Тұлға • 01 Маусым, 2023

Ғибратты ғұмырдың иесі еді...

439 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кей кезде алдымызда жүрген абзал ағаларды ойлағанда «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген өлең жолдары еске түседі. Осындай зиялы ағаның бірі – Көпжасар Нәрібайұлы еді.

Ғибратты ғұмырдың иесі еді...

Қазақ КСР-нің Жоғары және арнаулы орта білім министрі, Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ректоры болған ака­демик Көпжасар Нәрібаев туралы деректерге ден қойсақ, алдымен өмір жолындағы осы белестер ойға оралады. Мұның астарында ора­сан еңбектің, адами қасиеттің жат­қанын көреміз. Қандай қыз­мет­те жүрсе де, адалдық танытып,­ ел­дің дамуына ерекше үлес қос­қан­ азаматтың ғұмыр жолына көз­ салсақ, білімдегі, ғылымдағы, еңбек­тегі айшықты істері алыс­тан­ менмұндалайды. Көпжасар Нәрі­байұлының еліміздің ұлттық жоға­ры білімінің дамуына ерекше үлес­ қосқан басқарушы ғана емес, ұлт­тық жоғары білім моделін құру­ға қажетті ұсыныстар енгіз­ген­ әрі сол модельдің алғашқы үлгі­сін әзірлеген ғалым екені белгілі.

Көпжасар Нәрібаев 1938 жы­лы­ Жамбыл облы­сы,­ Жамбыл ауда­ны Бектөбе ауы­лында дүние­ге­ келген. 1955 жылы­ Жам­был қала­сындағы №38 мек­тепті бі­тір­ген. Кейін елі­­міз­дің сол кез­де­гі басты жо­ғары оқу орны С.М.Киров атын­дағы Қазақ мем­лекеттік уни­вер­ситетіне оқуға түседі. 1960 жы­лы экономика факультетін ойда­ғы­дай бітірген соң, Мәскеу қаржы институтының аспирантура­сы­на­ қабылданады. Сол кездегі жа­ңадан дами бас­та­ған есептеу жұ­мыстарын авто­­­­маттандыру мәсе­ле­лерін зерт­­­тейді. 1964 жылы «Меха­ни­­каландыру жағдайында есеп­теудің қазіргі формаларының дамуы» тақырыбында  кандидаттық диссертация­сын сәтті қорғап шыққан. Көп­жа­сар­ Нәрібайұлы ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік есеп пен авто­матты басқару жүйелері туралы терең зерттеу жүргізіп, көп­­теген ғылыми еңбек пен оқу­лық жазды. Ерекше атап өте­тін жағдай, К.Нәрібайұлы сол кез­де есеп және басқару ісі бойын­ша­ ғылыми еңбектерді, оқу құрал­да­рын қазақ тілінде жазған ал­ғаш­қы ғалымдардың бірі болды.­ 1973-1974 жылдары Америка Құ­ра­ма Штаттарында ғылыми тә­жі­рибе жинақтап, Принстон, Нью-Йорк университеттері мен бел­гілі ғылыми орталықтарынан есеп­теу мен басқару қызметін авто­мат­тандыруды жетілдіруге қа­т­­ысты жақсы нәтиже алып қана қой­май, сол университеттердегі менед­ж­менттің озық үлгілерімен де та­нысты. Оны кейінгі басқару жұ­мыстарында негізге алған. Көп­жа­сар Нәрібайұлы 1960-1970 жылда­ры­ Алматы халық шаруашылығы инс­ти­тутының деканы, проректоры және Қазақ КСР Жоғары және ар­наулы орта білім министрінің орын­б­асары болды. 1983-1986 жыл­дары республикамыздың Жо­ғары және арнаулы орта білім ми­нистрі болып қызмет етті. Осы кез­де ол еліміздің білім жүйесінің арна­сын кеңейтіп, ғылыми әле­уе­­тінің артуына көп еңбек сі­ңір­ді. Республикадағы жаңа жо­ға­ры оқу орындары мен жаңа ма­мандықтардың ашылуына ұйытқы болып, ғалымдар мен ғы­лыми-педагогикалық мамандар­ды­ даярлау жүйесін дамытты­. Кеңес өкіметінің кезінде мүмкін бол­маған көптеген жоба-жос­парын Қазақ ұлттық универ­си­тетінің ректоры болғанда іс­ке­ асырды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақ­станның жоғары білім беру жүйе­сін­ қалыптастырды.

