Оқиға • 04 Маусым, 2023

Туристерді түңілткен такси жүргізушілері

1603 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласының туризм жөніндегі кеңес отырысында бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, халықаралық әуежай аумағындағы такси жүргізушілердің шетел азаматтарына қатысты оспадар әрекеті кезекті рет талқыланды.

Туристерді түңілткен такси жүргізушілері

Жақында шетелдіктерден 800 доллар алған такси жүргізушісі ұсталған еді. Бір өкініштісі, ақшаға құныққан бұл азамат осының алдында да дәл осындай әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылған екен. Туризм саласындағы кәсіпкерлер шетелдік қонақтарды алдап, тиісті жеріне апарғаны үшін қомақты ақша талап етуге қатысты 4-5 оқиғаның өзі қаланың имиджіне орасан зияны тиетінін білуі қажет деген пікірде.

«Мұндай жағдайлар аса маңызды болып көрінбеуі де мүмкін. Алайда теріс ақпараттың тез таралу заң­дылығын ұққан жөн. Сіз жүз ағаш еге аласыз, бірақ бұл туралы еш­кім білмеуі мүмкін, егер бір ағашты заң­сыз кесіп тастасаңыз, бұл туралы бүкіл әлем біледі. Туризмдегі жағдай да осындай», дейді кәсіпкер Ринат Қадыров.

Алматы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәйімбетов биыл Қазақ­стан мен Қытай екі елдің мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап 30 күнге өзара визасыз режім енгізіп жатқанын еске сала отырып: «Алматы үшін туризм дамудың, табыстың негізгі көзі бола алатын саланың қатарында. Биыл туристердің өте үлкен легін күтіп отырмыз. Бірінші қажеттілік – 2023 жылғы маусымға туристерді ақпараттандыруға дайындалу. Мүмкіндігінше туристер легін шектейтін барлық кедергіні алып тастау қажет. Әуежай аумағындағы тәртіп мәселесі көлік жөніндегі кеңес­те шешіледі», деп уәде берді.

Оған қоса Үкімет, «Қазақ туризм», Мәдениет және спорт минис­трлігі сынды туризм басқармасының салалық және қалалық мекемелері тарапынан елдің оң имиджін қалып­тастыруға, шетел азаматтары үшін тартымдылықты арттыруға қомақ­ты қаражат жұмсалып жатқаны баршамызға аян. Туристік нарық кейде туристерге әділетсіз қараудың, қарақшылық жасаудың бір-екі фактісін байқаса, соның өзін жеткілікті деп санайды. Осының өзі елдің оң имиджіне жұмсалған ондаған және жүздеген мил­­лион қаражат желге ұшты деген сөз.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер бұл мәселені негізгі үш топқа бөлді. Біріншіден, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аймағын анықтап алу қажет. Екіншіден, туристерді қар­сы алу үшін 2023 жылға арналған ағым­дағы дайындық. Үшінші мәселе – осы түйткілді жүйелі түрде шешу.

«Біз 2018 жылы жауапкершілік аймағын анықтау мәселесін талқыла­ғанбыз. Содан кейін біз әуежай аума­­ғын­дағы автотұрақтарға, такси жүр­гі­зушілерінің жұмысына, жеке жүк тасымалына, тасымалдауды ұйым­­­дастыруға кім жауапты екенін анық­тай алмадық. Бұл мәселелер халық­­аралық әуежай басшылығына да, желілік полицияның аудандық бө­ліміне де жолданған. Яғни сұрау өзара әрекеттесудің қандай логикасы бар екенін, кім жауапты, кімге жүгіну керек екенін түсіну мақса­тында жіберілді. Онда алаяқтық фак­тілерімен қалай жұмыс істеу керегі жайында қосымша әрекеттермен ақпарат­тық анықтама алу, әрекет ету алгоритмі қандай болатыны туралы да бар», дейді Ринат Қадыров.

Ал Алматы қаласы әуежайы әкім­шілік полициясының бастығы Шух­рат Қадыров бүгінгі таңда қонақ­тарды қабылдауға толық дайын­дық жүріп жатқанын мәлімдеп, әуе айла­ғында қауіпсіздікті қамтамасыз ету­дегі қызметі үшін Алматы қала­сы полиция департаментінің қызмет­керле­ріне алғысын білдірді. Кеңесте ол полиция, прокуратураның бірлескен жұмысының барысына да тоқталды.

Спикердің айтуынша, полиция азаматтардан, шетелдік қонақтардан арыз, шағым түспеген жағ­дайда алаяқ­тық танытқан такси жүр­гізу­шілерін жауап­қа тарта алмайды. Егер өтініш түссе, бірінші айыппұл салы­нады немесе ескерту жасалады. Ал Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы Қазақстан заң­намасы саласындағы кейбір мәселеге түсінік­теме бере отырып, Қылмыстық кодекс­тің 190-бабы бойынша жеке тасымалдау­шылар қылмыстық жауап­кершілікке тартылмайтынын айтты.

 

АЛМАТЫ