Егемен Қазақстан • 04 Маусым, 2023

«Хат қоржын»

238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Қазанғап бидің аты сұранып тұр

Мен бүгінде Алланың қалауымен 91 жаска аяқ басқан қариямын. Осы жасымда өмірдің қызығын да, шыжығын да көп көрдім. Бірақ негізгі айтайын дегенім бұл емес. Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі саналатын әр аймақтың, қала мен елді мекеннің тарихын зерттеп-зерделеудің, сондай-ақ әр өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтап, танып білудің өзектілігі арта түсіп келеді. Осы орайда еліміздің әрбір жас азаматы туған топырағынан нәр алып қана қоймай, Отанына адал қызмет еткен тұлғаларды танып-біліп, оларды үлгі тұтуға міндетті.

Ал сондай тұлғалардың бірі – Қазанғап би Сатыбалдыұлы (1771-1856). Ол Орта жүздің белгілі би, шешені. Қазіргі Павлодар облысының Баянауыл өңірінде дүниеге келген. 1843-1848 жылдар аралығында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Кұнанбай Өскенбайұлымен достығы жарасқан.

Қазанғап би Сатыбалдыұлы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болғаны кезінде қайырымдылық жұмыстарымен кеңінен айналысқан. Өз округінде мешіт-медреселер, мектеп салу жұмыстарын жүргізген. Ол дуанбасы болған бес жылға жуық уақыт ішінде округ көлемінде жер асты кең байлық көздері ерекше мол ашылады. Ел ішінде бейбіт өмір, тыныштық орнаған.

2014 жылы ұлы тұлғаның есімін ұлықтау үшін Павлодар қаласының кіреберісіндегі Ленин кентіне Қазанғап бидің есімін беру туралы ұсы­ныс жасалды. Сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев Қазанғап би­дің кім екенін сұрағанда, оған архив құжаттары көрсетілді. Тұлғаны жұрт­шылыққа жан-жақты таныстыру мақсатында аудандық, облыстық басылымдарда және республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде бірнеше танымдық мақала да жарияланды. Әкімнің сол кезде берген нұсқамалары, Ленин кенті жұртшылығы қолдап қол қойған тізімдемелер әлі қолымызда сақтаулы. Десек те, өкінішке қарай, бұл мәселеде ілгерілеушілік болмады.

Жуырда Ленин кентінің атауын ауыстыру жөнінде тағы да жиналыс болды. Мәжіліске облыстың зиялы қауымы, республикаға есімдері белгілі адамдар келді. Ауылдың жартысынан көбі жиналысқа келген жоқ. 59 адамнан тұратын үркердей ғана қоғамдық бірлестік мүшелері кентті Атамекен деп атау керек деген шешім қабылдады. Ал біз өз тарапымыздан кент атауының бұған дейін қабылданған шешім бойынша осы өңірдің бірегей тұлғасы Қазанғап бидің атымен аталғанын қалаймыз.

 Махмет ДЕМЕСІНОВ,

 Павлодар қаласының құрметті азаматы

 

 

Дара дауысты диктор еді

Дауылпаз диктор, Қазақ КСР-нің халық әртісі Әнуарбек Байжан­баевтың туғанына биыл 100 жыл толды. «Шалқар» радиосынан таяуда Әнағаң туралы кезекті бір хабарды тыңдап отырып, оны көрген бірер сәттер еске түсті.

...Студенттік шақта біздерді ҚазМУ-дағы ұстаздарымыз практикалық сабақта көріп, біле берсін деген ниетпен Қазақ радиосына анда-санда апарып тұратын. Сондай кездері студиядан Әнуарбек Байжанбаев ағамызды, Сауық Жақанова апайымызды көріп, өзімізше сырттай мақтаныш тұтып жүруші едік.

Дара дауысты Әнуарбек ағаны сонау қияндағы бір ауданда көремін деп кім ойлаған? Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтіпті-ау. Жүрдек пойыздай зымыраған уақыт дегеніңіз, міне, осы.

