Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы мұғалімдікті көбінесе мектептегі оқу үлгерімі орташа болған түлектер таңдайтын болды. Мұның өзі білім беру сапасының төмендеуіне әкеліп соқты. Осы ойсыраған олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2019 жылы алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің жалақысы кейінгі төрт жыл ішінде екі есе көбейтілді. Нәтижесінде, қоғамдағы педагог мамандығының беделі арта бастағаны анық.
Ал 2021 жылы педагог мамандығы бойынша талапкерлерге қойылатын талап күшейтілгендіктен, мұғалімдік – орта мектепте сапалы білім алған түлектердің ғана қолы жететін кәсіпке айналды деуге болады. Нақты айтқанда, педагогтік білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін бұрын Ұлттық бірыңғай тестілеуден кемінде 50 балл алу жеткілікті болса, бұл өлшемшарт қайта қаралып, кемінде 75 балл болып белгіленді. Дәрігер болғысы келетін талапкерлерге, сондай-ақ мәртебесі биік ұлттық жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ҰБТ-дан кемінде 65 балл алу талабы қойылғандығын ескерсек, енді мұғалім болу екінің бірінің қолынан келмейтіндігі даусыз. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтік мамандықтар бойынша оқитын студенттерге ең жоғары стипендия тағайындалды. Оның мөлшері қазір – 58 мың теңге. Осындай пәрменді іс-шаралардың арқасында дарынды жастар мұғалімдік кәсіпке көптеп бет бұрып отыр. Мысалы, бұдан бес жыл бұрын педагогтік мамандықтарды 643 «Алтын белгі» иегері таңдаған болса, былтыр олардың саны 1503-ке жетті. Сөйтіп, өткен жылы болашақ мұғалімдердің ҰБТ-дан алған орташа балы 90 болды. Демек, 2021 жылы педагогтік білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО-ларға түскен студенттер төрт жылдан кейін оқуларын аяқтап, диплом алатындықтан, 2025-2026 оқу жылында еліміздің мектептеріне кілең мықты кадрлар келіп, Қазақстанның орта білім беру жүйесіндегі нағыз өрлеу кезеңі басталуға тиіс.
Әзірге қоғамда білім саласындағы әдетте министр ауысқан сайын мың құбылатын реформалар жайлы пікірсайыс пен айтыс-тартыс жалғасып жатыр. Басты тақырыптың бірі – мұғалімдерді аттестаттау мәселесі. Себебі өткен жылы осы сынаққа қатысқан педагогтердің 74,2 пайызы «құлап», аз-мұз абырой-беделдері тіпті түсіп кеткен болып шықты. Осыған орай Мемлекет басшысы VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», деді.
Еңбек жолын қатардағы мұғалім болып бастап, ұзақ жылдар бойы мектеп басшысы болып қызмет еткен, білім саласының тәжірибелі маманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Аттестаттау рәсімінің өзі субъективті. Сұрақтардың мазмұны да шағым тудырып жатыр. Айталық, мұғалімнің ешқандай маңызы жоқ даталарды жатқа білуі оқушылардың білім сапасына әсер ете ме? Мысалы, орыс әдебиеті бойынша аттестаттау тестінде мынадай сұрақтар бар: «Радищевтің «Санкт-Петербургтен Мәскеуге саяхаты» қай жылы жазылған – 1791, 1792, 1793 жылдардың қайсысы?», «Горькийдің «Шыңырауда» пьесасы қай жылы сахналанды?». Алайда мұндай даталарды білу білімнің көрсеткіші бола ма?! Бастысы – тарихи дәуірді, тарихи-әдебиеттік үдерісті білу емес пе?! Немесе қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін Домбровскийдің «Көнені сақтаушы» романындағы теректің қай қиылыста өскендігі туралы сұрақты алайық. Бұл ақпарат не үшін қажет? Оны білу маңызды ма? Көркем образ, сюжет, жанжал болса бірсәрі, жай ғана көшелердің атаулары. Айтпақшы, ол көшелер қазір басқаша аталады ғой...
Сондай-ақ тестілеудің барлық сұрағы – ондаған мың сұрақ қолжетімді емес, мүлдем жабық екенін айтқан жөн. Оларды әрбір мұғалім оқып, зерделеп, аттестаттауда өзін не күтіп тұрғанын түсінуі үшін неге ашық етпеске? Мұның өзі түсінбеушілік туындаған жағдайда тест мәтінін бірлесіп түзетуге де мүмкіндік бермей ме?», деп орынды мәселе көтерді. Ал «Білім беру сарапшыларының «Қазақ лигасы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнара Әбішева әлеуметтік желідегі парақшасында мұғалімдерді аттестаттауда ең бастысы – олардың өз шәкірттеріне беретін білімінің сапасы мүлдем ескерілмегендігін өткір сынай келіп, өздерінің Білім беру саласы қызметкерлері кәсіподағымен бірлесіп, педагогтерді аттестаттаудың баламалы ережесін әзірлеуге кіріскендіктерін мәлімдепті. Шынында да, мұғалімдерді тек тестілеу арқылы аттестаттаудың дұрыстығы күмән туғызбай қоймайды. Бұған қоса, тестілеу кезінде әртүрлі бұзушылықтарға жол беріліп жүргендігі де жасырын емес. Мәселен, былтыр Қызылорда қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығы филиалының қызметкері қатысқан алты адамдық қылмыстық топ Ұлттық тестілеу орталығының компьютерлік тестілеу базасына қашықтықтан заңсыз қосылу арқылы жергілікті түлектердің, мұғалімдер мен мектеп директорларының Ұлттық бірыңғай тестілеуден және біліктілік тестілеуінен «өте сәтті» өтулеріне көмектесіп, сол үшін олардан қомақты сыйақы алғандығы әшкереленді. Сотталушылар өздері мемлекетке келтірген 27,5 млн теңгеден аса зиян орнын тергеу барысында толтырғандығы ескеріліп, бәрі де 3 жылға бас бостандықтарынан шартты түрде айырылды. 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры парақорлығы үшін сот үкімімен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылғаны да жадымызда. Жуырда Астана қаласынан келген алаяқ әйел Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауылдың орта мектебінің 10 мұғалімін аттестаттаудан оңай өткізіп беру үшін олардың әрқайсысынан 400 мың теңгеден жинап алып, ізім-қайым жоғалып кеткенін сенімді дереккөзден естіп білдік. Сол мұғалімдер өздерінің оңбай алданғандықтарын біле тұра, осы алаяқтық қылмыс үшін өздерін де кінәлі санағандықтан, жұрт алдында абыройларын айрандай төкпеуді ойлап, құқық қорғау органдарына шағымданбауды жөн көріпті. Міне, осындай «жабулы қазан жабулы күйінде қалған» қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны қанша екені бір Аллаға ғана аян. Демек, біліктілік тестілеуіне байланысты алаяқтық қылмыстардың алдын алу үшін де мұғалімдердің аттестаттау ережесін өзгерту қажет.