Болашақ дәрігерлерді госпиталь бастығының орынбасары-медициналық бөлім бастығы, медицина қызметінің полковнигі Руслан Жанзақов қарсы алды. Ол «госпиталь қабылдау бөлімінен басталатынын» айтып, бұл жерде жалпы саны 29 бөлімше бар екенін, оның 15-і стационарлық емдеуге арналғанын таныстырып өтті.
Көпсалалы медициналық емдеу мекемесі 2000 жылдың 3 сәуірінде құрылған. Мұнда 300-ден аса медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың арасында «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, денсаулық сақтау үздіктері де бар.
Жыл сайын мекемеде түрлі сырқатпен үш мыңға жуық пациент стационарлық ем қабылдайды, оларға негізгі медициналық қызметтен бастап күрделі операцияға дейін мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.
Госпиталь пациенттері – кадеттер, курсанттар, мерзімді қызметтегі сарбаздар, офицерлер құрамы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері. Үш жыл бойы госпиталь халыққа кепілді көмек ретінде берілетін тегін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ақылы медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Госпиталь азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарымен, ұлттық ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса еңбек етіп келеді. 2013 жылы медициналық мекеме «Астана медицина университеті» КеАҚ кафедраларының клиникалық оқу базасына айналды.
Медициналық оқу орындарының студенттеріне әскери дәрігерлер қызметінің ерекшелігі, оның азаматтық денсаулық сақтау саласынан айырмашылығы туралы жан-жақты айтылды. Олар сондай-ақ әскери қызметшінің әлеуметтік пакетінің көлемі, кәсіби тұрғыда өсу перспективалары туралы толық ақпарат алды. Әскери дәрігерлердің таяу және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында біліктілігін арттыруға, Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығында даярлықтан өтуге, бітімгерлік миссияларға қатыса отырып, бірегей тәжірибе алуға мүмкіндігі бар.