Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың пікірінше, ұлттық орталық киноны қолдап емес, қорлап отыр. Өйткені «Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты комиссияның жетекшілігіндегі орталық қазақ тіліндегі фильм жобаларға дискриминация жасап, ережесіз талап-шарттармен 153 өтінімді негізсіз өткізбей қойған». Кейін тіпті ұлттық киноны қолдау үшін жарияланған байқаудың қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеп, митингке шыққан кино қайраткерлері екі күнге созылған түнгі сотқа да тартылды. Бірқатар актер мен режиссер түнгі 12-де өткен сот шешімімен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігімен (санкцияланбаған жиынға қатысу) кінәлі деп танылып, айыппұл да арқалады. Мұны естіген қоғам белсенділері «Кеше қазақ киносы сотталды» деп кейіді.
Бірақ біздің айтпағымыз бұл мәселе емес... Осы дау-дамайлардан кейін әлеуметтік желілерде митингке шыққан қазақ тілді киногерлерді ит пен қой кейпінде бейнелеген арандатушылық сурет жарияланды. Сорақысы сол, қазақ режиссерлерін кемсітіп, қорлаған бұл суретті жоғарыдағы даудың шығуына түрткі болып отырған «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» білдей бір қаржы директоры Виктория Чернова Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында жариялаған. Сурет негізіне Шон есімді қозы көшбасшы мен қойлардың өмірі туралы анимациялық сериясының бір бейнесі алынған. Нақтырақ айтсақ, мультфильмдегі Шон мен оның досы ағылшын овчаркасы Битцер екеуі құшақтасып тұр. Артында – бір қора қой. «Алматы» қонақүйінің алдында тұрған «қойлардың» қолындағы үлкен плакатта «Құрметті Президент. Біз жай ғана көп ақша алғымыз келеді» деп жазылған. Ал суреттің астына қаржы директоры «Кинематографистердің бүгінгі митингісінен алғашқы репортаж кадрлар пайда бола бастады. Мықты фото» деген жазба қалдырыпты. Кейіннен тек қазақ тілді киногерлерді емес, олардың жақтаушыларын малға теңеген мазақтың авторы Иван Ардашов деген суретші екені анықталды.
Желідегі сорақы сурет талайдың намысына тиді, ызасын келтірді. Бірі «Ұлттық киноның тағдырын шешетін жауапты мемлекеттік мекеменің бүгінгі кейпі осы» десе, енді бірі «Қазақ киносын қоңыздар мен доңыздар билеген заман» деген ашуын ашық жеткізді. Ал үшінші топ қазақ ұлтын малға теңеп кемсіткені, ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тарту мәселесін көтерді. Олар «суретті салғандар да, жариялағандар да жазасыз қалмасын, осы өрескел әрекеті үшін қазақ киногерлерінің алдында ресми түрде кешірім сұрасын» деген талап қойып отыр.
Ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік тілді менсінбей, мазақ ету оқиғалары аз емес. Тек сол мазағы үлкен дауға айналып, қалың жұрт бір теңселгенде «ресми кешірім» сұрап құтылады. Жазаға тартылып, айыппұл арқалап жатқандары шамалы. Кейде осындай сорақылыққа мән бермей отыратын құзырлы органдарға ашуланады халық. Әйтпесе, расымен де, әлгіндегіндей суреттер киноны былай қойғанда, ұлтты қорлау, мазақ ету емес пе? Сонда мемлекет құрушы ұлттың өкілдерін мал санаған, оны жалпақ жұртқа жариялап отырған «ұлттық орталықтың» өкілдері кімнің жоғын жоқтап, жыртығына жамау болып отыр?
Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабына сәйкес әлеуметтік желі арқылы ұлттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн мазақ еткендерге тағылатын айып – екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру. Ал осындай сорақылықты «Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасаса», белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айырылады немесе бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге қамалады.
Бірақ... «Қойдан» туындаған осы сөзіміз өзгелерге ой салса, кәне?