Мереке • 04 Маусым, 2023

Халыққа рух беретін рәміздер

1636 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әйтеке бидің: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана өзімдікі», деген сөзі бар. Елге, халыққа, мемлекетке қызмет етудің не екенін ақылман бабамыз осы бір-ақ ауыз сөздің ішіне сыйғыза білген. Ал мемлекет құру үшін оның аумағы және заңдарымен қоса, оның мемлекеттік рәміздері болуға тиіс. Туған елін, оның аумағын, заңдарын, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және қорғау – әрбір азаматтың парызы.

Халыққа рух беретін рәміздер

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Биыл тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 31 жыл толды. Тарихи тұрғыдан бұл қас-қағым сәт болып көрінгенімен, жас мемлекет үшін еңсерілген үлкен белес. Өйткені еліміздегі 35 жасқа дейінгі 6 миллион азамат, яғни халықтың үштен бірі осы тәуелсіз елдің аспаны астында, жаңа заманда өмір кешіп жатыр. Олар бұрынғы бодандық заманды, кеңестік дәуірді көрген емес. Олар тек «Қазақстан Республикасы» деген тәуелсіз, егемен, азат елді ғана біледі. Еліміздің ертеңі Көк тудың аясында ер жеткен осы жаңа дәуір өрендерінің қолында.

Қазақ елінің қасиетті нышандарында халқымыздың мың жылдық мақсат-мүддесі тоғысып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада айтқан болатын.

«Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту – халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», деді Президент.

Иә, біз бүгінде бабаларымыз ғасыр­лар бойы армандап өткен тәуелсіз елде, тыныштық заманда өмір кешіп жатырмыз. Дегенмен осы азат елдің қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз? Елімізді әлемге әйгілеген айбарлы да айшықты рәміз­дерін қалай дәріптеп жатырмыз? Осы тұр­ғыда біз рәміздерімізге қатысты екі келеңсіз жайтты айта кетуді жөн санадық.

Жуырда жастар қауымынан «Мем­лекеттік рәміздерді білесің бе?» деп сұрап көрген едік. Өкінішке қарай, көпшілігі олардың толық тізімін атай алмайтын болып шықты. Тіпті «рәміз» дегеннің не екенін де білмейтіндер бар екен. Олардың ұзын саны көп те емес, бар-жоғы үшеу: Ту, Елтаңба, Әнұран. Сонда біз қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз? Әлде мектепте рәміздерді оқыту жағы кемшін бе? Әнұран ойнағанда орнынан тұрып, қолын жүрек тұсына қоюды білмейтін әріптестеріміздің барын көргенде мектеп кезінен отаншылдыққа тәрбиелеу ісі ақсап жатыр ма деген ойға қалғаны­мыз рас. Бір сөзбен айтқанда, патриотизмді қалыптастыру үшін әлі де көп еңбектену қажет-ақ...

Екінші мәселе – осыдан бірнеше жыл бұрын үйінің балконына туды ілгені үшін айыппұл салған келеңсіз жағдай тіркелгені белгілі. Әрине, ол адам туды перде ретінде емес, патриоттық сезімін білдіру мақсатында ілген болатын. Осы оқиғадан кейін мемлекеттік рәміздерді қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілгені белгілі.

Осы орайда елдің тәуелсіздігі мен егемендігін бейнелейтін негізгі атрибуттарын қандай жерде және қандай жағдайда қолдануға болады деген сұрақтарға заң аясында жауап іздеп көрсек. Көп адамдар оларды қолдан жасауға, кез келген жерге орната салуға болады деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры Асылбек Баяжұма айтқандай, елімізде рәміздерді жасауға қатысты лицензиялар мен техникалық реттеу туралы, сонымен қатар оларды қолдану мен пайдалану туралы ұлттық стандарттар бекітілген.

Мемлекеттік рәміздерді жасау – лицензияланатын қызмет, өйткені бұл өте жауапты жұмыс және мемлекет тарапынан бақыланады. Қазіргі таңда Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті 64 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік рәміздерді дайындауға лицензия берген.

Мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты негізгі ережелерді еліміздің әрбір азаматы білуге тиіс. Біріншіден, кез келген адам Мемлекеттік туды өзінің тұрғын үйінің төбесіне және балко­нына өз патриоттық сезімін білдіру мақсатында ілуіне рұқсат. Өйткені «Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік Туын, Мемлекеттік Елтаң­ба­сын және олардың бейнелерін, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары» 2-тарауының 4-тармағында: «Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азамат­тарының жетістіктерін қолдау мақ­сатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін» деп анық жазылған.

Екіншіден, Мемлекетті туды жеке азаматтар өзінің автокөліктерінде алып жүруіне немесе кішкене жалаушаларды тағып жүруіне болады. Ал Елтаңбаны жеке үйде, автокөлікте пайдалануға тыйым салынады. Ең бастысы, мемлекеттің басты құндылықтары – Отанымыз­дың айшығы болғандықтан әрбір азамат рәміздерді пайдаланар кезінде оның ережелерінің қатаң сақталуын қадағалауға тиіс.

Тағы бір айта кетер жайт, 2018 жылы мемлекеттік рәміздер туралы ұлттық стандартқа Елтаңбадағы еліміздің атын латын графикасымен «Qazaqstan» деп жазуға қатысты өзгеріс енгізілген болатын. Бұдан былай кириллицамен жазылған Елтаңбаны пайдалануға болмайды. 

Мемлекеттік туды және басқа рәміз­дерді қорлаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс талаптары бойынша жауапкершілік көзделгенін айта кету керек. Нақтырақ айтсақ, оларды заңсыз қолданғаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер азамат ашық қорлайтын болса, 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.