Спорт • 04 Маусым, 2023

Қоржында – тоғыз жүлде

218 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бішкекте өтіп жатқан Қожомқұл Қабауұлы мен Ратбек Санатбаевты еске алуға арналған рейтингтік турнирді Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері бес жүлдемен қорытындылады.

Қоржында – тоғыз жүлде

Ең үздік көрсеткішке Марлан Мұқашев қол жеткізді. 55 кило салмақ дәрежесінде белдескен қандасымызға жеребе қолайсыз түсті. Тұсаукесер кездесуінде ол Иранның атақты балуанымен күш сынасты. Пайя Датмарз – Әлем кубогінің иегері, Азия чемпионы, жастар мен жасөсіпірімдер арасындағы әлем біріншіліктерінің жеңімпазы. Десек те бұл тартыста біздің балуанның бағы жанды. Көп кешікпей Марлан әлем чемпионатының қола жүлдегері, өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевты айқын басымдықпен ұтса, жартылай финалда өзінің командалық әріптесі Аманғали Бекболатовтан басым түсті. Ақтық айқаста қазақ спортшысы Өзбекстанның тағы бір өкілі Ихтиер Ботировтан айласын асырып, бас жүлдені олжалады. Ал қола медаль үшін тартыста Аманғали Жасурбекті жеңді.

60 кило салмақтағы Нұрсұлтан Базарбаевтың қырғызстандық Балбай Дордоков, үндістандық Сумит Сумит және өзінің отандасы Ернар Фидах­метов­тен мерейі үстем болғанымен, шешуші тұста өзбек­стандық Исломжон Бахрамовтың осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде, ол күміс медальді енші­леді. Ернар қола жүлдені қанағат тұтты. Тағы бір қоланы 87 килолық Нұрсұлтан Тұрсынов қоржынға салды. Үшінші орын үшін бәсекеде ол боз кілем қожайыны Азат Салидиновқа сан соқтырды. 

Барлығы 1 алтын, 1 күміс және 3 қоланы ен­ші­леген Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жалпы командалық есепте төртінші сатыға табан тіреді. Ал үздік үштіктің қатарына Иран (5 алтын+­1 күміс+2 қола) және Өзбекстан мен Грузия (2+2+2) құрамалары енді.

Одан кейін боз кілемге бұрымдылар шықты. Біздің қыздар еліміздің әнұранын екі мәрте шыр­қатты. Әлемдік додаларда жүлде алып, Азия чемпионаттарында алдына жан салмай жүрген Жәмиля Бақбергенова Далва Канева (Италия) мен Ретика Ретиканы (Үндістан) еш қиналмай ұтып, 72 кило салмақ дәрежесінде дара шықты. Бұл турнирде Марина Седнева да алдына жан салмады. 55 кило салмақта шеберлік байқасқан ол Зүлфия Яхьярова (Қазақстан), Мелда Дернекчи (Түркия), Мария Винник (Украина) және Карла Годинес Гонзалесті (Канада) жеңді. Ал 65 килолық Ирина Казюлина күміс медальді мойнына ілді. Әйелдер күресінен өткен жарысты жерлестеріміз үшінші орынмен қорытындылады. Біздің алдымызда Украина (3+2+2) мен Қытай (2+2+5). Сондай-ақ бұл бәсекеде Моңғолия (1+3+2) мен Үндістанның (1+1+1) балуандары да табысты өнер көрсетті.

Аталған рейтингтік турнирді біз енді еркін күрес шеберлеріне үлкен үміт артамыз. Қазірдің өзінде екі салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдар сарапқа салынды. Бұл бәсекелер өте шиеленісті өтті. 97 кило салмақ дәрежесінде екі жерлесіміз қола медаль үшін күш сынасты. Шешуші тұста Қытай балуанын ұтқан Нұрсұлтан Азов жеңіс тұғырына көтерілсе, Бекзат Үркімбай өзбектің өреніне есе жіберді. Ал алыптармен айқасқан Юсуп Батырмұрзаев пен Омар Еюбовтан еш қайыр болмады. Олардың екеуі де тұсаукесер кездесулерде оңбай сүрінді.