Экономика • 01 Маусым, 2023

Қазақстан – Испания: Экономикалық байланыс нығаяды

244 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астанада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің 7-отырысында экономиканың екі ел бірлесе дамытуға ниетті маңызды салалары бойынша кең көлемді талқылау болды. Тараптар машина жасау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару бағыттарында ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Форумға қатысуға Қазақстаннан – 150, Испаниядан 35 компания келді. Іс-шараның басты мақсаты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестициялар тарту және жетекші испан компаниялары мен қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру.

Қазақстан – Испания: Экономикалық байланыс нығаяды

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, форум қазақ және испан бизнесі арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге мүмкіндік береді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы айтарлықтай өсіп, 2,5 млрд еу­ро­­ны құраған. Бұл – алдыңғы жылмен салыс­тырғандағы өсімнің 42 пайызға жуығы.

«Қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикадағы турбу­лент­ті үрдістерді азайтуды көздеген толық­қанды экономикалық бастамасын жүзеге асыру үстінде. Бұл реформалар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, ашық және есеп беретін мемлекет құруға, заманауи мемлекеттік ап­па­ратты қалыптастыруға, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға және индустрияландыруға бағытталған. Мемлекет басшысының экономикалық бастамаларын іске асыруда маңызды рөл «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне берілді, ол елдің сегіз негізгі даму институтын қамтиды және экономикалық реформаларды жүргізуде Үкіметтің аса маңызды қаржы құралдарының бірі болып саналады. Біз Испаниямен сауда және инвестициялық қарым-қатынасымызды үнемі арттырып отырамыз. Кездесу аясында Қазақстан үшін бірқатар басым бағыт бойынша келіссөздер жүргізіледі. Оның аясында біздің тарап экономиканың басым салаларында екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін мемлекет­тердің бәсекелі артықшылықтарын пайда­­ла­нуды қолдамақшы. Испан компания­лары, бірінші кезекте, жабдықты жет­кізу бойынша негізгі технологиялық серік­тес­­теріміз болып саналады. Біз испан ком­па­нияларының отандық бизнестің тех­нологиялық серіктестері болуы үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл негізгі үш салада жүзеге асады. Олар – су тазарту құрылысжайлары бойынша, ауыл шаруашылығы, су ресурста­рын басқару және машина жасау саласындағы кооперациямызды дамыту», деді холдинг басшысы.

Оның айтуынша, испан тарапының да бізге не ұсына алатыны маңызды.

«Бәйтерек» – Қазақстанның негізгі қаржы­лық өкілі және елдегі қаржы және сауда реформалары үшін біз жауаптымыз. Бірлесіп жоғары нәтижелерге жетеміз деп санаймын. Бұл платформа білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, елдер арасындағы сауда өсімі мен инвестициялық өсімнің негізі болуға тиіс. Испан инвесторларымен өзара іс-қимылдан мыналарды күтеміз: біріншісі – технологиялық сараптама, екіншісі – инвестордың өзі мәлімдеген салада жұмыс тәжірибесінің болуы, үшіншісі – өзінің қатысуы. Осы талаптар орындалған кезде ғана біз не борыштық капиталға, не акционерлік капиталға қатысуды, не экспорттық қаржыландыру аясында қолдау­ды ұсынатын боламыз. Біз үшін ең маңыз­дысы – елімізге келетін инвестордың өзі толық қатысатын, технологиялық сараптамасы бар толыққанды инвестор болуын қам­тамасыз ету», деді Қанат Шарлапаев.

Испания Сауда палатасының халықара­лық ынтымақтастық бойынша директоры Хайме Монтальвоның айтуынша, форум екі-­жақты іскерлік қатынастардың келешегін көруге, жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бойынша қаржы құралдарын пайдалану барысын талқылауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан – Орталық Азияның лидері және Испанияның стратегиялық серіктесі болып саналады. Қазақстанда минералды ресурстардың айтарлықтай қоры бар. Сондай-ақ экономикалық жағдайы өте жақсы дамып келеді. Қазақстан мен Испанияның экономикалық қарым-қатынасы жақсы деңгейде. Елдер арасындағы тауар айналымы 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 4 есе артты. Испаниялық компанияларда 9 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Қазақстан Испанияға ха­лық тұтынатын тауарларды жеткізу, газ және жаңғырмалы энергия көздері, тасымал­дау және логистика саласында мүмкін­діктер ұсынып отыр. Қазақстан «жасыл энергияға» өтуге мүдделі. Мұны Үкімет те мәлімдеді. 2050 жылға таман сіздің елде энергияның тең жартысы жаңғырмалы энергия көздерінен алынбақ. Осыған байланысты аталған саладағы жаңа шешімдер тұрғысынан сіздерге қолдау білдіре аламыз», деді Хайме Монтальво.

