Экономика • 01 Маусым, 2023

Ел өрісін кеңейткен транзит

213 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған іссапарында да, Мәскеуге барған кезінде де Еуразия кеңістігінде Батыс пен Шығыс арасына және Орталық Азия елдерінің ортасына оңтайлы орналасқан Қазақстан барлық мемлекеттің сауда жолдарын тиімді жалғай алатын транзит болатындығын алға
тартты. Енді әлем алдындағы жауапкершілігі үлкен істі Қазақстан Үкіметі арқалап кете алса құба-құп.

Ел өрісін кеңейткен транзит

Расында транзит мәселесі дұрыс шешімін тапса, біздің ел үшін айқын артықшылықтарға қол жетеді. Солардың ішінде ең ма­ңыздысы – шойын жолдар­ды жаңғырту және еуропа­лық на­рық­тарға қосылу. Маман­дар­дың сараптамаларына зер сал­сақ, біздің елдің эконо­ми­ка­лық дамуындағы басты бөгет оның көлік жүйелерінің нашар жағ­дайы екен. Қазақ елі гео­гра­фия­лық орналасуы мен кеңестік транзиттік теріс мұраға байланысты өз тауарларын әлемдік нарыққа шығару үшін міндетті түрде Ресей арқылы өтетін сол­түс­тік теміржол бағытына тәуел­ді болды.

Қытай теміржол желісіне қосылу, сондай-ақ Орта дәліз­де­гі теміржол желісімен инте­гра­циялану біздің елге экспорт­тың жылдам өсуіне қол жет­кі­зуге, өз тауарларымызды еу­ро­­палық нарықтарға сатуға және бір ба­ғытқа тәуелділікті бол­дыр­мау­ға көмектеседі. Осы пікірді Мем­лекет басшысы бір емес, бір­неше рет айтып, оның айқын дәлел­дерін де көрсетіп бергендей болды.

Мысалы, Еуропаға жеткізер теміржол логистикасындағы кедер­гілерді жойып, барлық әрекет­терін тиімді үйлестіріп отыру өте қолайлы болады. Биылғы наурыз айында «Қаз­­пош­та» (Қазақстанның жет­кізуді қада­ға­лайтын ұлттық пошта қызметі), WEA-Transport GmbH (Германия, ЕО уәкілетті темір­жол операторы) және Қытай­дың Huapengfei компаниясы (Қы­тай­дың уәкілетті ұлттық ло­гис­тикалық операторы) ара­сында меморандумға қол қойылды.

Бұл келісім еуразиялық кеңіс­­тіктегі трансшекаралық сау­да­ны жеңілдету мен электронды коммерция үшін ха­лық­ара­лық логистикалық дә­лізді ұйым­дас­ты­ру мақ­са­­тында жасал­ған. Бұл – Қа­­зақ елі, Қытай және Еуроодақ ұлт­тық логистикалық опе­ра­тор­лары арасындағы үш­жақ­ты ын­ты­мақ­тастық туралы алғашқы меморандум.

Осы кездесуге дейін, биыл­ғы ақпан айында Қытай мен «Қа­зақстан темір жолы» бас­шылары жүк тасымалы туралы мә­ліметтер алмасу туралы қо­­сымша келісімге қол қойды.

Бұлармен бірге, темір­жол порт­тары арасындағы ынты­мақ­тас­тық, инфра­құры­лым­ның байланысын нығайту, Қытай-Еуропа арасындағы жо­­ғары сапалы по­йыздар мен трансшекаралық тасымалдауды дамытуға жәрдемдесу, ха­лықаралық интермодальдық жүк­терді қағазсыз тасымалдау­ды ілгерілету мәселелері талқы­лан­ды.

 Геосаяси тұрғыдан теміржол дәліз­дерін жүзеге асыру Қазақ елінің көпвекторлы стратегиясын нығайта алады. Біздің ел Қы­тай­мен қарым-қатынасын Ре­сей мен Батысты теңестіру үшін пайдалана алады. Осы­лай­ша, Қазақ елі Шығыс-Батыс арасындағы негізгі транзиттік хабқа айналуы бек ықтимал.

Бірақ Қытай инфрақұры­лы­мының үстемдігіне сақтықпен қарау керек. Көптеген жағдайда Қытай теміржолдарының қос мақсаттағы әлеуеті бар және олардың дамуы тек темір­жол­­дармен шектелмеуі мүм­кін. Мұндай инвестициялар Қытайға және сол елдің мүд­делерін көрсететін және қол­дай­тын жаңа институттар мен қарым-қатынастарды құруға мүм­кіндік береді.

Бұл келісімнің кімге көбірек пайда әкелетіні де маңызды. Жүк­теме жоғары болған жағ­дай­да Еуропаға бағытталған Қытай тауарлары жергілікті жет­­­кізулерден басым болады. Бұл жағдай тауарлардың ай­тар­лық­тай артта қалуына, жергілікті бәсекелестікті азай­туға және қазақстандық трейдерлер үшін бизнесті жоғалтуға әкеліп соғуы да мүмкін. Сон­дықтан әр істе «ақырын жүріп, анық басқан» тиімді болмақ.