Өткен ғасырдың 90-жыл­да­­ры Қазақ мемлекеттік ун­и­­вер­си­тетінің ректоры болып­ таға­йындалғанда білім ордасында­ тү­бе­гейлі өзгерістер жүзеге асты. Елі­мізде жаңа жоғары білім жүйесі құры­лып жатқан кезде Әл-Фараби уни­вер­­ситеті және оның ректоры К.Нәрібайұлы жаңа идеялардың бас­та­уында тұрды. Жаңа екі сатылы жүйе «бакалавриат – магистрату­ра»­, жаңа оқу бағдарламалары, оқу сапасын бағалаудың жаңа әдіс­те­рі сол кезде енгізілді. Мұның бәрі алдымен Қазақ ұлт­тық университетінде бастау ал­ды. Университетке «Шығыстың Арис­то­телі», «екін­ші­ ұстаз» атанған Әбу На­сыр Әл­-Фараби есімінің бері­луі­ және «ұлт­тық университет» мәр­­тебесін алуы ректор Көпжасар Нәрі­байұлының орасан еңбегінің нәтижесі.

Сол кезде біз, университеттің жас ұстаздары, ректордың жаңа­шыл­ ойлары мен парасатты ше­шім­­дерінің куәсі болдық. Бір мы­сал келтірейін. Сол тұста уни­верситетте тест жүйесін ен­гі­зу жөнінде бір эксперимент жүргізілді. 1993 жылы уни­­верситеттің үшін­ші курс студенттерінен қан­шалықты мең­гергенін бақылау үшін алдыңғы курстарда өткен бір­неше пәннен тест алынды. Ке­йін ойласам, бұл республикамызда 2004-2005 жылдары енгізілген ар­а­лық бақылау тесттерінің прообразы секілді болған екен. Мен ол кезде математика факультеті дека­нының оқу ісі жөніндегі орын­басары едім және сол тест алуды факультетте толық жүр­гі­зуге жауапты болдым. Кейін уни­верситет ректоратының отыры­сын­да осы тесттің нәтижесі тал­қыланды. Мен де пікірімді біл­дірдім. Тесттің нәтижесі сту­дент­тердің ешқандай бағалау жүйе­сіне енбегенін әрі қаншама қар­жы мен күш жұмсап өткізген сы­нақтың нәтижесіз болғанын айт­тым. Оған университет прорек­то­р­лары мен оқу бөлімінің басшы­ла­ры қарсы пікір білдірді. Сол кез­де Көпжасар Нәрібайұлы тұ­рып: «Әріптесіміз әділін айтып отыр­. Сіздер жақсы бастама жасап,­ бірақ оның нәтижесін оқу үрді­сінде пайдаланбасаңыздар, бақы­лау тиімсіз болса, онда оның мақсатының толық орын­дал­мағаны. Ендеше, алдағы уа­қыт­та осындай шараларды то­лық мақсатына жететіндей етіп­ өткізу керек», деді. Маған, жас маманға, университет рек­то­рының пікіріммен келісіп, ұсы­ныстарымды қабылдағаны ерек­ше әсер етті. Бұл мен үшін­ әділдіктің және пікір­лерді мұқият тыңдап, қорытынды шы­ғарудың анық үлгісі болды.­ Көп­жасар Нәрібайұлы уни­вер­ситетті бас­­­қарған жылдары­ осын­дай тәжіри­бе­лер ол кісі­нің­ пара­сат­ты­лық пен ерекш­е ме­нед­жер­лік қа­сиетінің арқасында бі­лім ордасын­ үлкен жетістікке бас­­тады.

Көпжасар Нәрібайұлы – адами қасиетін жоғары ұстап, айналасына мейірім шашып, жақсылықтың үлгісін көрсете білген жан. Уни­вер­ситеттен кейін де ағамен кез­де­сіп, қызметтес болған кездердің барлығы мен үшін үлгі-өнеге. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып қызметімді бастап жатқан кезде ағамыз арнайы келіп, біраз ұсынысымен бөлісті. Ол мені ұлттық білім беру жүйесі туралы ойларымен, ұлтжандылығымен таң қалдырды. Республикада педагогика ғылымы дамуының бағыттары туралы және Ұлттық білім академиясының жұмысын түбе­гейлі жаңартып, ғылыми зерт­теу бағытын көтеру қа­жет­­­тілігін айтты. Құнды ке­ңес­­терінің нәтижесінде Ы.Алтын­са­рин академиясында ғылыми се­минар жұмысын бастады және оны Алматы ғана емес, рес­пуб­ли­ка­дағы жетекші ғалымдар ғы­лыми нәти­же­лерін баяндап, пі­кір­ алмасатын алаң етіп құрдық. Се­ми­нардың ал­ғашқы отырысын­да­ Көпжасар Нәрі­байұлы «Қа­зақ­стандағы жоғары білімнің мәсе­ле­лері туралы» баяндама жасады.­ Бұл баяндама барлығымызға ерек­ше әсер етті. Көпшілігіміз Ба­тыс­­тың білім жүйелерінің үлгі­лері мен тәжірибелеріне бас иіп­ жүрген кезде ағамыздың «біз Қа­зақ­станның білім жүйесінің ұлт­тық моделін жасауымыз керек­ және оның негізінде ұлттық құн­ды­лықтар, тәрбие жүйесі және басқа да элементтер болуы­ қа­жет» деген ойы еліміздің бі­лім­ жүйесіне тың бағыт пен сер­піліс беретін идея болды. Көп­жасар Нәрібайұлының мұн­дай­ келелі ойлары кейін мақа­ла­­­ла­рында да қамтылды. Бірақ әлі толық іске асты деп айту­ға­­ келмейді. Еліміздің білім жүйе­сі­ әлемдегі озық үлгілерді жинап алып қана қоймай, соларды өз ерек­шелігімізге бейім­деп, ұлт­тық­ тәрбие, рухани құнды­лық­тар­д­ы негізге алып барып білім беру­дің ұлттық моделі ретінде қалып­тас­ты­ру қажет.

