Отбасы • 31 Мамыр, 2023

Әскерилер отбасы – әрдайым назарда

381 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлының «Ба­­­лам дейтін жұрт болмаса, жұр­тым дейтін бала қайдан шық­сын?!» деген сөзі қай уақытта да маңызын жоғалт­пайды. Бү­гінгі заманда ел қорғайтын ер­лер­дің алғы шебінде әскери қыз­метшілеріміз жүреді десек, қателеспейміз.

Әскерилер отбасы – әрдайым назарда

Сол себепті де олардың әлеуметтік жағдайына қарайласу, әсіресе отбасы мүшелерімен жұмыс істеп, бала-шағасының ел қатарлы өсіп-жеті­луіне жағдай жасау, отбасындағы мо­раль­дық-психологиялық ахуалды жақсарту – маңызды міндет. Осы мақсатта еліміздің Қорғаныс минис­трлігі құрамында Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүше­лерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімі жұмыс істейді. Бөлім бастығы Тәттігүл Смағұлованың айтуынша, әскери бөлімге жаңадан қызметке келіп жатқан әскери қызметшінің жаңа жерге бейімделуіне, балаларының балабақшаға, мектепке орналасуына көмектесу, ауру-сырқау балалары болса, оларды есепке алу, басқа да әлеуметтік жағдайларына көмек беру, соны әскери бөлім командирлеріне, тәрбие жұмысы бойынша орынбасарларына жеткізу мақсатында ұйымдастырылған бұл бөлімнің атқарар шаруасы сан-салалы.

Соның бір бағыты – әскери қыз­мет­шілердің балаларымен жұмыс. Жылдағы дәстүр бойынша 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бүлдіршіндер арасында түрлі байқау, көрме ұйымдастыру биыл да белсенді қолға алынған. Атап айтқанда, Қарулы күштердегі әскери қызметшілердің 5-14 жас аралығындағы балалары қатысқан «Отан отбасынан басталады» деген тақырыптағы сурет байқауын айтуға болады. Биыл шығармашылық сайыс «Қазақстан – бейбітшілік мекені», «Менің әкем – Отан қорғаушы», «Батырлар ерлігі мәңгі есімде» деген үш номинация бо­йынша өткен.

– Байқауға еліміздің барлық айма­ғындағы әскери қызметшілердің балалары белсенді түрде қатысып, өздерінің қылқаламынан шыққан туындыларын жолдады. Арнайы құрылған комиссия жеңімпаздарды анықтады. Оларға Қорғаныс министрінің тәрбие және идео­логия жұмыстары жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Кама­летдиновтің қолы қойылған арнайы дипломдар дайындалды. Балалар­ды қорғау күні қарсаңында жалпы саны 49 диплом иелеріне жолданды, – дейді Тәттігүл Смағұлова.

1 маусым қарсаңында қолға алын­ған тағы бір іс-шара – «Әскери қызмет­шінің отбасындағы бақытты сәттер» тақырыбындағы фотоколлаж байқауы. Бұндағы мақсат – әскерилердің отба­сындағы таспаға басылған айрықша, тартымды сәттерді көпшілік назарына ұсыну. Бұл байқауға да еліміздің барлық аумағындағы әскери бөлімдерден әдемі фотоколлаждар ұсынылған.

– Біз бұл сынға қатысқан балаларға арнайы орындар бергеніміз жоқ. Өйткені біреу бақытты, екіншісі одан бақыттырақ деп бөліп-жара алмай­мыз. Әр баланың ұсынған фото­кол­лажы бір-бірінен өткен тартым­ды. Сондықтан осы іс-шараға қатыс­қан барлық үміт­керді сертификатпен марапаттау туралы шешім қабылданды. Қорғаныс ми­нис­трлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, полковник Т.Басқожаев қол қойған сертификаттар әр балаға табысталады, – дейді Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.

Оның айтуынша, Халықаралық бала­ларды қорғау күні, яғни бүгін елор­да­дағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта әскери қызметшілердің және олардың балаларының қатысуымен бірқатар іс-шара өтпек. Атап айтқанда, ойындар, флешмобтар, аниматорлардың қатысуымен арнайы сурет алаңдары, балалар дайындаған концерттер болады. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткен үш номинация бойынша жеңімпаз атанған үздік суреттер көрермен назарына қойылмақ. Әрбір елордалық тұрғын балалар қолынан шыққан тамаша туындыларды көріп, өз бағасын бере алады.

Тәттігүл Смағұлова жазғы демалыс кезінде әскери қызметшілердің ба­ла­ларының бос уақыттарын пайда­лы өткізу мақсатында лагерьлер ұйымдастыру жоспарда тұрғанын айтып өтті. Баланың дербес өмірге бейімделуіне, пайдалы тәлім-тәрбие алуына және жаңа достар табуына лагерьдің ықпалы орасан зор. Осы мақсатта Қонаев гарнизоны Алматы төңірегінде, елордалық гарнизон Бурабайда лагерь ұйымдастыруды жос­парлап отыр.

Жалпы, әрбір әскери бөлімде қыз­мет­­кер­лердің балаларына барлық жағ­дай­ды жасау үшін үйірмелер ашылға­нын айта кету керек. Одан бөлек, бала­лар­ға арналған кітапханалар жұмыс істейді. Ал жуырда жылдағы дәстүрге сай балалар Қарағанды облысындағы Спасск по­ли­гонында өтетін «Айбын» әскери пат­риоттық жиынына дайындалып жатыр. 

Осы орайда әскери қызметшілер ба­ла­ларының жетістіктерін де айта кету орынды. Мәселен, Алматы қала­сында өткен «Тайжарыс-Талант» халық­аралық байқауында абайлық әскери қызметшінің қызы Мөлдір Мейрамбаева бас жүлдеге ие болды.

Туған жерінде жас талантты Абай гарнизонының әскери қызметшілері аса қуанышпен  қарсы алды. Мөлдір бес жасынан ән айтып жүр. Өнер өлкесіне қанат басқан ол вокал аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жас өрен сайыстан үздік шығатынына сенімді болыпты.

– Мен бұл жарыста бірінші орын алатыныма сенімді болдым. Себебі жа­рысқа ұзақ дайындалдым. Шығарма­шылық бағыттағы ұстаздарым да маған қатты көңіл бөлді. Міне, бүгін олардың үмітін ақтадым. Өте қуаныштымын, – дейді жеңімпаз жас. Сегізінші сыныпта оқитын әнші қыз әскери қызметтегі әкесін үлгі тұтады. Жарыстарға барар алдында одан кеңес сұрайды.

– Халықаралық байқауда Семейдің ғана емес, Қазақстанның намысын қорғаған қызымызды теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп ал­дық. Мөлдірдің әкесі де қызметінде бел­сенді. Әсіресе, жауынгерлік және мем­лекеттік құқықтық дайындық жұмыс­тар жағынан өте зерек. Өнерпазға то­ла­­ғай шығармашылық табыс­тар ті­лейміз, – дейді 54770 әскери бөлі­мі­нің ин­женерлік-саперлік батальон коман­дирінің тәрбие және идеоло­гиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Бақберген Буратаев.

Мөлдір бұл жетістігімен шектелмек емес. Оны шілде айында Астана қаласында өтетін тағы бір жоғары деңгейдегі ән байқауы күтіп тұр. Қарша­дай қыз әке үмітін ақтауға ниетті.