераға зиянды заттардың үнемі шығарылуымен қатар жүрмейтіндігі, осыған орай ядролық отынды пайдалануда оттегін қажет етпейді. Қоршаған ортаны құрамында мұнай өнімдері бар түтін газдар, күл және төгінді сулар сияқты заттармен ластамайды. Әдеттегі ЖЭС жұмыс істеуі үшін көмір керек болса, оның шығыны күн сайын миллион тоннаға жуық. Жанармай тасымалдау шығындары көмірдің өзіндік құнына қосылады, бұл да көп шығын. Ал АЭС-ке келетін болсақ, бұл байытылған уран, осыған байланысты отынды тасымалдау және оны сатып алу шығындары да үнемделеді. Бүгінгі таңда атом энергетикасы тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт бойы сенімді энергиямен қамтамасыз ететін болжамды бағамен тұрақты энергия өндірудің жалғыз көзі екендігін айтуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда электр энергиясы тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом электр стансасының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек», деген еді.
Уран бар да, АЭС жоқ
Бізде АЭС салуға қажетті уран қоры мол. Сарапшылар 2009 жылы 13,5 мың тонна уран өндіруге қол жеткізген Қазақстан Канададан озып, бүгінде әлемдегі ең ірі уран өндіруші екендігін біле тұра, осыған қарамастан, елімізде өндірілген барлық уранды шетелге экспорттап,ал өзінде бірде-бір жұмыс істеп тұрған атом электр стансасының жоқтығын қалай айтпасқа?
Табиғи уран нарығында көшбасшы орынды иеленетін Қазақстан жыл сайын әлемдік атом энергетикасына сұранысының 40%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ширек ғасырдан аса көтерілген мәселенің төркіні, соңғы екі-үш жыл төңірегінде атом электр стансасын салу жобасы қолға алына бастады. Сонымен құрылыс орны болып Алматы облысының Балқаш ауданы Үлкен кенті белгіленді. Жалпы алғанда, атом технологияларының шетелдік вендорлары (III және III+буындары) ұсынған қазіргі заманғы реакторлардың 13 жобасы зерделенуде.
Су мәселесінің жайы
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Раушан Иманбет: «Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығы көбінесе Қытай аумағынан келетін суға байланысты (Іле өзенінің су жиналуы ҚХР-да жеткілікті дамыған гидрографиялық желіге ие), мұнда көлдің негізгі қоректену көзі Іле өзені болып табылады, көпжылдық деректерге сәйкес орта есеппен саласы 11,7 текше шақырымды құраған, сондай-ақ басқа да ірі салалар өз аймағымызда шамамен 3,18 текше шақырым құрайды. Іле өзені Қапшағай су қоймасымен реттеледі, ол Қонаев қаласының шаруашылық-ауыз су қажеттіліктеріне, суаруға, энергетикаға, балық шаруашылығына және рекреацияға су беру үшін пайдаланылады. Жыл сайын «Қазгидромет» РМК болжамдарына сәйкес, уәкілетті басқармалармен, облыс және аудан әкімдігімен келісім бойынша Балқаш көліне экологиялық су жіберуді ескере отырып, су қоймасының жұмыс кестесі бекітіледі. Балқаш – Алакөл бассейнінің аумағында 765-тен астам өзендер мен уақытша су ағындары (өзендердің 90%-ға жуығы Балқаш көлінің бассейніне, қалғандары Алакөл көлдер тобының бассейніне жатады) және көлдер мен жасанды су айдындары бар. Ең ірі су айдындары – Балқаш пен Алакөл екі дербес су бассейнін құрайды», дейді.
Әлеуметтік-экономикалық ықпалы
2035 жылы пайдалануға берілуге тиіс АЭС-те жаңа жұмыс орындары ашылып, ғылыми-техникалық тұрғыдан жоғары білікті кадр әлеуетінің артуына ықпал етпек. Атом энергетикасы – ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін, аралас салаларда жұмыс орындарын құратын жоғары технологиялық сала. Құрылыс кезінде 8 мың адамға дейін жаңа жұмыс орындары және пайдалану кезеңінде 2 мың адамға дейін білікті кадрларды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады. АЭС салынса, еліміздегі Ядролық физика институының бітірушілері жұмыспен қамтылмақ. Өйткені бүгінгі таңда институт бітірушілерінің отыз пайызы ғана сала бойынша жұмыс істейді. Ядролық физика институты мамандарының айтуынша, мұнда 500, Курчатовтағы бөлімшесінде 400-дей маман бар. АЭС- тің салынуы бұл саладағы мамандарға сұранысты арттырады. Осы ретте сала бойынша жоғары оқу орындарының ашылуына себеп болары анық. Олай болса, АЭС таза электр көзін өндіріп қана қоймай, ғылыми-тәжірибелік базаны көтереді деуге негіз де жоқ емес. Сонымен қатар АЭС салынған аумақтың әлеуметтік жағдайы, құрылымы өзгеретіні анық. Халықтың қоныстануы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мектеп, балабақшалардың көбеюі, тиісініше халықтың әл-ауқатының жоғарылауы орын алады. Сондықтан АЭС-тің Алматы облысында салынуы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізері хақ. Ең бастысы, мемлекет қоржынына түсетін салық түсімдері 2,5-3 млрд АҚШ долларына бағаланып, жергілікті бизнесті қолдау (ҚМЖ кезеңінде: 2,5-3,5 млрд доллар), бүкіл өмірлік цикл үшін салық түсімдері 2,5-3,0 млрд доллардан асады деп болжануда.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-ның бас директоры Тимур Жантикин: «Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түскен. Ядролық энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау мен бағалау үшін «Assystem» француз компаниясымен бірге АЭХА құжаттарының ұсынымдары негізінде критеийлер жүйесі әзірленіп, шетелдік атомдық технологиялар вендорлары ұсынған заманауи реакторлардың 13 жобасы зерттелінді.АЭС құрылысы жобасын іске асырудың бастапқы мерзімдеріне келетін болсақ, алдын ала болжам бойынша, 2023 жылға қарай технологиялар жеткізушісі таңдалады, 2025 жылға қарай техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. 2025-2028 жылдары АЭС салу туралы Үкімет қаулы қабылдауы қажет. 2028 жылға қарай жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама тағайындалады. 2034 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2035 жылға қарай пайдалануға беріледі. 2029 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, жабдықтар жеткізіледі», дейді.