Көпжасар Нәрібайұлымен өмір­ жолының соңғы бекеті – Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­­гогика университетінде де бірге жұмыс істедік. Ол білім орда­сындағы іргелі жобалардың жетек­шісі болды. Жас ұрпақты тарихтағы тұлғалардың орны мен үлгісі арқылы тәрбиелеу жөнінде көптеген жобамен айналысты. Оның бастамасымен ашылған «Ұлы дала тұлғалары» орталығы ғалымның ертерек­те Бауыржан Момышұлы және­ халқымыздың өзге де ұлы­ тұл­ғалары туралы жазған ең­бек­­­те­рінің заңды жалғасы әрі қоры­­­тындысы секілді болды. К.Нәрібайұлы осы орталықтың ғылы­ми жетекшісі болып, көпте­ген кітап шығарып, еліміздің бел­гілі тұлғаларына арналған іс-шараларды ұйымдастырды. Абай университетінде «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шық­қан «Көне түркі тұлғалары», «Қазақ хандары», «Қазақ ойшылдары», «Алаш арыстары» секілді құнды кітаптардың редакциясын басқарып, алғы сөзін жазды. Бір алғы сөзде «Біздің қазақ халқының тарихы – әлі де жүйеге түспеген, әрі түрлі бөтен концепциялармен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзінің бағдарынан адасқан, сондықтан едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін себебіміз күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы даланың ежелгі және орта ғасырлық тарихын баяндаудың еш­кімге ұқсамайтын өзіндік ірге­тасы әлі де қалана қойған жоқ», деп жазған ойларында мәселені тереңнен зерттеген ғалымның пікірі жатқаны даусыз. Көпжасар Нәрібайұлы Абай университетінің студенттеріне «Тұлғатану» пәнін енгізу қажет деп ұсыныс айтып,­ сол пәннің бағдарламасын дайындаған еді. Өмірінің соңғы күндерінде әлгі бағдарламаны талқылап, жаңа оқу жылында енгіземіз деп келісіп едік. Өкінішке қарай, жос­­­па­рымыз іске аспай қалды.

Көпжасар Нәрібайұлы Абай университетінде жүрген кезінде маған ақыл-кеңесін көп айтты. Соның бірі есіме түсіп отыр. Бірде Көпжасар ағамыз бір-екі қойын дәптерді ұсынып «мына жерде менің шамалы жазбаларым бар еді, қарап көрші, қажеті болса пайдаланарсың», деді. Сөйтсем, бұл ағамыздың 40-50 жыл бойы жазып келе жатқан жазбалары екен. Соншама уақыт бойы түйген ойларын, ұстанымдарын, түрлі идеяларын қағазға түсіріп отыратын адамдар қашанда құрметке лайық. Әрі бұл Көпжасар ағамыздың барлық істі жоспарлап, тиянақты орындау, рет-ретімен жасау, жауапкершілік секілді бойдағы асыл қасиеттерінің көрінісіндей. Сол дәптерлердегі көп дүниенің ішінде қазіргі заманауи менедж­мент теориясына қатысты озық ойлар бар, олардың бәрі өз уақытынан ерте айтылған секілді. Бұл Көпжасар Нәрібайұлының мемлекет және университет бас­­­­қа­рудағы ұстанымдарының озықтығын, кейде уақыттан да озғанын көрсетеді. Көпжасар ағамыздың бұл әрекетінен бізге қамқорлықпен қарап, тәжірибесін беруге әр уақытта дайын болғанын түсіндім. Бұл оның айрықша қасиеті еді.

Саналы ғұмырын ғылымға арна­ған, білімнің дамуына ерекше үлес қосқан, білім жүйе­сі­нің ұлттық моделін құруға ат­са­лысқан академик Көпжасар Нәрі­байұлының соңында ғылыми мол мұрасы, атқарған ауқымды істерінің нәтижесі қалды. Оны оқушылары мен ізбасарлары жалғастыра берері даусыз.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті