Форумға Қарулы Күштердің, әскери құралымдардың, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері, Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары және Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.
Конференцияны Әскери ғылым академиясының президенті, запастағы полковник Мұхтар Серікпаев ашып, әскери оқу орындарында жасына қарай магистратура мен докторантурада оқыту мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, әскери ғылымды дамыту және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін нығайту мақсатында құзыретті орталық құру қажет.
Одан бөлек, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ләззат Ералиева, Әскери ғылым академиясының бірінші вице-президенті, отставкадағы генерал-лейтенант Болат Жанасаев, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-майор Жұмабек Ахметов, ҰҚК Шекара қызметінің Жауынгерлік кезекшілік және ситуациялық ақпараттандыру департаментінің бастығы, полковник Нағмет Садықов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы бастығының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, полковник Қуанышбек Кәрменов, т.б. сала мамандары баяндама жасады.
Айта кетейік, «ҚР Әскери ғылым академиясы» РҚБ 2013 жылы әскери ғылым мен ғылыми мектептердің сабақтастығын дамыту мақсатында құрылған болатын. Академия ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, сондай-ақ күштік құрылымдардың мүддесі үшін гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобаларын орындайды.
Оқу орнының «ӘҒА-хабаршысы» деген атпен ғылыми журналы шығады. Оның беттерінде Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттары, Қазақстан мен таяу шетелдердің белгілі ғалымдары мақалалар жариялап тұрады. 2020 жылы академия құрамында Қауіпсіздік және арнайы білім беру бағдарламалары институты құрылды. Оның негізінде аумақтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы, кадрлық жұмысты ұйымдастыру және әкімдіктердің, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың мамандарын әскери есепке алу курстары өтеді.
Атаулы күнге орай конференцияға қатысушылар «Әскери ғылымдар академиясына 10 жыл» төсбелгісімен марапатталды.