Форум • 02 Маусым, 2023

Халықаралық іс-шараға кімдер келеді?

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

7-8 маусымда елордада «Астана халықаралық форумы» өтеді. Алқалы жиын аясында жаһандық сын-қатерлер, оған төтеп беру жолдары, еларалық байланыс­тарды бекемдеу мәселелері тал­қыланады.

Халықаралық іс-шараға кімдер келеді?

Іс-шараның тағы бір мақсаты – дипло­матиялық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттер ара­сын­дағы экономикалық және саяси байланыс­тарды нығайтып, жалпыға ортақ қиын­дықтан бірлесе отырып шығу. Сөйтіп, халықаралық байланыс­тарды тағы да нығайта түсу.

Форумда дүниежүзінің ең үздік сарапшылары бас қосып, бүгінгі күндегі жаһандық проблемалардың ше­шімін табуға атсалысады.

Үлкен іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен өтеді. Форумға бір мыңнан астам шет­елдік қонақ келеді деп күтіліп отыр.

Қонақтар қатарында Қа­тар мемле­кетінің әмірі Шейх Та­мим бин Хамад Әл Тани, Қырғыз Респуб­ликасының Пре­зиденті Садыр Жа­паров, Босния, және Герцеговина Пре­зидиумының төрағасы Жель­ка Цвиянович, Дүние­жүзілік сау­да ұйымының Бас директоры (ДСҰ) Нгози Оконджо-Ивеала, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас дирек­торы (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шы­сының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) ат­қа­рушы хатшысы Армида Алис­жахбана, Халық­аралық Валюта Қоры­ның Басқарушы директоры (ХВҚ) Крис­талина Геор­гиева, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік және Оң­түстік Америка мә­се­лелері жө­ніндегі кө­мекшісі, БҰҰ Орталық Азия бойынша Превентивті дипломатия жөніндегі өңір­лік орталығы бас­шы­сының міндетін ат­қарушы Мирос­лав Енча болады деп жоспарланып отыр.

Бұлармен қатар, БҰҰ Бас хатшы­сының көмекшісі, Әкім­шісінің көмек­шісі және БҰҰ Даму бағ­дарламасының Еуропа және ТМД ай­мақтық бюросының директоры Ивана Живкович, Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйы­мының (ЕҚЫҰ) Бас хат­шысы Хельга Шмид, ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассам­блеясының төрағасы Маргарета Седерфельт, Шанхай Ынтымақтастық Ұйы­мының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Мин, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо, Азия даму банкінің (АДБ) президенті Маса­цугу Асакава, Біріккен Араб Әмір­ліктерінің Энергетика және инфра­құры­лым министрі Сухейль Мұ­хаммед Фарадж әл Мазруи, Еуро­палық ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссар Януш Войцеховский, Эфио­пияның экс-президенті Мулату Тешоме, Буркина-Фасоның экс-премьер-министрі Ласина Зер­бо, швей­цариялық дипломат және ЕҚЫҰ экс-Бас хатшысы Томас Гремингер, S&P Global төрағасының орынбасары Дэниел Ергин, Ban Ki-moon Foundation for a Better Future қорының директоры және Корея Республикасының климат өзгеруі жө­ніндегі экс-кеңесшісі Рае Квон Чунг бар.

 «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» атты екі күндік форумда қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша мәселелерді ше­шу­дің жаңа жолдарын қарастырады. Бі­рінші, сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, екінші, халықаралық даму және тұрақтылық, үшінші, Энергетика және климаттың өзгеруі, төртінші, экономика және қар­жы.

 Форум аясында жоғарыда аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панель­дік сессия, бейресми пікірталас және басқа да бағдарламадан тыс іс-шара өткі­зіледі. Форумның стратегиялық серік­тестері – БҰҰ және CNN.

 БҰҰ жоғары деңгейдегі спикерлерді ұсыну және өздерінің бірнеше агент­тігінің қатысуын қамтамасыз ету арқылы іс-шараға қолдау көрсетеді.