Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ә.Қазақбаев 1898 жылы 15 мамырда бұрынғы Ақмола губерниясының Атбасар уезінде (қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданында) туған. 6 жасында әкесінен, арада бір жыл өткенде шешесінен айырылған Әбдісәмет ерте есейіп, үлкен өмірге ерте араласады. 1922 жылы Ақмола облысына қоныс аударады. Сөйтіп, өңірдегі ұйымдастырушылық ісіне белсене араласады. Ауылдағы «Қосшы» одағының төрағасы болады. «Қосшы» өткен ғасырдың 20-жылдары елді жаңа заманға бейімдеуге ықпалын тигізген. Осы жылдары табиғатынан зерек Әбдісәмет іскерлік қабілетімен көрініп, қызметте жоғарылайды. Сөйтіп, оның саяси өмірбаяны басталады. Ол халық өкілдерімен ақылдаса отырып, жергілікті кеңестерді нығайту саясатын дәйектілікпен жүргізеді. Оның тікелей басшылық етуімен Ақмола ауданында Жаңажол, Қызылжар, Буденный, Талапкер секілді ұжымдық шаруашылықтар құрылады. Ә.Қазақбаев Ақмола ауданының 6-шы және 19-шы ауылдық кеңестерінің хатшысы, кейін төрағасы болып сайланады. 1933 жылы желтоқсанда Ақмола ауданындағы Буденный атындағы (қазіргі Қажымұқан ауылы) ұжымдық шаруашылықтың төрағасы болады. Оны 1937 жылдың жазына дейін атқарады. Осы аралықта ұжымшар кеңес одағына танымал үлгілі шаруашылыққа айналады. 1937 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің алғашқы депутаттарының бірі болды. Осы жылы Ақмола аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етсе, 1938 жылдың басында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы атанды. 1938-1947 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы болып еңбек етті.
Ә.Қазақбаев республикадағы тарих, әдебиет, мәдениет қайраткерлері арасында ерекше беделді әрі абыройға ие болған. Халық ауыз әдебиетін, ұлтының салт-дәстүрін жетік білгендіктен, жаңа заман ағымымен келген кейбір келеңсіз көріністерге қарсы тұрған. Наурыз, қымызмұрындық, мизамшуақ, сабантой сынды дәстүрлі мерекелерді қолдаған. Рухани салаға жақындығының бір айғағы – 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңінде республикада тұңғыш ақындар айтысының өтуіне мұрындық болуы. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов сынды тұлғалардың ұйымдастыруымен өткен ақындар айтысы елдің рухын көтерген айтулы іс-шара болды. Сондай-ақ ол Қ.Сәтбаевқа қолдау білдіріп, Ұлттық ғылым академиясының ашылуына жан-тәнімен қамқорлық жасаған. Қаржы бөлдірту мәселесінде де, заң жүзінде де барынша көмектескен. Жалпы, қазақтың зиялы қауым өкілдеріне барынша қамқорлық танытқан.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерекше танылып, жан-жақты көрінеді. 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне жазған «Ер жүрек ленинградтықтарға эшалондаған тартулар жіберейік» деген үндеу сөзін толқымай оқу мүмкін емес. Мақаласында Ленинград пен Қазақстан арасындағы туысқандық қарым-қатынасқа тоқтала келіп, «Қазақ халқы және Қазақстанның барлық еңбекшілері Ленинград пен ленинградтықтардан көмегін ешқашан аямайды. Қазақстандықтар бір кісідей болып, Ленинградты қорғаушы ерлерге сыйлықтар жіберуге жұмыла кірісіп, бұл сыйлықтарды неғұрлым тез жөнелтуді қамтамасыз ететіндігіне кәміл сенемін», деп жазған болатын. Оның осы патриоттық үндеуін еңбекшілер қызу қолдап, бас-аяғы жиырма күннің ішінде қоршауда қалған ленинградтықтарға гуманитарлық көмек ретінде 139 вагон жүк жөнелтеді.
Осылайша, Ә.Қазақбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті шыңдала берді. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы республика экономикасын соғыс талабына лайықтап қайта құру, әскерге көмек қолын созу, эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастырып, жаңа фабрикалар мен зауыттарды іске қосу, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің шешімдерін мүлтіксіз жүзеге асыруды ұйымдастыру, үйлестіру жөнінде күрделі де жауапты міндеттерді жүзеге асыруға ұйытқы болды. Оның Отан қорғау ісіне қосқан зор үлесі туралы КСРО-ның бұрынғы Қаржы министрі А.Зверев «Министрдің жазбалары» деген кітабында: «Республикаларда, өлкелерде, облыстарда, аудандар мен округтерде көптеген жолдастар тамаша еңбек етті. Ортақ іске Ә.Қазақбаев (Қазақстан)... секілді жолдастар көп көмектесті», деп жазды. Оның елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, басқа да медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейін қудалау қайта басталған кезеңде алғашқылардың бірі болып «құрыққа» Әбдісәмет Қазақбаев ілігеді. Қазақ зиялыларымен қарым-қатынас жасамас үшін оны Алматыдан Талдықорған облысы Киров аудандық (қазіргі Көксу ауданы) атқару комитетінің төрағасы етіп жібереді. Бір қарағанда қызмет бабындағы шаруа болып көрінгенімен, өзі айтқандай, мұның астарында «тарихи саяси мәселе» жатыр еді. Оны бұл жағдай да жасыта алған жоқ. Ел ішінде халықпен етене араласып, еселі еңбек етті. Ол ісіне адал, еңбекқор жандарды, ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін жаңа заманға апарушы зиялы қауым өкілдерін жанына жақын ұстады. Сол кезеңде қазақ отбасылары Ә.Қазақбаевтың құрметіне Қазақбай, Әбдісәмет деген есімдерді дүниеге келген сәбилеріне жиі берген. Басқасын қайдам, мен өскен, қызмет еткен ортада осы есімді алған азаматтар көп болды. Осыдан бірер жыл бұрын автобус аялдамасында астаналық ардагермен кездестім. «Әбдісәмет Сыздықовпын, 1937 жылы 1 қыркүйекте тудым. Ата-анам Әбдісәмет Қазақбаевты жақсы көргендіктен есімімді осылай қойыпты. Мен мұны мақтан тұтамын», деді ол.
Бұдан 24 жыл бұрын, 1999 жылы Мәжіліс төрағасы Марат Оспанов «ел Парламенті тарихының ең алғашқы беттері оның тұңғыш төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевтың қызметінен басталады» деген-ді. Ендеше, Парламент тарихының бастауында тұрған тұлғаның есімін жаңғырту, еңбегін насихаттау қажет. Сол үшін атқарушы билік, халық тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынса, лайықты деңгейде ұлықталса, мектеп, көшелерге есімі берілсе деген тілек бар. Өйткені ол – ұлтын қалтқысыз сүйген, қазақ халқының саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани тарихында өшпестей із қалдырған тұғыры биік тұлға.
Майра МАҚЫБАЙ,
өлкетанушы-этнограф