Ал Испания жұмыс берушілер ұйымдары конфедерациясының президенті Марта Бланко елдер арасындағы байланыстың тығыз дамуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз деген ой айтты.

«Осы ретте біз қос тарапқа да пайдалы салаларды анықтадық, бірқатарын атап өтер болсам, олар – көлік бойынша интеграция, жаңғырмалы энергия көздері, өңдеу, қалдықтарды қайта өңдеу. Қазақстанда испан компанияларын қолдаудың тәуір шаралары бар. Бірақ сапалы жұмыс істеу үшін қойылатын талаптар да бар. Ол – ең бірінші кезекте реттеуші базаның ашық, болжамды, тұрақты болуы», деді Марта Бланко.

«MAXAM» компаниясының коммер­циялық директоры Хосе Мария Касас өз бизнесінің тарихынан мысал келтірді.

«Біз мұнда 20 жылдан бері жұмыс істеп жүрміз. Бастапқыда кеңсеміз кішкентай болды. Төрт адам ғана қызмет атқарды. Қазір бүкіл ел бойынша 4 зауытымыз бар. Жылдық табысымыз 100 млн еуроға жетеді. Мұндай жетістікке біз қалай жеттік? Жұмыс істеуімізге мемлекет мүмкіндік берді. Мен Орталық Азияның көп елінде болдым. Қазақстан – компанияларға тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайтын, нақты реттеушілік базасы бар бірден-бір ел. Мен көптеген испан компанияларын Қазақстанда жұмыс істеуге шақырамын, өйткені бұл ел инвес­тиция үшін өте қолайлы», деді ол. 

Сауда және интеграция вице-министрі, Қазақстан тарапынан Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының төрағасы Қайрат Төребаев елдер арасындағы жалпы сауда айналымында отандық экспорттың үлесі басым екенін айтты.

«Біз 262 млн еуроның тауарын импорт­тадық. Сондықтан испандық сапалы өнім­дерді импорттаудың үлкен резерві бар. Бұл ретте экспорт та өсуге тиіс. Қазақстан экспортының басты өнімі – мұнай. Испан кәсіпкерлерінің жеміс пен көкөністі өндіру, сақтау және үлестіру бойынша мол тәжірибесі бар. Инвестиция туралы айтуға әлі ерте. Былтыр испандықтар 20,7 млн доллар инвестиция жасады. Бізде, негізінен, дистрибуция, шағын сауда, автокөлік бөлшектерінің саудасы саласында жұмыс істейтін 45 бірлескен кәсіпорын бар. Ал қазір испан инвестициясын фармацевтика, жеміс пен көкөніс өндірісіне және жоғары технологияларға тартқымыз келеді», деді Қайрат Төребаев. Оның айтуынша, өңірдегі геосаяси ахуалдың жедел өзгеруіне байланысты Қазақстан қазір сауда дәлізін орнатып тастады деп ойлай бастағандар көп.

«Бірақ бұл дәліз өз әлеуетінің жарты­сын да пайдаланған жоқ. Сол себепті алдағы бірнеше жылда саудамызды өсіретін мүм­кіндік бар. Қазақстанда көптеген табысты испан компаниялары жұмыс істейді, алайда солардың 45-і ғана – АҚ және олардың саны өсуге тиіс. Бізде әлемдегі үздік инвестициялық климат қалыптасқан және Орталық Азияға түсетін инвестицияның 70 пайызы – Қазақстанның еншісінде. Бұл жай ғана сәттілік емес, бұл – үлкен еңбектің жемісі», деді Қайрат Төребаев.

