Дәстүр • 04 Маусым, 2023

Ұлттық құндылық ұясы

784 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, дінімізден ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, нығайта түсу мақсатында ұлттық құндылыққа негізделген «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы іске асырылып келеді. Жоба отбасы құндылықтарын сақтауға, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыруға, ата-аналар институтының жұмысын үйлестіруге және тәрбие жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық құндылық ұясы

 

«Өркендеудің» ұлттық тәрбие мек­теп­тері, атап айтқанда, «Ата мектебі», «Әке мектебі», «Аға мектебі», «Әже мек­тебі», «Ана мектебі», «Жеңге мек­те­бі» Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауы­лындағы Қ.Орымбетов атындағы орта мектепте де ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Осыған орай жуырда жобаның тәр­бие жүйесіндегі маңыздылығы мен ерекшеліктеріне арналған респуб­ли­ка­лық­ веб-семинар өтті.

Жасыратыны жоқ, қоғамда көзге ұрып­ тұрған буллинг, суицид мәселелері алаң­дау­шылық тудырмай қоймайды. Бұған ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алуы­мыздың, ұстаз бен оқушы, ата-ана ара­сындағы үшжақты байланыстың берік болмауының да кері әсері тиіп жат­қаны анық. Сондықтан «Өркендеу» ұлт­тық тәрбие бағдарламасы бойын­ша осы үштік одақтың бірлесе атқарған жұмыс­та­рының таныстырылымы өтті. Қазақы бояу­ға қанық сахна төрінде ұлттық тәр­бие мектебінен нәр алған бастауыш және жоғары сынып оқушыларының қаты­суымен «Ұрпақ ұлттық ойынмен шың­да­лады», «Әке – асқар тау, биік шың», «Әже – ұрпақтың тірегі», «Қыз тәр­биесі – ұлт болашағы», «Аға ісі – өне­ге» және «Сырлы жеңге, сұлу қыз» тақы­рып­та­рында тәлімі мол тәрбие сағаттары ұйым­дастырылды.

– Қазақ қазақ болғалы әр отбасында­ ата, әже, әке, ана, аға, жеңгелер ұл-қыз­да­рын ұлттық рухта тәрбиелеп өсірген. «Өр­кендеу» ұлттық тәрбие мектептері қазақ ұлтына тән осы тектік тәрбиенің ел­і­мізге лайықталып жасалған жалғасы деп айтуымызға болады. Ғасырлар бойы қалып­тасқан озық салт-дәстүрімізді жас ұрпақтың ақыл-ойына сіңіру – бас­ты­ мақсат. Білім беру ұйымдарында «Өр­кен­деу» ұлттық тәрбие мектептерін құру, сол арқылы білім алушылардың бо­йына сыйластық, бауырмалдық, қайы­рымдылық басқа да отбасылық құнды­лық­тарды қалыптастыру маңызды, – дей­ді «Алдаспан» батырлар қорының бас­шысы, «Өркендеу» жобасы автор­ларының бірі әрі үйлестірушісі Күлән Тұрысбекқызы.

Бүгінде «Өркендеу» бағдар­ла­ма­сы­ның­­­ ұлттық тәрбие мектептері Астана қала­­сының тоғыз мектебінде, Алматы облы­­сы Еңбекшіқазақ ауданының Қ.Орым­­бетов атындағы орта мектебінде және Алматы қаласындағы Ясауи атын­да­­ғы №123 мектеп-гимназияда, М.Әуезов атын­­дағы №128 жалпы білім беретін мек­­­тебінде, сондай-ақ елордадағы №36 «Бала­­пан» балабақшасында тәжірибеден өткі­­зіліп, іске асырылып жатыр.

Күлән Тұрысбекқызының айтуынша, тектік тәрбиеден көз жазып қалмауға тиіспіз. Тектік тәрбие – ұлттық кодымыз. Тіліне, дініне беріктік – әр шәкірттің, әр ұстаздың, әр ата-ананың айнымас борышы, дейді ол.

Осы орайда «Өркендеу» жобасының ұлт­тық тәрбие мектептері туралы тар­қа­та айтқанда жөн көріп отырмыз. Мұн­да­ғы­ «Ата мектебі» оқушыларға ата-тек ше­жіресін талдап тану арқылы тұтас ұлт тарихын білуге үйретеді. Ұрпақ, қан­ тазалығын сақтауды және ата-баба­лар­дың асыл мұрасын жеткізеді. Жеті ата­сын жаттауға, ата-бабаларының іші­нен шыққан батырлардың ерлігі, ше­шендердің билігі туралы зерттеп, әң­гіме дайындауға тапсырма береді. «Әке мектебі» оқушыларға рухани адам­гер­ші­лік тәрбиені дарытады. «Аға» мектебі оқу­шы­ларды болашақта елін, жерін қорғай білетін шыныққан сарбаз болып қалып­тасуға тәрбиелейді. Ер балаларды аттың жалында ойнап бәйгеге шабуға, нысана көздеп мергендік өнерді үйренуге баулиды. Сонымен бірге оқушыларды азаматтық өмірге даярлық, мамандардан кеңес алып қазіргі заманғы әскери қызмет, азаматтық парыз мәселесінен хабардар болуын ұйымдастырады. Жас түлектерді бейіміне қарай мамандық таңдауына және компьютерлік, цифрлық сауат­тылықты игеруіне, дамытуына­ кө­мек­теседі. «Аға мектебі» дене тәрбиесі мен саламатты өмір салтын жүргізіп, тәуел­сіз еліміздің дамуына үлес қосады.

