Медицина • 02 Маусым, 2023

Ағзаға зиян трансмай мөлшерін қалай азайтамыз?

236 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлт саулығын діттеген елдің маңызды мәселесінің бірі – халықтың ішіп-жеміндегі зиянды қоспалардың мөлшерін азайту. Өткен ғасырларда жұрт көбінесе жұқпалы кеселдерден көз жұмса, бүгінде «ақшаға сатып алған» ауру түрлері көбейді.

Ағзаға зиян трансмай мөлшерін қалай азайтамыз?

Бұдан бұрын «Egemen Qazaq­stan» газетінде «Трансмай несімен қауіпті?» дейтін тақырып­ты қозға­ған едік. Бұған БАҚ-та маргарин мен спредтердегі гид­ро­генезделген майлардың болуы­на қатысты қолданыстағы техрег­ламентті жеңілдету мен олардың өнімдегі мөлшерін қазіргі 2%-дан 20%-ға дейін жеткізуді ұсынған ақпараттар себеп болған еді.

Ендеше таяу күндері елордада өткен «Тамақ өнім­деріндегі трансмайлар мен қалдық ветерина­р­лық препараттарды ұлттық жә­не халықаралық норма­лау» атты дөңгелек үстелде көтерілген мә­се­­ле­лерге оралып көрейік. Бұл та­қырып күрделі де тосын сияқ­­ты көрінгенімен, ол ешкім­ді айналып өтпейді. Өйткені денсау­лығымыз үшін аса қауіпті трансмайларды тұтыну мәселесі қашан­да өзекті.

Жоғарыда атап өткендей, кейбір өнеркәсіптік қауымдастықтар өз мүдделерін тықпалап, азық-тү­лік өндірушілеріне Қазақстанда қол­данылатын, ЕАЭО-ның техни­калық регламентінде белгіленген өз өнімдеріндегі өнеркәсіптік трансмайлардың үлесі 2%-дан аспауы керек деген ережені бұзып, 20%-ға дейін пайдалануға рұқсат беру идеясын ұсынып отыр­. Алай­да қоғамдық ден­сау­лық сақтау саласындағы сарап­шылар арзан өнеркәсіптік транс­­майлар есе­бінен өнімдерінің өзін­дік құ­нын төмен­детуге мүдделі жекелеген өндірушілердің коммер­ция­лық пиғылы ұлт денсаулығына қатыс­ты мүдделер­ден жоғары бол­­­­мау­ға тиіс екенін алға тартып отыр.

Азық-түлік, білім беру және тәрбие нысандарын санитарлық-гигиеналық бақылау мен қадағалау басқармасы төрағасының орынбасары Гүлшарат Қожатованың айтуынша, ДДҰ талаптарына сәй­кес, бүкіл әлем өнімдердегі транс­­майлардың рұқсат етіл­ген мөл­шерін барынша азайтуға ты­ры­сып жатыр, ал бірқатар дамы­ған елде бұған толық тыйым салынған.

Дөңгелек үстел барысында сарапшылар транс­май­ларды, яғни өндірістік жолмен алынған транси­зомерлерді немесе гидро­генезделген майларды пайдалану – қан тамырларының бітелуі, инфаркт, инсульт, жүрек­тің жі­ті ишемиясы сынды басқа да қауіп­ті кеселдерді туындатып, атеросклеротикалық түйін­шек­­­­тер кесірінен жүрек-қан та­мыр­­лары аурулары мен өлім-жітім­ді бірнеше есеге арттыраты­нын нақты мысалдармен дәйектеді. Мәселен, трансмай қышқыл­дары мөлшерін көбейту бедеулікке бас­тайтыны айтылды: тұрмыс құрған 18 мыңдай әйелге жүргізілген зерттеулер трансмайды тұтынудың әрбір 2%-ға артуы бедеулік қаупін 73%-ға өршітетінін көрсетті.

«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия шең­берінде азық-түлік өнімдеріндегі транс­майлардың рұқсат етілген мөлшерін одан әрі қысқарту жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. 2%-ға дейін берілген рұқсат 2024 жылға дейін белгіленсе, оны тағы да төмендету жоспарланып отыр. Бірақ мұндай талап тамақ өнімдерін өндірушілердің қалтасын қағатыны анық. Соны­мен қатар баға мен өзіндік құнға қатысты барлық экономикалық аспектіні түсіне отырып, Қазақ­стан халқының трансмай қыш­қылдарын тұтынуды мүмкін­дігінше шектеуді басты назар­да ұстау керек. Ғылы­ми зерт­теу­лердің көпшілігі тамақ өнімдерін­дегі трансмай қышқыл­дары талай аурудың пайда болуына себепші екенін көрсетті. Осыған байланыс­ты 2018 жылы ЕАЭО техникалық регламенті бойынша өнімдегі трансмай қышқылдарының мөл­шері 2% деңгейінде болсын деген норма қабылданды. Біз бұл шекті одан әрі төмендетудің баламасы жоқ деп есептейміз», дейді Г.Қожатова.