Испания тарапынан Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының төрағасы, Испания сауда, индустрия және туризм министрлігінің сауда бойынша мемлекеттік хатшысы Шиана Мендес екі ел арасындағы ынтымақтастық жылдан-жылға қарқын алып келе жатыр деп есептейді. Мысалы, 2022 жылы Испаниядан Қазақстанға экспорт 74 пайыз­ға өскен. Бізге сатылған тауарлар – не­­гізі­нен, киім, машина және химиялық өнім­дер.

«Қазіргі уақытта Испанияның Қазақ­станға экспорты біршама әртараптан­дырылған деп айтуға болады. Олар – негі­зінен, шина, трактор, көлік құрылғылары, машина жасау және химиялық сала өнім­дері сияқты өнеркәсіптік маңызға ие тауар­лар. Испан компаниялары тыңайт­қыш және тұз өндіру, теміржол саласы, қалдықтарды қайта өңдеу, мал шаруа­шылығы, тау-кен секторы, цифрлы индустрия және денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық жобаларда табысты жұмыс істеп жатыр.

Қазақстандық және испандық бизнес арасында көптеген табысты кейстер бар. Испандық бизнес үшін Қазақстан – өте маңызды нарық. Испандық компания­лар Қазақстанға ЖЭК бойынша ынтымақтастықты ұсына алады. Бүгінгі кеңестің мақсаты – екіжақты сауданы ілгерілету, кедергілерді анықтап, оларды жою жолдарын белгілеу. Біз Қазақстанның экономикалық өсудегі әлеуетін көріп отырмыз. Сіздердің страте­гия­ларыңыз орнықты құрылымдарға, заманауи технологиялар мен тәжірибеге бағытталған. Тараптар қазірдің өзінде панде­мияға дейінгі нәтижелерге қол жеткіз­ді, ал екі елдің мемлекеттік органдары экономикалық байланыстарды белсенді дамытуға ықпал етуде. Біз экология, көлік және гендерлік теңдік бойынша әріптестікті дамытып жатырмыз. Климаттың өзгеруімен күресудеміз. Әріптестік салық түсімінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. 2023 жылы өсім 5 пайыз болады және бұл – өте жоғарғы экономикалық көрсеткіш», деді Шиана Мендес.

Ол Еуропа және Азия логистикалық дәлізі аясында Қытай сияқты елдерге шығу үшін Қазақстанның өте маңызды нарық болатынын айтты.

«Қазақстан тұрақты даму, экспортты әртараптандыру үшін құндылықтар жасау ісінде транзиттік ел және Испания үшін негізгі бағыт, платформа ретінде әрекет етеді. Өз кезегінде испан компаниялары осы қатынастарды жақсарту үшін жоғары технологиялық жабдықтарды ұсына алады. Менің ойымша, сауда және инвестициялау динамикасы өте оң. Алдағы жылдары іскерлік байланыстарымыздың нығая түсетініне сенімдімін», деді Испания сауда, индустрия және туризм министрлігінің сауда бойынша мемлекеттік хатшысы.

Жалпы, Еуропалық одақ – экономикалық өзара іс-қимыл тұрғысынан Қазақстанның ең ірі серіктестерінің бірі болса, Испания осы ынтымақтастық аясындағы маңызды серіктестердің бірі болып саналады. Сон­дықтан тараптар екі ел арасындағы эконо­микалық қатынастардың жақын уақытта жаңа деңгейге көтерілетініне сенімді. 

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, мұн­дай форумдар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайта түсуге септігін тигізеді.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз жаңа экономикалық байланыстар жасау арқылы іскерлік қарым-қатынасымызды кеңейтуге шақырамын. Бізге екі тараптан да күшті саяси қолдау барлығын пайдаланып, испандық серіктестерімізге Қазақстанға көбірек инвестиция салуға және бізбен көбірек сау­да жасауға қолдау көрсеткіміз келеді. Испа­ниямен стратегиялық кооперация бойын­ша ынтымақтастыққа қол қойылды. Біз жақсы іскерлік қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуды жалғастыруға мүмкіндік беретін жеткілікті де берік негіз бар деп сенеміз», деді «Бәйтерек» басшысы.

Форум барысында сарапшылар бизнес үшін жасалатын мүмкіндіктер мен пайдаланылатын қаржы құралдары төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар орнықты энергетика және инфрақұрылым саласы бойынша идеялары мен нақты тәжірибелерін ортаға салды.