Мерекенің мақсаты – экожүйенің проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударту, адамзаттың қоршаған ортаға деген жанашырлығын ояту. Аталған күн аясында адамдардың таза және қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету кеңінен насихатталады.
Осынау айтулы күн елімізде де тұрақты аталып келеді. Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жұртшылықты Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтай отырып, ел экологиясын жақсартуға өз үлесін қосып жүрген экологиялық ұйымдар, экобелсенділер, осы салаға қатысты барша азаматқа алғыс білдіретінін жеткізді.
– Бүгінгі таңда табиғи ресурстарды тиімді басқару – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Және экожүйенің биоәртүрлілігіне, ең бастысы халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан елімізде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басым мәселелердің бірі. Барлық елдердің, ғылыми қауымдастықтың, жұртшылықтың бірлескен күш-жігері ғана климаттың өзгеруіне ықпал етіп, қиындықтарды тұрақты даму мүмкіндіктеріне айналдыра алатынын жеткізгім келеді, – деді министр.
БҰҰ өз жүйесіндегі барлық мемлекеттер мен ұйымдарды жыл сайын осы күні олардың қоршаған ортаны қорғауға және оны жақсартуға деген ұмтылыстарын көрсететін түрлі іс-шараларды өткізуге шақырады. Сондай-ақ Бас Ассамблеяның 27-ші сессиясында БҰҰ жүйесі аумағында жаңа ұйым құрылды. Ұйымның атауы – БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі ұйымы (ЮНЕП). Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын осы ұйымның тікелей мұрындық болуымен атап өтіледі.
Қазір әлемдік экожүйе жердің ғаламдық маңызды мәселелері – ауа температурасының жоғарылауы, тірі ағзалардың көптеген түрлерінің жойылуы, ауаның, судың және жердің ластануы болып отыр. Осыған орай БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы аясында: «Жер ғаламшарын, яғни биосфераны және оның ең құнды компоненттерін сақтай отырып, сіз өзіңізге қамқорлық жасайсыз. Ауа қажет болса, ағаштарды сақтаңыз. Ауыз су қажет болса, су бассейндерін таза ұстаңыз. Есіңізде болсын, жердегі игіліктерді ұтымды пайдалану керек. Табиғатты аялаңыз, қоршаған ортаны бүлінуден сақтаңыз!» деген ұран көтерді.
Дұрыс-ақ, мұны қолдап-қуаттамау мүмкін емес. Өйткені қазір осы бір жалынды сөздер біздің елде жиірек айтылса дейсің. Қазір табиғаттың тозып бара жатқанына ешкім селт етпейтіндей болғанын байқаймыз. Экологтардың зерттеуінше, әлемде болып жатқандай, елімізде де, әсіресе үлкен қалалардағы ең үлкен экологиялық проблема – қоқыс, ағаштардың кесілуі, ауаның, өзендердің ластануы екен. Әсіресе қоршаған ортаның ластануы Астана, Ақтау, Атырау, Өскемен, Қостанай, Қызылорда, Шымкентте байқалған. Семей, Теміртау, Жезқазған, Өскемен секілді өндірістік қалалардың экологиясы туралы айтпаса да белгілі.
Қазақcтан Конcтитуцияcының 31-бабында: «Мемлекет адамның өмiр cүруi мен денcаулығына колайлы айналадағы ортаны қорғауды мақcат етiп қояды» деп жазылған. Бағдарлаған жанға – өте гуманистік ұстаным. Өйткені соның нәтижеciнде елдегі адам өмiрi мен денcаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттiң мiндетi ретiнде бекiтiледі. Сонымен бірге, Қоршаған ортаны қорғау заңының негiзгi принциптерi – адамның өмiрi мен денcаулығын қорғау, еңбегi мен демалыcы үшiн қоршаған ортаның қолайлы болуын cақтау және қалпына келтiру жайы айтылады. Алайда бұл заң талаптары қаншалықты пәрменді екені кей жағдайларда көңілге күмән ұялатады. Өйткені ауа мен суды ластап отырған өндірістік қалдықтар мәселесі әлі де кес-кестеп алдымызды орағытып жүр.
Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі ең лас қалалар мен экологиялық апатты аймақтар көшін Алматы мен Өскемен шаһарлары бастап тұр. Кейінгі жылдарда қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластайтын кәсіпорындардың «қара тізімі» де жасалды. Мәселен, Батыс Қазақстандағы мұнай-газ, конденсат кен орындары, Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинаты мен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл облысындағы суперфосфат және Жамбыл фосфор зауыттары, Балқаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминий зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары мен химия зауыты, Екібастұз энергетикалық кешені, Қарағанды металлургия зауыты, «Фосфор» Шымкент өндірістік бірлестігі және Шымкент қорғасын зауыты экологияға залал келтіріп отырғаны жасырын емес.