Денсаулық сақтау министр­лі­гінің маманы, медицина ғылым­дарының кандидаты Жанар То­лысбаева ДДҰ деректеріне сәйкес, әлемде жыл сайын 540 мыңға жуық өлім-жітім өнеркәсіп­тік жолмен алынатын майларды тұтыну салдарынан болатынын мысал­­ға келтіре отырып: «Трансмайларды шамадан тыс тұ­тыну кез келген кеселдің себептерінен бола­тын қайғылы оқиғаларды 34%-ға, соның ішінде жүрек­тің ише­миялық ауруынан болатын өлім-жітімді 28%-ға арттырады. Бізге белгілісі, елімізде жүрек және қан тамырлары аурулары өлім-жітім құрылы­мында бірінші орында тұр. Мемлекет жүрек­тің ише­миялық ауруы мен жүрек-қан тамырлары аурула­рына операциялар жүргізу үшін квотамен жыл сайын миллиардтаған теңге бөледі. Сондықтан трансмай­лардың Қазақстандағы жалпы сырқаттылық пен өлім-жітім әсеріне көзді жұмып қарауға болмайды», дейді.

Сарапшының айтуынша, Еу­ропаның жетекші медици­на­лық орталықтары мен универси­теттерінің зерттеулері өнеркәсіптік майларды тұтынудың кері салдары ретінде 90-жылдардың өзінде «нашар» холестерин (төмен ты­ғыз­дықтағы липопротеидтердің жо­ғары индексі мен жоғары ты­ғыз­дықтағы липопротеидтер индек­сінің бір мезгілде төмендеуі) дең­гейі­нің жоғарылағанын анық­та­ған. Яғни трансмайларды аздап тұтынған күннің өзінде май алмасу мен қанның липидті профилінің бұзылуын қоздыратыны дәлелден­ген, демек олар жүрек-қан тамыр жүйесіне теріс әсер етіп, инфаркт, тромбоэмболия мен басқа да патологиялар қаупін өршітеді.

Кейін 2000 жылдары трансмай қышқылдарының жасушалар мен ағзалардың қызметіне қалай әсер ететініне қатысты зерт­теулер жүргізіледі. Транс­май­­лардың жұқпалы емес аурулар­дың шешуші факторы – инсу­линге сезімталдықпен және метабо­ликалық синдроммен байланысты, ағзаның кардио-метаболикалық қызметіне айтарлықтай теріс әсер ететіні дәлелденген. Қысқасы, транс­май қышқылдарын аз мөл­шерде болса да ауқат ретінде пай­да­лану жүректің ишемиялық ауруын кәдімгідей асқындырады.

«Трансмайлар эндотолиантты функцияның бұзы­луы салдарынан қабыну үдерістеріне ықпал етеді. Эндотелий – қан тамырлардың ішкі жағынан қаптайтын жасушалар және олар трансизомерлердің әсерінен жойылады. Сондай-ақ трансмайлар қан ұйы­ғыштығын шақырып, жасушалардың инсулинге сезімталдығын төмендетеді де, осыдан келіп жа­суша мембра­на­ларындағы орны толмас қа­­нық­паған май қышқылдарының («жақсы», пай­да­лы холестерин) орнын басып, зат алмасу қыз­ме­­тін бұзады. Жасушалардың да өт­кізгіштік қасиеті төмендеп, зар­дап шегеді. Біртіндеп басты күрета­мырлар зақым­данып, жүректің ишемиялық ауруы пайда бола­ды. Сондықтан дәрігерлер трансмай қышқыл­дары­на қатысты бас­ты мәселе – оларды азық-тү­лік өнімдерінде пайдалану қан тамырларының толығы­мен бітеліп қалуына әкелетіндігін айтумен келеді. Қазіргі таңда коронарлық артерияларын шунттау үшін кво­та­мен операция жасатқан әр­кім­нің-ақ таныс-туыстары бар. Бұл трансмай қышқылдары бар өнім­дермен тамақтанудың нақты салдары», дейді Ж.Толысбаева.

Осы орайда дөңгелек үстелде әлемнің дамыған елдері тамақ өнер­кәсібінде трансмайларды қол­­дану­ды азайтуды немесе то­лы­ғымен шектеуді жал­ғас­ты­рып жатқанына баса мән беріл­ді. Бұл үдеріс медицинаның осы санат­тағы өнімдердің адам ден­сау­лығына келтіретін зияны ора­сан екенін дәлел­дейтін тұжырым­дарынан кейін орын алып отыр.

Сөз кезегі «Стандарттау және метрология институты» РМК Тех­никалық реттеу жөніндегі үйлес­тіру орталығы басшысының орынбасары Александр Раззареновке тиген кезде ол ЕАЭО аясында қа­зір осыған ұқсас жұмыстар жүргі­зіліп жатқанын мәлімдеді.

«Құрамында трансмайы бар барлық өнім бірыңғай көрсеткішке біртіндеп нормалау арқылы трансмай өнімдегі жалпы майдың 2%-ынан аспауға тиіс деген өлшемге келтірілді. Біздің өнді­рушілердің осы регламентке өтпелі дайындық кезеңі айтарлықтай ұзақ – 2011-2018 жылдар аралығында болды. Бұл норма 2018 жылдан бас­тап қолданылып келеді. Біз бес жыл бойы тұрақты шамасы 2% болатын құқықтық алаңда өмір сүріп келе жатқанымызбен, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Қазіргі таңда еуропалық норма­ларға сәйкес түзетілген норма­тивті қамтитын техрегламентке өзгерістер енгізу туралы жоба әзірлену үстінде. Егер қазір рұқ­сат етілген мөлшерлеме өнім­дегі жалпы майдың 2%-ы деп бел­гілесе, онда өнімнің май фазасында түрлендірілген және түрлендірілмеген өсімдік майла­рының мөлшерінен 2% деңгейінде рұқсатнаманы енгізу ұсынылады. Мұның басқа баламасы жоқ, осы мәселеге қатысты ЕАЭО-ға мүше елдердің ұстанымы бірдей», дейді Стандарттау және метрология институтының өкілі.

 

АЛМАТЫ