Франция АЭС салуға дайын ба?
Биылғы жылдың мамыр айының басында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының мәселелері жөніндегі Француз елінің делегаты әрі министрі Оливье Бештпен кездесті.
Кездесу барысында министрлер өз Үкіметтерінің энергетикалық ауысу және жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы міндеттемелерін қозғап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынастарды нығайта отырып, көміртексіздендіру кешенді мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететінін атады. Елімізде атом энергетикасын дамыту перспективалары да талқыланды. Француз тарапы Қазақстанда бірінші АЭС салу жобасын іске асыру, сондай-ақ шағын модульдік реакторларды дамыту перспективаларын зерделеу жөнінде ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірген. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауқымды «Мирный» жобасын іске асыру шеңберінде электр энергиясының тарифіне қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойғаны бар.
Ақпараттық жұмыс қалай жүргізіледі?
АЭС салуға қатысты 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың пікірін ескермей, атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданбайды» деп мәлімдеген еді. Ел тұрғындарының көбі Чернобыль мен Фукусимадағы атом электр стансасының реакторындағы апаттарға байланысты үрейлерін, сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың ауыр зардаптарын халықтың әлі ұмыта қоймағандығы бар. «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясы елімізде атом энергетикасын дамыту, АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыру бойынша халық арасында ақпараттық-ағартушылық түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу нәтижесінде бүгінгі таңда ел ішінде атом энергетикасының маңыздылығы мен қажеттілігін қолдаушылар қатары ұлғайып келеді.
Тұрғындар пікіріне мән берсек
Мақпал Бөрібаева: «Жалпы, атом электр стансасының салуынуына қарсы емеспін. Қаншама жұмыс орны ашылып, халықтың жағдайы көтерілер еді. Әрине, қорқыныш та бар. Бірақ қазіргі заманғы ғылымның дамуы барлық қауіпсіздіктерді ескереді деп ойлаймын. Мәселен, Чернобыль апаты қашан болды, одан бері қаншама уақыт өтті. Ғалымдар сол кездегі қателіктерді ескеріп, жаңа қауіпсіздік шараларын ойластырған шығар деп ойлаймын. Ғылым бір орында тұрмайды ғой. Әр нәседен қорқа берсек, бәрінен құр қаламыз. Өзіміздің қазба байлықтарымыз, уран бар бола тұра, газды да, электр энергиясын да шетелден сатып алып жүреміз бе? АЭС тек бізде ғана салынайын деп жатқан жоқ. АЭС-і бар мемлекеттер өмір сүріп жатыр, тәуекел деп бастау керек».
Талғат Көккөзов: «АЭС-тің салынуына қарсы емеспін. Өйткені бұл – өмірдің шындығы. Энергия жетпейді дейді. Көмір мен газдың қоры шексіз емес, бітеді. Ал уран елімізде, шүкір, мол. Неге пайдаланбасқа? Әрі ол стратегиялық қару, бейбіт мақсатта пайдалана отырып, басқа ел алдындағы мәртебемізді көтеріп қою керек шығар. Ал апат бола қалса, қайтеміз деп қорқудың қажеті жоқ, жақсы, білікті мамандар даярлау керек, сыбайлас жемқорлықты жоя отырып, қатаң тексеру арқылы қабылдау қажет жұмысқа. Өйткені ол өзіміздің қауіпсіздігіміз, болашағымыз».
Райхан Омарқызы: «Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы көтеріледі деп ойлаймын.Әрине, қорқыныш та бар. Чернобыльдағы апат адами фактордан орын алғаны белгілі. Сондықтан біліксіз мамандардың кесірінен сондай жағдай орын алса не боламыз? ».
Мейрамгүл: «Болашағымыз үшін қажет деп ойлаймын. Ең бастысы, қалдықтардың кәдеге жаратылуы қалай болмақ екен? Мен осы сұрақ алаңдатады. Ал басқа жағынан қолдаймын. Электр энергиясының тарифі арзан болатын шығар мүмкін».
Атом электр стансасын салу туралы халықтың пікірі сан қилы. Әйтсе де, болашақ ұрпақ үшін атом энергетикасының экологиялық таза және қауіпсіз деп танылуы басты назарда болатынына, алдағы күндер үшін маңызды стратегиялық шешімнің ел сенімінен шығатынына үміттенеміз.