Мамандардың айтуынша, мұның қазіргі табиғатқа тигізіп отырған залалдары орасан зор. Алайда егер оның экологияға келтіретін залалын азайтуға құлықты болса, жақсартуға болады және осынау өндіріс ошақтарының есебінен экологияны сақтауға арнайы міндеттемелер жүктелуі тиіс, дейді.
Климаттың өзгеруі
Елімізде экологиялық жағдайдың тым мәз емес екені айдан-анық. Жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қатысты заң талаптарының бұғанасы әлі беки қойған жоқ. Оның да солқылдақтау тұстары баршылық. Ақбөкендердің айналасындағы ала-шапқын айқай-шу, қызғалдақ гүлі мен мия тамырына қатысты дау-дамай да – осы сөзіміздің дәлелі. Ал бұдан кейін тіршіліктің көзі – су тапшылығы, құрғақшылық, өрт қауіпсіздігі, теңіздердің тартылуы, көлдердің сарқылуы, ауаның ластануы, радиациялық лаcтану, қоршаған ортаны былғап жатқан қоқыстар бар. Тізе берсек, «топан су» тізеден асып барады. Алайда біз бүгінгі қоршаған ортаны қорғау күніне орай маңызды екі мәселеге айрықша тоқталмақпыз. Оның ең біріншісі – климаттың өзгеруі мәселесі.
Биыл 26 сәуірде БҰҰ Даму Бағдарламасы біздің Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы бойынша еліміздің осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы таныстырылған еді. Сонда Notre Dame-Global Adaptation (ND-GAIN) индексінің бағалауына сәйкес, 2019 жылы еліміздегі климаттың өзгеруіне бейімделу тиімділігі бойынша 177 елдің ішінен 40-шы орынды иеленгені айтылды. Сонымен бірге 2021 жылы жалпы ұлттық парниктік газ қалдықтары, жерді пайдаланудың өзгеруі мен орман шаруашылығы секторын ескере отырып, 340 837,32 тонна СО2 (338 123,36 тонна СО2 есептемегенде) құраған. Ал базалық 1990 жылға қарағанда тиісінше 10,35% және 12,56%-ға төмендеген көрінеді.
Климаттың өзгеруінің алдын алу мақсатында Қазақстан орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндеттемелер қабылдап, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын және Париж келісімін ратификациялады. Биыл 2060 жылға қарай Көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы, сондай-ақ 2030 жылға дейін Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған салым қабылданды.
Тұжырымдамада климаттың өзгеруі – экономикаға тәуелді секторларына әсері, елдегі газ қалдықтарын азайту үшін ұсынылған саяси қадамдар туралы барлық деректер қамтылып, жүйеленген екен.
– Сегізінші тұжырымдаманы дайындау бойынша климатқа қатысты деректерді жинау, елдің сараптамалық әлеуетін қолдау және келіссөздер жүргізу маңызды қадам болды, – дейді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Энергетика және қоршаған орта департаментінің басшысы Құмар Қылышев.
Құжатты Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің, «Жасыл даму» АҚ, «Қазгидромет» РМК, «Астана» ғылыми орталығының, Nazarbayev University, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сарапшылары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар дайындап шыққан.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы 1994 жылғы 21 наурызда күшіне енгенін айта кетейік. Бүгінде ол – өзінің қамтуы бойынша іс жүзінде әмбебап халықаралық-құқықтық құрал. Оны ратификациялаған 197 елде, оның ішінде біздің елімізде бұл Конвенция Тараптары деп аталады. Оның негізгі мақсаты – Жердің климаттық жүйесіне қауіпті антропогендік әсердің алдын алу болып отыр.
– Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар бойынша жұмыс басталды. 2030 жылға қарай қалдықтарды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға және қосымша халықаралық қолдаумен 25%-ға қысқартуды көздейді. Жаңартылған деңгейде айқындалған салымдар парниктік газ қалдықтарын азайту мақсатында климаттың өзгеруіне бейімделудің өте маңызды мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі шеңберінде біз климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ең осал төрт секторда – су ресурстары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және апаттар қаупін азайту секторларында іске асыруға кірістік, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов.
Министрліктің сөзіне сенсек «кірістік» деп отыр. Алайда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «шырылы» – басқа шырыл.
– Климаттың жылдам өзгеруі қауіпті жағдайды алдын алуға мүмкіндіктерді азайтып отыр. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап қалу үшін бірінші кезекте «үлкен жиырмалық» елдеріне маңызды шешімдер қабылдау керек, деп Бас хатшы жаһанға жария салды.
БҰҰ сайтының жазуынша, адамдардың амандығы табиғат қорларына, суға және құнарлы жерлерге байланысты кезде климаттық өзгерістер салдарынан бұл қорлардың азаюы шиеленіске әкелуі мүмкін. Мысалы, Сомалиде құрғақшылық пен су тасқыны салдарынан адамдар егінсіз қалып отыр. Бұл жағдай азық-түлік үшін бәсекелестіктің тууына әкелді. Осыған байланысты Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап қалуға шақырды.
Ғаламдық климатты қалай сақтап қаламыз, табиғат тепе-теңдігін қалай ұстап тұруға болады деп жалғыз Бас хатшы бас қатыратын жұмыс емес. Біздің экоминистрлік тарапынан да табысты жұмыстар жалғасын тапса игі еді...
Тіршіліктің тірегі
Экологияға қатысты енді бір ауқымды проблема – Арал тағдыры. Тіршіліктің бір тірегі – су екенін түсіну үшін Аристотель болудың қажеті жоқ. Тартылған теңіздердің мысалын алыстан іздемей-ақ, кешегі Кеңес Одағы кезінде Әмудария мен Сырдария суларын қалай болса солай орынсыз пайдаланып, ысырап еткенінің салдарынан тартыла бастаған Арал теңізінің тағдырын айтсақ та жеткілікті. Кезінде бұл жағдай кері әсерін тигізгені елдің есінде. Соңғы жылдары мемлекеттің және әлемдік қоғамдастықтың назар аударып, теңізді қалпына келтірудің кешенді шараларын жүргізе бастағаннан кейін Кіші Арал пайда болды. Онда балық өсіріліп, төңірегіндегі халықтың тыныс-тіршілігі де түзеле бастағаны қуантты. Жыл өткен сайын теңіз көлемі де ұлғайып, экологиялық жағдайы қалыпқа келіп жатыр деп естиміз.
– Адамға қажетті ауа мен судың тазалығы табиғаттың тепе-теңдігіне, экологиялық жағдайдың тұрақтылығына тікелей тәуелді. Негізінен қоршаған ортада табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын жануарлар мен өсімдіктер дүниесі. Зер салып қарасақ, табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің табиғат тепе-теңдігін сақтауда алатын өзіндік орны бар. Өзен мен көл, теңіз де солай. Біздің табиғат аясындағы аңдар мен құстарды, теңіздегі балықтарды қорғауымыздың басты себебі, міне, осында. Айталық, құстар жойылып кететін болса, онда орман, тоғайды ұсақ зиянкестер мен құрт-құмырысқа басып кетіп, орманға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сол секілді өзен, көл орынсыз пайдаланудың әсерінен тартылып, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп соғады. Соның салдарынан төңірегінде құрғақшылық пайда болады, дейді эколог маман Қанат Қалмырзаев.
Теңіздің экологиялық жағдайын қалыпты сақтауға қатысты сөз болғанда, Каспий теңізін айтпай кетуге болмайды. Каспий – баға жетпес байлығымыздың бірі. Оның табанынан мұнай-газ өндіріліп жатыр. Алайда теңіз су жолы арқылы ерсілі-қарсылы жүк кемелері қатынап, небір тауардың түрін тасиды. Олардың жанар-жағар май мен мұнай, өндірістік қалдықтарды теңізге төкпеуін кім қадағалайды? Өйткені теңізде де табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрған тіршілік иелері көп. Оларды адам қолымен жасалатын әртүрлі оспадар әрекеттің салдарынан орынсыз қырылып қалуына жол бермеуді қатаң қадағалау қажет-ақ. Өйткені онда аса бағалы балықтар мен теңіз маржандары тіршілік етеді.
Мамандардың айтуынша, табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай сақтасақ, экологиялық жағдайды қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік болады. Қалыпты экологиялық жағдай дегеніміз ауаның ластанбауы, судың тазалығы, қоршаған ортаның өмір сүруге қолайлы болуы, соның ішінде табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтай білу. Ең маңыздысы – табиғи ресурстарымызды ретімен пайдаланып, сақтай білу.