Қазір көмірді жеткізудің жаңа экспорттық бағыттарын іздестіру, қатты отынды байыту және қайта өңдеу бойынша заманауи технологияларды енгізіп, көмір химиясы мен оны таза және тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту өзекті болып отыр. Сондай-ақ өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көміртексіздендіру саясаты аясында қара алтынды өндіру перспективаларын айқындап, өндірістің тиімділігін арттыру жайы өткір мәселеге айналды.
Саланың осы және басқа да өзекті мәселелері Astana Mining & Metallurgy XIII Халықаралық тау-кен металлургия конгресі шеңберінде ұйымдастырған форум алаңында талқыланды.
«Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» тақырыбында форумды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы (ТМКҚ) ұйымдастыруға атсалысты.
Атап айтқанда, биыл форум алаңында саланы дамытудың тұжырымдамалық мәселелері талқыланды. Ұйымдастырушының нақты мақсатына зер салсақ, көмір өндірісін өркендету үшін қазіргі жағдайда дамыту векторын айқындап, тәжірибе алмасу және әлеуетті әріптестермен іскерлік байланыстарды кеңейту үшін мемлекеттік органдардың, көмір өндіруші кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың, отандық және халықаралық сарапшылардың басшыларын төртінші рет жинап отыр.
Қазақстанның көмір өнеркәсібі – экономиканың ірі салаларының бірі. Ол еліміздегі электр энергиясының 70 пайыздан астамын өндіретін кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз етеді. Кокс-химия өндірісінің толық жүктемесі осы саланың мойнында. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырып отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 117 млн тоннадан астам көмір өндірілді. Бұл өткен жылғы өндіру деңгейінен бір жарым пайызға артық. Былтырғы көмір экспорты 32,5 млн тоннаны құрады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халық үшін 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге 64,4 млн тонна және өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жөнелтілген.
«Өздеріңізге белгілі, көмір саласындағы 30-ға жуық кәсіпорын халық пен тұрмыстық қажеттіліктерге, энергетика және өнеркәсіп салаларына көмір өндірумен айналысады. Сала 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр», деді форумда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханұлы.
Министрдің орынбасары саланы заман талабына сай дамыту жолдары туралы өз ойын айта келіп: «Бүгінгі таңда Үкімет 8 жобаны жүзеге асыруды және өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейтін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті», деді.
«Көмір табиғи жағдайларға тәуелділігі аз, ең арзан энергия ресурсы болып қала береді. Көмір өндіру құны баламалы және жаңғырмалы энергия көздерінен едәуір төмен. Бұл халық үшін электр энергиясының қолжетімділігіне, сондай-ақ отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді», деді «Республикалық тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы» АЖО атқарушы директоры Николай Радостовец.
Елімізде барланған көмір қоры шамамен 34 миллиард тоннаны құрайды екен. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Өнеркәсіп ондаған мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, елге экспорттық кіріс әкеліп отырған саланың бірі саналады.
Форумда негізгі салалық іс-шара және көмір өнеркәсібінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл іс-шара саланы бәсекеге қабілетті және инвестициялық тартымды етуге мүмкіндік беретін және оны дамыту стратегиясын әзірлеуге арналған алаңға айнала білді.
2019, 2021 және 2022 жылдары көмір форумын өткізудің оң тәжірибесі ел экономикасы үшін саланы дамыту бойынша мамандардың, жұртшылық пен мемлекеттік органдардың пікірлерін шоғырландыру үшін іс-шараның маңызы өте жоғары екенін растады.