Теңіздің бұл тосын мінезі Ақтау қаласындағы жұртшылықтың назарын аударды. Өйткені әрі ауыз су ретінде тұтынып, әрі табиғи демалыс орны ретінде пайдаланатын Каспийдің экологиясы Маңғыстау халқы үшін аса маңызды. Мәселеге мән берген өңірдегі Экология департаменті өкілдері көп ұзамай «теңіз суының қараюына шіріген балдырлардың ыдырауы, сондай-ақ судың таязданып тұрып қалуы сияқты ұзақ мерзімді табиғи құбылыстың салдарынан теңіз түбіндегі лайдың шығуы себеп болуы мүмкін» деген пікір білдірді және департамент тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдағанын хабарлады.
Сонымен қатар «әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг аясында 31 мамырда Ақтау қаласының 1-шағынауданындағы жағажай суының ластанғаны туралы анықталған мәліметке сәйкес тексеру барысында Экология департаментінің мамандары оған маңайындағы заңсыз салынған пирстер себеп болғанын анықтады» деген мәлімдеме берген құзырлы мекеме.
Олардың айтуынша, Ақтау қаласы әкімдігі бұл заңсыз бұзу әрекеттері бойынша былтырдан бері шара қабылдап келеді және биыл 19 мамырда пирсті бұзу аяқталған. Қазір судың табиғи жаңару үрдісі жүріп жатыр екен. Жағажайдың бұл тұсы 2021 жылғы 29 қазанынан бастап «Mangystau project» ЖШС басқаруына берілген. Енді келісімшартқа сәйкес, жақын арада кәсіпкер жағалау аймағын тазарту шараларын қолға алмақ, яғни бұзылған пирс орнын тазартып, жағалау аймағын дезинфекциялау жұмыстары жүргізілмек.
Артынша жергілікті Экология департаменті жолдаған хат негізінде мәселеге құзырлы министрлік үн қатты. «Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің мамандары жағдайдың себебін анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді. Сараптау барысында теңіздің қара түске боялуының себебі шіріген теңіз өсімдіктері ыдырауынан және теңіз түбіндегі көпжылдық табиғи құбылыстарға байланысты тұнбаның жиналуынан екендігі анықталды. Алаңдауға еш негіз жоқ», дей келе, жағалауды лай мен өзге де ластанудан тазарту үшін қажетті шаралар атқарылып жатқаны туралы ақпаратты жолдады.
Маңғыстау облысы