«Әже мектебі» әулеттік тәрбиеге негіз­делген. Зере мен Айғаным әжелер­дің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, бала­ларды жастайынан адал өмір сүруге, ерте­гілер мен батырлар жырын оқып, жат­тауға үйретеді. Туған жерін, елін, ша­ңы­рағын ардақтайтын инабатты қыз бен ке­лін тәрбиелейді. Төзімді ана, қайратты жан­ болуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көр­сете білуге баулиды. «Ана мектебі» отба­сы тәрбиесін жүргізеді. Отбасында әкені баласына көшбасшы етіп көрсетеді. Қыз­дарға ісмерлікті, кісі сыйлап қонақ күтуді, астың бабы, дастарқанның мәзірін үйретеді. Анасы баласына «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген тыйым сөздердің мағынасын түсіндіреді. «Жеңге мектебі» жеңге мен қайынсіңілі арасындағы байланысқа негізделген. Болашақ өмірлік серігін таң­дауға, орнықты отбасын құруға пай­далы кеңестер береді. Жақсы жең­ге­ні ақылды, мейірімді, сабырлы, ке­ші­рімді ене тәрбиелейді. Жақсы жеңге қайын­сіңілісінің халқымыздың бо­йына сің­ген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақ­сы дәстүрімізді жаңғыртып үлгі-өне­ге алуға, ар тазалығын жоғары ұстай­тын ақылды, қылықты қыз болып қалып­та­суы­на көмектеседі.

– Қазіргі таңда балаларға жан-жақ­­тан түр­лі қауіп төнетінін білеміз. Олар­дың негіз­гілері – буллинг, электронды теме­­кі, синтетикалық есірткі. Әрине, мұны­­мен күресу керек. Мәселені туындатпай, алдын алған дұрыс және балаларда қауіпке қарсы иммунитетті қалыптастыру маңызды. Балалар ақ пен қараны ажыратып әрі сыни тұрғыдан ойлай білуі керек. Ал иммунитетті дамыту үшін тәрбиеге көбірек мән беру қажет. «Өркендеу» бағдарлама аясында аталған алты мектеп халықтық озық салт-дәстүрлерді дамытуға, ұлт рухына дақ түсірмеуге, отбасылық құндылықтарды бағалауға, жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндіктерді жұмылдырады. «Жас ұлан» ұйымының балалардың бойындағы қабілеттерді дамытуға бағытталған жеті бағыты «Өркендеу» жобасының ұлттық тәрбие мек­тептерімен ұштасып, бірлесе жұ­мыс істеу арқылы нәтиже бере бас­та­ды, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай жас­өс­пірімдер мен балалар ұйымының тө­райымы Динара Тайбасарқызы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің Педагогика кафе­­­драсының профессоры, педагогика­ ғылы­мының кандидаты Фатима Нияз­бек­қызы бағдарламаның бесжылдық қоры­тын­ды­сы­н­да ұсынылған үштік одақтың жұмыс маз­мұнына тоқталды.

– «Өркендеу» бағдарламасы аясында­ тәр­биенің тұрақты жұмыс жоспары құ­рылып, оны сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері 1-11 сыныптарда үздік­сіз өткізіліп келеді. Жобаның ата-ана­лар қауымының қызығушылығын арттырып, тәрбие жұмысына тартуда ықпалы зор екені байқалды. Ұстаздар қауымы мектепішілік, аудан, облыс көлеміндегі іс-шараларға қатысып өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүргені қуантты. Сондықтан бағдарламаны рес­публика көлемінде таратып, жалпы білім беретін мектептердің тәрбие жүйесіне енгізу керек. Ол үшін «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасын және мектептердің тәжірибесінен жинақталған әдістемелік нұсқаулықтарды Оқу-ағару министрлігіне қарасты республикалық оқу-әдістемелік кеңесте бекіту маңызды. Мектеп оқушы­ларын бағдарламаның өзегі болып тұрған дала даналарының – Жүсіп Баласағұнның «Ізгілік ілімі», Қожа Ахмет Ясауидің «Хал ілімі», Әл-Фарабидің «Жан қуаты ілімі», Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Шын адам» және «Ар ілімі» ілімдеріне негіздей отырып тәрбиелеуге басымдық беру керек. Бұл ілімдерді тәрбиенің тірегіне айналдыруда педагогтар оны өз бойына сіңіріп, ішкі мазмұнын терең түсініп, жас ұрпаққа жеткізудің тәсілдемелерін меңгеруі қажет. Қазіргі таңда үздіксіз білім жас ұрпақтың білі­мі­мен ғана емес тәрбиенің тереңдігімен өл­ше­неді. Осы бастамаларды жүзеге асыру арқылы болашақ ұрпағымыз тәрбиелі, білімді, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, ізгі ниетті, көркем мінезді, инабатты да иман­ды болып қалыптасады. «Өркендеу» бағдарламасының маңыздылығы да осында, – дейді Фатима Ниязбекқызы.

 

Алматы облысы