Бұрындары Қытай мен Қазақ­стан арасындағы «Дос­тық» және «Алтынкөл», сон­дай-ақ «Нұр Жолы-Қорғас» өткізу бекет­те­ріндегі жүктердің кешігуі биз­несті жүргізу құнын арт­тыр­ған мысалдар көп. Бұл келеңсіздік біздің елдің жаңа IT жүйесін енгізуге күш салғанына қарамастан, екі ел кеденіндегі сыбайлас жемқорлықтың күше­йе түсуіне тежеу бола алмады.

Екі ел теміржол желісінің тиім­ді болуы мен басқа аймақтық те­мір­жол бағыттарымен бір­қалыпты жұмыс істеуі үшін ең алдымен техникалық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды және электронды деректер алмасуды жақсартып, кедендік рәсімдерді үйлестіру қажет.

Мәселен, Еуропаға барар жол­да жүктер Қытайдың кеден аймағы, Еуразиялық Кеден одағы және Еуропалық одақ Кедендік одағы сияқты бірнеше кедендік аймақтарды кесіп өтеді. Орта дәлізді сынақтан өткізу перспективалы. Әйтсе де, Ресей арқылы өтетін транзиттік дәліз бойымен тасымалданатын өткізу қабілеті мен көлеміне сәйкес келе­тін өміршең ком­мерциялық бағытқа айналудан әлі алыс.

«Ресейлік дәлізді толық ауыс­тыру қазіргі уақытта шын­дыққа жанаспайды. Десек те екі тарап, соның ішінде Еу­ропа да осы желіні пайдалану үшін қажетті логистикалық қиын­дықтарды жеңілдетіп, қажетті дағдыларды дамыту үшін әлі де уақыт қажет екенін мойындауы керек. Әйт­кенмен, сынақ кезеңі және жаңа оптимизм дұрыс бағыттағы бастама болып саналады», дейді мамандар.

Қазіргі таңда органикалық азық-түлік өнімдері әлемнің кез келген мемлекетінде үлкен сұранысқа ие. Бұл жағдай Қы­тай елінде де дәл солай. Таза топы­рақты егіс алқаптары тым тарылып, жоқтың қасы бол­ған аспан­асты елінде табиғи азық-түлік өнімін алу расында да алапат мәселе болып отыр. Ол ешкімге құпия емес. Демек, егістікке арналған майлы, құнарлы қара топырақты жері мол еліміздің диқан-егіншілеріне миллиардтан аса жаны бар нарықтың есігі ашылса бұл да жалаулы жетістік болмақ. Бұл бағытта Үкімет тарапынан атқа­ры­лып жатқан жұмыстар да бар. Ендігі іс осы игілікті игеріп алып кету диқандарымыз бен егін­шілеріміздің ерік-жігері мен іскерлігіне ғана байланысты.

Бейжіңде өткен қытайлық жетекші COFCO және CITIC Group агрокомпанияларымен кездесуде министр Қазақстан Қытайға жылына 1 млн тонна астық экспорттауға ниетті екенін жеткізді.

Сол кездесуде Ербол Қара­шөкеев АӨК саласындағы ауқым­­ды перспектива мен қос ел­­дің бизнес-қауымдастықтары ара­­сында тікелей байланыс орнату жоспары барын атап өтті.

Іс-шара барысында қы­тайлық COFCO және CITIC Group ком­панияларының бас­шы­лығына Қазақ­станда ас­тық­тың едәуір қоры бар екені айтылды. Экспорт үшін астық­тың қажет көлемі мен сапасын қамтамасыз ете алатын отан­дық компаниялар арқылы ас­тық жеткізуді жүзеге асыру ұсы­нылды.

Бұдан бөлек, логистика бо­йын­ша мәселелер туындаса, АШМ оларды жедел шешуге кө­мектесуге дайын екенін біл­дір­ді. Мысалы, Алашан­коу және Қорғас шекаралас қала­ларын­да тәулігіне 10 мың тоннаға дейін астық жүгін қабылдай алатын тер­миналдар бар екендігін мәлім етті.

Сондай-ақ ведомство басшысы ҚХР-дың ет қауым­дас­тығы өкілдерімен кездесуде отандық кәсіпорындар мұздатылған сиыр, қой және шошқа етінің экспортын тезі­рек қалпына келті­рілуін қа­лайтынын жет­кізді. Отандық зауыттар салқын­да­тыл­ған ет және балық өнімдері мен құс етін, сондай-ақ жұмыртқа және басқа да тауар түрлерін көрші елге жеткізуге дайын екен.

Қазіргі күнде отандық ет ком­­бинаттарын аккредиттеу мүм­­­кіндігі талқыланып жатыр. Бү­­гінде тек 4 кәсіпорынның тиіс­­ті рұқсаты бар екен. Бұйырт­­са, бұл тізімді тағы 13 ком­­пания толықтыра алатын кө­рі­­неді.

Айта кетейік, былтыр Қа­зақ­станда 1,06 млн тонна ет өн­дірілген. Экспорттың негізгі үлесі Өзбекстанға, БАӘ мен Ку­вейт­ке тиесілі. Енді ебін тапса, аталған азық-түлік өнім­де­рі нары­ғында миллиард жан тұты­ну­шысы бар көрші елді де көріп қалатын күн алыс емес сияқты.