70-жылдардың орта тұсы еді. Созақ аудандық «Молшылық үшін» (сол кездегі) газетінде істеп жүрген кезім. Түс әлетінде ойламаған жерден редакцияға Әнуарбек ағаның жарқылдап кіріп келмесі бар ма! Көңілі баладай, пейілі даладай ағамызбен бірге Алатаудан бүкіл Қазақ радиосы көшіп келгендей болып, мәре-сәре болдық та қалдық. Бәрімізді кабинетіне жинаған редакторымыз Тәуекел Бектаев Әнағаңа қасиетті Теріскей еліне қадам басқанына құтты болсын айтып, игі тілегін жеткізді. Өз кезегінде құрметті мейман келген сапарының мән-жайын тілге тиек етті.

«Мен әдетте барған жерімде ең алдымен, редакциядағы әріптестеріме соғып, сәлем беріп шығамын. Екіншіден, осы Шолаққорған ауылында менің майдандас досым Базар Арқабаев деген азамат тұрады. Көріспегенімізге көп болып еді, соның арнайы шақыруымен келген бетім. Жұмысбасты болып, көбіне қолымыз тие бермейді. Бұл жолғы сапардың себебі осы», деді Әнаға. Неткен қарапайымдылық, кішіпейілділік десеңізші! Екінің бірінде кездесе бермейтін асыл қасиет қой бұл.

Өкінішке қарай, қазіргі шақта диктор деген сөз лексиконымыздан мүлде алынып тасталды. Есесіне екінің бірі қолынан келсін, келмесін жүргізуші болып алған заман. Шындық солай, күлесіз бе, жылайсыз ба, өзіңіз біліңіз. Ал ғасырда бір дүниеге келетін Әнағаңдай асылдарымызды әрқашан ардақ тұтып жүрейік.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының құрметті азаматы

Түркістан облысы

 

 

Рухы мықты азамат

Жақында ғана жетпісті бағындырған шымыр денелі, спорт десе елеңдеп тұратын, жарыстардан қалмайтын жігіт ағасын бала кезінен танимын. Екеумізді жақындастырған спорт десем, артық айтқандық емес. Оның туған бажасы, менің сыныптас досым Оралбек Абсадықов кездесе қалған жерде немесе телефон арқылы бажасының волейбол жарыстарына төрешілік еткенін мақтана хабарлайтын. Жақында сыныптасым телефон шалып, бажасы Бақытжан Нұрсолтановтың Мамай батыр ауылындағы оқушылардың волейбол туниріне қатысатынын, оны көргім келсе, келуіме болатынын айтты.

Мамай батыр ауылындағы турнир тартысты өтті. Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов, Асқар Можанов, Қайрат Жаңабаев, осы жолдардың авторы бірігіп, жеңімпаз және жүлдегер командаларды құттықтадық. Бақытжан көп өзгермепті. Бұдан бірнеше жыл бұрын қатты сырқаттанып, инсультпен алысқанын білетінмін. Ерік-жігерінің әрі спортпен шұғылданғанының арқасында сырқатын жеңген көрінеді. Қазіргі күні Ұлан ауданының спорт саласында жүрген Нәзигүл Үйсембаева (шәкірті), аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бөденов Бақытжан түрлі жарыстарға шақыра қалса арнайы барып, балғын волейболшыларға ақыл-кеңестерін береді екен.

 «Армансыз адам қанатсыз құспен тең деген. Бұқаралық спорт ауданда жақсы жолға қойылған. Қазіргі күні аудан тұрғындарының 30 пайыздан астамы бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Өңірде жыл сайын ауыл спортшыларының спартакиадасы (халық ойындары) өтеді. Ұландықтар алғашқы үштіктен көрінеді. Менің арманым – аудан спортшыларының Олимп шыңын бағындырғандарын немесе әлем чемпионы атанғандарын көру», дейді Бақытжан Қабекұлы.

Досымыздың арманы орындалсын, дейміз біз де.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Қазақ спорты» газетінің меншікті тілшісі

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы