Қоғам • 01 Маусым, 2023

Жағымсыз әдет – жанға түскен дерт

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Адам – ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» деген сөз бар. Біз келешегінен үміт күтіп отырған жас ұрпақтың басым бөлігі бүгінде рухани тұрғыда жұтаңданып, бос іс пен арзан күлкіге көп әуестенеді. Соның бір мысалы ретінде олардың әлеуметтік желілерді дұрыс қолданбауын, оның пайдасыз, зиянды жақтарына көбірек бой алдырып жататынын айтуға болады.

Жағымсыз әдет – жанға түскен дерт

Мәселен, бүгінде тренд қуған ұл-қыздардың көбі әлеуметтік желілер, басқа да ақпараттық құралдарда жиі жарнамаланып көрсетілетін электронды темекіні тұтынатын адамдарды бүгінгінің нағыз тұлғаларындай, батырларындай көретін болып жүр. Балалар оны адам ағзасына зиянды темекі емес, кәдімгі ойыншық деп қабылдайтын да көрінеді. Баламысың деген. Жарайды, оларды бала дейік, бірақ қасында ата-анасы бар емес пе?..

Кейінгі кездері электронды теме­ке­нің зияны жөнінде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Тек оны ұғатын сана болсын деңіз. Шын мәнінде, аталған электронды түтікше кәдімгі темекі секілді өкпеге тыныс алу жол­да­ры арқылы никотин жеткізеді. Ішін­де арнайы сұйықтығы, ауыстырылып тұратын картриджі болады екен. Егер әлгіні жиі пайдаланар болсаңыз, ағза­ңыз оған тез арада тәуелді болып қа­ла­ды. Оның құрамында никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, кө­ге­ретін қышқыл, аммиак, шайырлы зат­тар, органикалық қышқылдар бар.

Оны сатып пайда табушылар, өн­діру­шілер өз өнімдеріне шаң жуыт­пасы бел­гілі. Оларға керегі пайда. Ха­лық­тың, әсіресе жастардың денсаулығы олар үшін құны жоқ се­кіл­ді. Өкінішке қарай, өнімді ұсы­ну­­шы­лар «никотині аз, зияны жоқ» деп оны жарнамалаудың түрлі жолдарын меңгеріп-ақ алған. На­рықта бір вейп­тің бағасы 2 мың теңге тұрады. Осы­лайша, тауардың қолжетімділігі жаппай тұтынуға оңай жол ашып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы электронды темекілер зиянсыз деген тұжырыммен келіспейді. Аталған ұйым шылымның бұл түрі, әсіресе иммунитеті құбылмалы, әлсіз балалар ағзасына қатты теріс әсерін тигізетінін, тұтынушылардың 70-80 пайызы жүре пайда болатын көптеген ауруға шалдығатынын растады. Ток­сико­лог маман Галина Николаева: «Те­мекінің қай түрін қолдансын, олар­дың негізгі компоненті тәуелділік туды­ратын күшті психобелсенді си­пат­қа ие. Ал никотиннің адам ағза­сын қаншалықты улайтыны белгілі. Қосымша формальдегид, смола, улы газ, күшәла (мышьяк), сионид, полоний, қорғасын мен висмут сынды қоспалар никотин зиянын күшейткен үстіне күшейте береді», дейді.

Иә, бұл өнімнің тиігізетін зардабы оңай емес. Бірақ оны ескеріп, оған қарсы күресіп жатқандар кемде-кем. Содан аталған «дерт» күнделікті өмірде кеңінен таралып барады. Ата-ана қауымы электронды темекіні «өті­рік темекі» деп түсініп қалған ба­лаларға бас-көз болып, жаман әдет­­ке бой үйретуден сақтаса дейміз. Тек ата-аналар ғана емес, азаматтық қо­ғам, атқарушы билік халық арасына ке­ңінен жайылып бара жатқан электронды темекіге қарсы күш біріктірсе, қанеки. Халқымыздың денсаулығы – ел болашағының кепілі. Ендеше, қамсыз қалмайық, ағайын.

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті