– Бүгінгі көрме – балалар үшін үлкен мереке. Олардың жыл бойы орындаған жұмыстары көрмеге қойылды. Суреттер түрлі техникамен, композициямен, сан алуан сюжетпен орындалған. Балалар әрі қарай осындай көрмелерге қатысып, жеңіске жете берсін, – деді үйірме жетекшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Байбосынов.
Экскурсия жұмыстары, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Бейісованың айтуынша, осы уақытқа дейін үйірме 10-нан аса жеке көрме өткізген. Сондай-ақ үйірмеге қатысушылар қайырымдылық көрмелері мен байқауларға қатысқан. «Balavision 2023» көрмесіне 25 оқушының әр түрлі сурет салу техникасында жасалған 50-ден аса жұмысы қойылды.
Сонымен қатар көрменің ашылуында «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оған Астанадағы музыкалық мектептердің өнерлі оқушылары қатысты.
Кескіндеме және графика үйірмесі балалар көрмесін 2015 жылдан бері өткізіп келеді. Үйірмедегі оқыту бағдарламасы баланың әсемдікке қатысты қабілетін жетілдіріп, өмірдегі және өнердегі сұлулықты сезіне білу қасиетін қалыптастырады. Сондай-ақ үйірме жетекшілері әлемдік және отандық өнердің тарихын оқытып, шығармашылық тапсырманың орындалу техникасын меңгертеді.
Мерей АУҒАЛИ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті