Қарулы Күштер – ел тірегі. Сол үшін кез келген дені сау жас елінің патриоты болуды парызым деп түсініп, халқына қорған болуға ұмтылғаны абзал. Осыған орай биыл 18 мыңнан астам адамды азаматтық борышын өтеуге шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 7 мыңнан астам бозбала Қарулы Күштердің қатарында қызмет етпек. Қалған шақырылушылар Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдері қатарын толықтыратын болады.
Қорғаныс министрінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменовтің айтуынша, бүгінгі әлемдегі, соның ішінде еліміздің айналасындағы геосаяси ахуал қаласақ та, қаламасақ та, бізге етек-жеңімізді жинайтын уақыттың келгенін атар таң мен батар күндей көз алдымызға айшықтап беріп отыр. Сындарлы сәтте садақ тартар сарбаздарымыздың сақадай сай, бес қаруының әзір болуы – уақыт күттірмес міндет.
– Жастардың 1 жыл әскерде болуын мемлекеттің оқу-жаттығудан өткен жұмылдыру резервін дайындауға кететін уақыт деп қабылдауымыз қажет. Мерзімді қызмет өткеру кезінде олар әскери істің негіздерімен танысып, қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы басқаруды, әскери-есептік мамандықты игереді. Осы жұмылдыру резервін қажетті деңгейде ұстап тұру үшін күштік құрылымдар қатарына шамамен 35 мың адам шақырылады. Кез келген мемлекет үшін білікті жұмылдыру резервін дайындау күн тәртібінен ешқашан түскен емес, – дейді Әлішер Сүлейменов.
Біздің ойымызша, әскери борышты өтеудің түпкі мақсаттарының бірі – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Патриотизм – өзіңнің еңбегің мен күш-жігеріңді туған жерің мен Отанды көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді. Патриоттық сезімнің нысаны – Отан десек, оның іргетасы – туған жер, ұлттық тіл, діл, дәстүр. Қорғаныс министрінің кеңесшісі де туған жерге деген сүйіспеншілікті елді көркейту, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіру деп те ұғынған жөн екенін айтады.
– Батыс ойшылдарының бірі Эпиктет: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы, дейді. Олай болса, ер азаматтың мойнындағы борышты білетін ұлша тәрбиеленген жігіттеріміздің көп болуы ортақ міндет, – дейді Әлішер Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазіргі күні әлеуметтік желіде Отан қорғаушының абыройлы есіміне күйе жағушылар көп. Қоғамда дүрбелең туғызып, бұқараны дүдәмал ойға жетелеу сәнге айналған. «Әйтсе де Қорғаныс министрлігі қол қусырып, ауызды қу шөппен сүртіп қарап отырған жоқ», дейді ол. Елдің қорғаныс қабілетін арттыру, ол үшін әскерді денсаулығы мықты, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген, төрт құбыласы тең азаматтармен толықтыру ісі қарқынды жүргізіліп келеді.
– Алдымен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын назарға алу керек. 2022 жылы тамыз айында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен «Өміріңді сақта» салааралық бағдарламасы бекітілді. Бұл құжат құқық бұзушылықтың алдын алуға, билікті асыра пайдалану фактілерін болдырмауға, жарақаттану мен әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Оны әзірлеуге Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен психологтер қатысты, – дейді министр кеңесшісі.
Бұл бағдарлама қазірдің өзінде нәтижесіз емес көрінеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайтарымсыз шығындар мен қылмыстық әрекеттердің санын едәуір қысқартуға қол жеткізілген. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асырылады.
Әскери саладағы тағы бір маңызды жұмыстардың бірі – Отан алдындағы борышын өтеген жастардың белгілі бір мамандықты игеріп шығуына жағдай жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап мерзімді қызмет сарбаздарын экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 28 мамандыққа даярлау басталған. Олар әскерде жүріп-ақ, техника жөндеу шебері, экскаватор машинисі, электромонтажшы, аспаз, слесарь, электрослесарь, т.б. мамандықтарды игереді. Осылайша, жыл сайын запасқа шығарылғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар 3 мың маман даярланып келеді.
Бұдан бөлек, сарбаздарға білім алуға деген жеңілдіктер Отан алдындағы борышын өтеуге талпынған жастардың қатарын арттырып отыр. Мәселен, өткен жылдың ең басты жағымды жаңалығы – әскери борышын өтеген соң жоғары оқу орындарына түсу жеңілдігінің берілуі. Бүгінде бұл бастаманы еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орны қолдап отыр. Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындары арасындағы қанатқақты жоба Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскерде қызмет етуге ынталандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін қолға алынған.
– Енді биылдан бастап «өмір көрген» сақа сарбаздарға екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріліп отыр. Ол үшін азаматтар «Е-gov» немесе ХҚО-дан алынған мерзімді әскери қызметті өтегені туралы анықтаманы басқа құжаттармен бірге өзі таңдаған жоғары оқу орнына ұсынуы қажет. Сондай-ақ мамандықтар мен жоғары оқу орындарына да шектеу болмайды, – дейді Әлішер Сүлейменов.
Ал әскерде жақсы нәтижесімен ерекшеленген жауынгерлерге жоғары оқу орындарының гранты беріліп, олар бакалавриат пен магистратурада тегін оқиды. Сондай-ақ емтихансыз және ҰБТ-сыз Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдана алады. Бұл жерде сарбаздың жеке қасиеттері, үлгілі тәртібі мен жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жетістіктері қатаң ескеріледі. Бұл екі санатқа кіретін болашақ студенттер жоғары оқу орындарының жанындағы әскери кафедраларға да емтихансыз қабылданып, тегін оқуға құқылы.
– Қай заманда да әскери қызмет ерекше құрметке ие. Еліміздің тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасы мен халықтың тыныштығын күзету – ер азаматқа жүктелген ерекше абырой мен зор сенім. Сол сенімді ақтап, Отан алдындағы конституциялық борышын адал атқарған оғландарға қалаған оқу орнында жоғары білім алу – таптырмас мүмкіндік, – дейді министр кеңесшісі.
Біз бұған дейін жазғанымыздай, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызмет сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандумды бекіткен болатын. Ол бойынша 3 мыңнан астам әскери қызметшіге қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылып отыр. Яғни Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар әскерден қайтқанша өз несиелеріне алаңдамайды. Біздің ойымызша, бұл заман талабына сай қолға алынған тамаша мүмкіндік.
Қорғаныс саласы мамандарының айтуынша, мұның бәрі – әскери қызметтің имиджін арттыру мен жастардың әскери борышын өтеуге ынталандырудан туған қадам. Әскерден жалтаруды зайырлы қоғамның заңдары да, дәстүрлі дініміз де құптамайды. Сондықтан әскери борышты өтеу он екі мүшесі сау кез келген азамат үшін қасиетті борыш болып қала береді. Жастар осы абыройлы міндетін дұрыс түсініп, әскерге баруға деген құлшынысын арттырса, ел іргесі берік, жұрт ұйқысы тыныш болмақ.